• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Мамыр, 2023

Ақтөбе облысында 1500 адам ауыз суға зәру

420 рет
көрсетілді

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы Жаныс би және Шеңбертал ауылдарында 1500-ге жуық адам тұрады. Бүгінде олардың барлығы құдықтың суын ішіп отыр. Ал судың сапасы мен санитарлық жағдайы көңіл көншітпейді. Оның үстіне, құдықтың суы ауық-ауық тартылып кетеді. Мәселенің мән-жайы «AMANAT» Партиялық бақылау комитетінде талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Көлсай Строй» ЖШС ұзындығы 42,3 км болатын су құбырын салуы керек еді. Алайда құбыр пайдалануға қабылданбады. Себебі оны салу кезінде құрылыс талаптары бұзылған.

«Су келеді деп үміттенген көптеген тұрғын өз учаскесіне құбыр жүргізіп, қажетті құрал-жабдықтар сатып алған, тіпті сол керек-жарақ заттарды алу үшін қарызға да батты. Алайда қазіргі уақытта нақты мердігердің болмауына және көптеген кемшіліктердің орын алуына байланысты су құбырын пайдалануға беру мүмкін емес. Шеңберталдағы су сорғы стансасы – осы ауылда алғаш рет салынған нысан. Жұмысына жүрдім-бардым қарайтын шенеуніктер тұрғызған су мұнарасы бүгінде сыбайлас жемқорлықтың символына айналды», деді партиялық бақылау инспекторы Айжан Ысқақова.

Бұған жауап ретінде Экология министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан Алдамжаров «Көлсай Стройға» қатысты сотқа талап арыз жолданғанын хабарлады.

«Айта кету керек, 2022 жылы су құбыры сынақ режимінде қосылды. 1 сәуірден бастап электр энергиясының берешегіне байланысты су беруді тоқтатты. «Көлсай Строй» екі айдың ішінде барлық кемшілік жойылады деп сендіріп отыр. Қыркүйек айына дейін толық пайдалануға беріп, облыстық коммуналдық меншікке өткіземіз. Біздің комитет бүкіл республика бойынша осындай нысандардың тапсырыс берушісі болып табылады, сондықтан да барлық жердегі құрылыс жұмыстарын қадағалап үлгермейміз. Бізде осы жұмыспен айналысатын тек 4 маман бар», деді ол.

Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов тапсырыс берушінің атқаратын қызметі Су ресурстары комитетіне тән емес екенін алға тартты. Өйткені олар Астанада отырып құрылыс сапасын бақылай алмайды. Сондықтан ол қолданыстағы жұмыс тәртібін қайта қарауды ұсынды.