Қытай қазіргі геосаяси тұрақсыздық кезінде Қазақстанмен қарым-қатынасын одан әрі тереңдетуді қалайды. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Сианьға сапармен келген Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевқа осындай ниетін білдірді.
Қытай алғаш рет Орталық Азия көшбасшыларының саммитін өткізді. Қытайдың солтүстік-батысындағы Сиань қаласына энергетика мен ауылшаруашылық ресурстарына бай ел, байтақ даласы бар қазақ мемлекетінің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдерінің бес көшбасшысы арасынан бірінші болып саммитке келді.
«Сіздің Қытайға мемлекеттік сапарыңыз екі ел арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейін көрсетеді және Қытаймен мызғымас байланысты тағы бір рет растайды», деді Қытай Төрағасы әріптесіне.
Ал Қ.Тоқаев Си Цзиньпинге екіжақты сауда айналымы 2022 жылы 31 миллиард доллардан асқанын, 2030 жылға қарай оны 40 миллиард долларға арттыруды көздейтінін жеткізді. «Қазақстан Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын кеңейтуге мүдделі. Біз бұршақ дақылдарын, жоғары сапалы және экологиялық таза мұздатылған сиыр мен қой етін жеткізуге дайынбыз», деді Қ.Тоқаев.
«Мықты достық»
Қытай Төрағасы Си Цзиньпин Орталық Азияны дамыту жоспарларымен таныстырды. Ол Сианьдағы саммитте Орталық Азияның бес мемлекетінің басшыларымен кездесіп, сауда мен энергетиканы дамытуға шақырды.
«Әл-Жазира» телеарнасының тілшісі Джессика Вашингтонның айтуынша, Си Цзиньпин Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қытай мен Қазақстан «мықты дос» екенін айтқан.
Қазақстан – Қытай үшін сенімді әрі стратегиялық серіктес. Екі ел арасындағы сауда-саттық, инвестиция, экспорт көлемі жыл сайын артып келеді.
Си Цзиньпин Қазақстаннан басқа мемлекет басшыларына олардың даму жолдары тәуелсіз таңдалатынын, құрметтелетінін және олардың егемендігі, қауіпсіздігі, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы қорғалатынын айтты.
«Алтын онжылдық»
Қытай Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты екі ел қарым-қатынасының алдағы үш алтын онжылдығымен құттықтап, ортақ даму жолындағы ынтымақтастықты кеңейтуге уәде берді. Сондай-ақ ол Қазақстанның сенімді дос, бауыр және серіктес екенін айтты.
Қытай мен Қазақстан қарым-қатынасы үшінші алтын онжылдыққа аяқ басты. Мәселен, «Бір белдеу – бір жол» (BRI) бастамасы 10 жыл бұрын іске асырылғалы екі ел халқына пайда әкеліп, ортақ дамуға ықпал ететін ондаған ірі ынтымақтастық жобаларын сәтті жүзеге асырды. Ол екіжақты экономика және сауда, инвестиция, ауыл шаруашылығы және энергетика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, байланысты тереңдетуге, электронды сауда, инновация және үлкен деректер сияқты жаңа салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етті.
Кездесу кезінде Си Цзиньпин өзара мәдени орталықтар құру, Лубань шеберханасын ашу, визадан босату туралы келісімге қол қоюды мәдени және жеке тұлғалар арасындағы ынтымақтастықты нығайту мүмкіндігі ретінде қабылдауға шақырды. Ал Қ.Тоқаев Си Цзиньпиннің Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы туралы пікірімен және екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту жөніндегі ұсыныстарымен келісетінін айтты.