Сондықтан қандастардың “Не істеу керек?” деген сауалға жауап іздеуі – уақыт талабы
Қалай десек те, Ресей жері кең байтақ. Челябі қаласына қазақтар елдің жиырмадан аса аймағынан жиналды. Олардың бірі сегіз сағат аспанда қалықтап ұшып Саха жерінен, бірі бірер түнін жолда қонып Омбыдан, одан әрі Түменнен, Алтай өлкесінен, Томнан, Новосібірден, елдің тағы бір шалғайы Самара мен Волга бойынан, Орынбор мен Мәскеуден келіп жетті. Жылқымінез қазағым-ай, құлындай шұрқырасып, табысып жатыр. Жиналғандардың барлығы да іскер адамдар, уақыттың нарқын білетін жандар. Сондықтан Ресей қазақтарының басқосуын ұйымдастырған Челябі облыстық “Азамат” қазақ қоғамдық орталығы бұл шараның басталуын да ертелетті. Алдымен форум аясында “Ресей Федерациясы аймақтық билік органдары мен қазақ ұлттық-мәдени қоғамдық ұйымдарының өзара қарым-қатынасын дамытудың біріккен іс қимылы мен перспективалары. Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы аймақтарының шекаралық ынтымақты істерге Ресей қазақ қоғамдық ұйымдарының нақты қатысуы. Мәдениет, білім және бизнес салаларындағы ынтымақтастық” деген тақырыптарды қамтыған ғылыми-практикалық конференция болды.
Онда алдымен шекара маңындағы аймақтарда тұратын қазақ жастарына жоғары білім беру мәселесі әңгіме болды. Бұл жөнінде Ресей қазақтарының федералдық ұлттық-мәдени автономиясының атқарушы директоры Мұқат Төлепов Самара облысының мысалында баяндап берді. Самара – Ресейдің өнеркәсіпті, экономикасы да, әлеуметтік қарымы да жоғары орталықтарының бірі. Сонымен қатар елдің аэрокосмосты дамыту орталығы да Самара болып саналады. Қазақстанмен байланыс жасау қай тұрғыдан алғанда да екі жаққа тиімді. Мысалы, аэрокосмос саласында Қазақстанға білікті мамандар керек. Шекаралас Батыс Қазақстан облысындағы Жәңгір хан атымен аталатын агротехникалық университетпен бірігіп, Самарадағы аэрокосмос университетінің Орал қаласында филиалын ашу жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы қатар жатқан екі облыс арасындағы экономикалық-мәдени байланыстар Самарадағы қазақ жастарының Орал қаласындағы жоғары орындарында білім алуына мүмкіндік туғызған. Осы облыстағы қазақ жастарының мектептен кейін 70 пайызы жоғары оқу орындарына түседі екен. Алайда бұл тек Самара облысындағы ғана жақсы істер. Ал Ресейдің әр шалғайындағы жағдай әртүрлі. Мысалы, Ресейдегі білім саласының 15,2 пайызы жоғары кәсіптік білім. Бұл көрсеткіш қазақтар арасында екі есеге төмен, Челябі облысында 6,7 пайызды, Омбыда 4,6 пайызды, Волгоградта 4 пайыз шамасын құрайды. Ал Ресейде қазақтар негізінен селолық жерлерде тұрады.
Конференцияда сөз сөйлеген Челябі облысы Білім министрлігінің жоғары оқу орындары мен ғылым бөлімінің бастығы Анна Лымарь Оңтүстік Урал орталығында Қазақстаннан 2500 студенттің университеттер мен институттарда, академияларда оқитынын айтты. Залдан түскен “осы 2500 студенттің қаншасы қазақ ұлтынан?” деген сауалға жауап беруге социология ғылымдарының кандидаты Анна Николаевна дайын емес екен. Ол “оның барлығы да қазақ болуы тиіс” деп сырғытпа жауап қайтарды. Әдетте, Челябідегі жоғары оқу орындарында негізінен Қазақстанның шекаралас облыстарының балалары оқиды. Олардың барлығы демесек те, басым көпшілігі орыс, украин және басқа ұлттар екені айдан анық. Ал сол қазақстандық 2500 студенттің қаншасы ертең маман болып Қазақстанға оралатынын Құдай білсін...
Саратов қаласынан келген Владимир Тәшпеков облыстың жері құнарсыз аудандарында негізінен қазақтардың тұратындығын, соған орай тұрмыстарының да ауыр екенін жасырған жоқ. Жоғары білім алған жастар табақтай дипломдарын сандыққа салып қойып, өздері Саратов базарларында арба сүйретіп жүр. Елдің басқа өңірлерінен келген ағайындар Қазақстанда шетелдегі қандастар балалары үшін жоғары оқу орнына бөлінетін квота молырақ болса дегенді айтты. Жылына екі рет кіші құрылтайға жиналған сайын Ресей қазақтары жастардың білім алуы, ана тілі, атамекенмен байланысты жақсарту, бизнесте ынтымақтасу сияқты қадау-қадау мәселелерді қарайды, олардың шешімін іздейді. Жалпақ Ресей ғана емес, жер жүзін бір тарының қауызына сыйғызып қойған қаржы дағдарысының зардаптары, экология сияқты мәселелер көрші елдегі қандастарымызды да толғандырады. Бірақ қазақ үшін ана тілінің маңызы таразыны басып кете береді.Осы конференцияға жиналғандар білімді айтса да, бизнесті айтса да әңгіме түйіні тілге келіп тіреле берді. Түмен облыстық думасында аумақтармен жұмыс жөніндегі бөлімнің кеңесшісі болып қызмет істейтін қандасымыз Кенесары Қойшы сондағы қазақ диаспорасының мәдениеті мен дәстүрі, тілінің сақталуын социологиядан қорғаған ғылыми жұмысына тақырып етіп алыпты. Ол Түменде қазақ тілін үйренуге ағайынның құлқы жоқтығын қинала жеткізді.
– Түмендегі қазақтардың ұлттық-мәдени автономиясы балаларға қазақ тілін үйрететін жексенбілік мектеп ашқан болатын. Қазақтар оған баласын алғашқыда аптасына екі рет 30-40 шақырым жерден тасып жүрді. Оны төрт жыл ғана ұстай алдық, кейін қазақтар қиынсынып балаларын әкелмей қойды. Ал өткен жылы Түмен мемлекеттік университетінде татар тілін үйрететін курс ашылды да, бізге де ана тілін үйретуге қазақ жастарын жинауды ұсынды. Өкінішке қарай, біз жастарды жинай алмадық, ешкімнің ана тілін үйренгісі келмейді. Голышманов ауданында мыңға жуық ағайын тұрады. Осы аудандағы орыс орта мектебінің директоры да қазақ жігіт. Бірақ қазақ тілін оқытуды олар екі жыл ғана жүргізе алды, қазақтар бармай қойды. Ал мен ғылыми жұмыспен айналысқан кезде көптеген сауалдамалар жүргіздім. Ағайындар қазақша сөйлеуге, сауалдарға жауап беруге қымсынады. Соңғы жылдары уақыттың өзгеруіне байланысты аталарымыз ұстап-тұтынған ұлттық заттар да сирексіп барады. Мысалы, киіз үй құруды да білмейді,–деді Кенесары Қойшы.
Енді Ресейдегі 2002 жылғы санақ мәліметімен алғанда, 700 мың қазақтың шақшадай басын шарадай еткен осы қадау-қадау мәселелердің барлығы да Алтай өлкесінің Құлынды ауданындағы кіп-кішкентай Керей селосында жөнімен шешімін тауып жатыр дегенге кім сенеді? Осындағы қазақ орта мектебінің директоры Нұрғайша Бариноваға конференциядағылар түрегеп тұрып қошемет көрсетті. Ол басқаратын Қаракөл орта мектебі Ресейдегі қазақ тілінде білім беретін ерекше білім ұясы. Биыл бұл мектепке 85 жыл толады. Одан Алматының, Астананың орталық алаңдары, негізгі ғимараттары жобасының авторы, атақты архитектор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қалдыбай Монтақаев, белгілі опера әншісі Нұрлыбек Қосбармақов, суретші Мағауия Канленов, ғалым Биғат Тамаева сияқты өрендер ұшыпты.
–Біздің мектеп Ресейдегі өте ерекше және үздік мектептер қатарынан саналады. Біздің оқу көрсеткішіміз жоғары, озық әдістемелер енгізуде де алда келеміз. Мектептің осынша жыл тарихында біздің бір баламыз да жасөспірімдер ісі жөніндегі комиссия назарына іліккен емес. Оның себебі, біздің мектеп ұлттық, халықтық тәрбие берудің үлгісі болып табылады,–деді Нұрғайша Ғайсақызы.–Екіншіден, біз атамекеніміз Қазақстанға маман дайындауда да үлгілі іс атқарып отырмыз деп білемін. Мектеп түлектерінің барлығы да Қазақстан жоғары оқу орындарына түсіп, атамекенде қалады.
Қаракөл қазақ орта мектебі өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Ресей түгіл Қазақстанда қазақ мектептері жабылып жатқанда аман қалған. Керей ауылының адамдары өздері белсенділік танытып, балаларының ана тілінде білім алуын жергілікті биліктен сұраған. Мұнда 130 балаға дейін оқыған. Бүгінде 40 бала ана тілінде білім алуда.
–Біз нанын жеп, суын ішіп отырған Ресейдің мемлекеттік тілі–орыс тіліне де құрметпен қараймыз. Сондықтан балаларға орыс тілін бала бақшадан үйретеміз. Балалар оны білмей қалып жатқан жоқ. Бүкіл телеарналар, газет-журналдар орыс тілінде емес пе?! Біздің балаларымыз Қазақстанға екі тілге судай болып барады, артықшылығы–ана тілін, сол арқылы дәстүрін, дінін, салтын білетіндігі,–деді Ресейдің еңбек сіңірген мұғалімі Нұрғайша Баринова. Оның айтуынша, мектеп ашқысы келетін, балаларға өз ана тілінде білім бергісі келетін қай этносқа да мемлекет тарапынан тұсау жоқ. Мысалы, 80 мың қазағы бар Саратовта татар гимназиясы бар, қазақ мектебі жоқ. Нұрғайшаның сөзін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілі, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлғазира Балтабаева да тірілтті.
–Бауырлар, бүгінде қазақ тілін үйренуге мұғалім жоқ, Қазақстаннан мұғалім алдыра алмаймыз деген сөз ана тілін үйренуді мақсат тұтпағандардың айтар сылтауы ғана. Қазіргі заманғы ақпараттық технология тілді дистанциялық тәсілмен оқып үйренуге мүмкіндік береді. Оған дайын материалдар да жетіп артылады. Одан да ағылшын, неміс, француз тілдерін үйренген сияқты қазақ тіліне кірісуге санамыз әлі дайын емес, құлық жоқ дегенді жасырмаңыздар,–деді Гүлғазира Нұранқызы. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы арнайы Ресей қазақтары үшін қазақ тілін үйренудің компьютерлік бағдарламасын жасап жіберген болатын. Алайда оның пайдаланылуының қай дәрежеде екені бізге беймәлім.
Ана тілі мәселесі – Ресейдің қай шалғайындағы да күрмеулі мәселе. Қай жерде де жастар жағы тілді білмейді.Орта жастағылардың да ойын ана тілінде жеткізе алуы қиындау. Челябідегі екі күндік форумның бастан-аяғына дейін орыс тілінде жүргізілгендігі соның дәлелі. “Түменде қазақтардың тұрмысы жаман емес, бірақ тіл арқылы адам бойына даритын рухани азықтың тапшылығы білінеді. Ұрпақ үшін өмір сүріп отырғандықтан, соның қамын ойлайтын кез келді”, дейді Кенесары Қойшы.
Бұл – шеттегі әр қазақтың көңіліндегі ой. Бірақ оның шешімін табудың жолы қайсы? Не істеу керек? Омбы облысындағы Алтынай Жүнісова жетекшілік ететін “Мөлдір” қазақ мәдени сібірлік орталығы жыл сайын “Әнші балапан” әндер фестивалін, Наурыз, басқа да мерекелерді өткізеді. Сондағысы әйтеуір жастар тілді ұмытпасын деген талпыныс көрінеді. Көптеген жерлерде жексенбілік мектептер, басқосулар ұйымдастырылады. Жылда өтетін Наурыз, Құрбан айт мерекелері көңілге медеу секілді. Ресейдің әр шалғайында бір емес, бірнеше қазақ мәдени-ұлттық қоғамдық ұйымдары құрылған. Қазір 26 аймақта олардың саны 35-ке жетті. Бұл, әрине, ресейлік қандастардың белсенділігін, ұйымшылдығын, іскерлікті де көрсетсе керек. Бірақ шеттегі қазақтар тұрмысындағы ұлттық бояу айшығы барған сайын көмескі тартып бара жатқандығы тағы айқын.
–Тұтас алғанда, Ресей қазақтарының тұрмысы жаман емес. Бізді қинайтын да, “ертеңіміз не болады” деп уайымдататын да тіл мәселесі. Жаңа ғасыр жаңаша ойлауды, жаңа қадамдарды талап етіп отыр. Біз “не істеу керек?” деген ойдың жетегіндеміз,–дейді Ресей қазақтарының федералдық ұлттық-мәдени автономиясының президенті Тоқтарбай Дусенбаев.
1991 мен 2008 жыл аралығында Ресейден Қазақстанға 31 мың қазақ қоныс аударыпты. Қазір тарихи Отанға бастаған көш те саябыр. Ата-баба зираты жатқан жерді қимайды, ең бастысы өзінің орнығып қалған жылы орнын суытып көшкенде атамекенде жағдайым қалай болады дегенді де жасырмайды. Сонымен қатар, жастардың Қазақстанда білім алуға, жалпы атамекенге келуге қазақ тілін білмеген соң жүрексінетіні де белгілі жәйт.
Былтырдан бастап Қазақстанда жүзеге асып жатқан “Нұрлы көш” бағдарламасынан Челябіге келген қандастарымыз хабарсыз болып шықты. Ал әлгіндей қазақ мәдени-ұлттық қоғамдық ұйымдарының жұмысы Наурыз өткізу, салт-дәстүрді насихаттаудан әрі аспайды. Қазақстаннан кітап, мерзімді басылымдарды ресейлік бауырлар ала алмайды. Конференцияда Ресей қазақтарының федералдық ұлттық-мәдени автономиясының президенті Тоқтарбай Дусенбаев елдің бір облыс, өлкесінде саны бірнешеге жеткен қазақ мәдени-ұлттық қоғамдық ұйымдарын басқаруға лайықтап, оларды біріктіріп, жетекшілерін сайлауды ұсынды. Айтпақшы, қазақтардың федералдық ұлттық-мәдени автономиясы Ресей билігімен федералдық деңгейде сұхбаттасып, Аймақтарды дамыту министрлігінен сайт және “Ресей қазақтары” газетін шығаруға қаржылай қолдау алды. Бұл үлкен жетістік екенін айтты ол.
Ғылыми-практикалық конференциясы тұжырымдағандай, қазақтардың федералдық ұлттық-мәдени автономиясы Челябі облысы оқу орындарында оқушылардың ұлттық құрамын негізге ала отырып, қазақ тілін оқу жоспарына енгізуге ұсыныс дайындайтын болды. Қазақтар тұтас отырған елді мекендердегі кітапханаларға қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын, мерзімді басылымдарды алдырту мүмкіндігі қарастырылмақ, сонымен қатар, Қазақстанда жазғы каникул кездерінде қазақ тілін оқытатын мамандар мен селолық мәдениет қызметкерлерінің 1-2 айлық біліктілікті көтеру курстарын ұйымдастыру да нәтиже берер іс екендігі айтылды. Сондай-ақ, Астанада өтетін Дүниежүзі қазақтарының ІV құрылтайына Ресейден 65 адам қатысады, оның ішінде футбол командасы Орынборда жабдықталатын болды.
Ресей қазақтары басқосуының екінші күні “Қазақ мәдениетінің күндері” фестиваліне ұласты. Онда Челябі облысының Ноғайбақ, Жоғары Урал, Қарталы, Троицк, Чесмен, тағы басқа аудандарының өнерпаздары, қазақ ұлттық-мәдени қоғамдық ұйымдары мүшелері халқымыздың дәстүр-салтын, ұлттық тағамдарын көрсетті. Көрермендер жергілікті жас өнерпаздар шырқаған қазақ әндері және билерін тамашалады. Фестивальде жыл бойы мектеп оқушылары арасында өткізілген “Ресей мен Қазақстан” атты шығарма жазу байқауының жүлдегерлері марапатталды. Осыдан екі жыл бұрын Қазақстан туралы 80 бала шығарма жазуға отырса, қазір олардың саны 500-ге жетіп жығылған.
–Мен осы байқауды ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын. Оқушымды дайындау барысында Абайды өзім қызыға, құныға оқып шықтым. Егер бұл байқау болмағанда Абайды білмей жүре беретін де екенмін,–деп ағынан жарылды Ноғайбақ ауданынан келген мектеп мұғалімі Надежда Просина.
Қазақтардың бұл басқосуын Челябі облысының басшылығы да қолдап, көмегі мен жылы сөзін аяған жоқ. Екі көрші ел арасында саяси, экономикалық, мәдени, достық байланыстарды қамтамасыз ететін келісімдер бар. Уақытпен бірге дөңгелеп, бәрі де жүзеге асып жатқандай. Бірақ ұлтты ұлт, халықты халық ететін ана тілдің жағдайына келгенде “біреудің жоғын біреу өлең айтып жүріп іздейді” деп қазекем дәл айтқан. Қазақтың қазақ болып қалуы қайда жүрсе де тек оның өзіне байланысты екенін Челябі басқосуы меңзеп берді. Қазақ тілі алдымен қазаққа керек.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
ҚОСТАНАЙ-ЧЕЛЯБІ-ҚОСТАНАЙ.