Осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстан мен Еуропа қайта құру және даму банкі арасында әріптестікті бұдан әрі кеңейту аясында екіжақты келісімге қол қойылғаны бар. Онда жасыл, инклюзивті және гендерлік экономиканы дамыту мен цифрландыруды ілгерілетуге және 2060 жылға қарай елдің энергетикалық секторында көміртектің бейтараптығына қол жеткізу үшін ұзақмерзімді ынтымақтастық стратегиясын әзірлеуге келісім жасалған болатын. Сөйтіп, 18 жобаға 630 млн доллар инвестиция салынды. Сонымен қатар еліміздегі банк секторының рөлін арттыруға, оның ішінде шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға ерекше көңіл аударылып, кәсіпкерлікті дамыту үшін жергілікті несие берушілерге 65 млн доллар бөлінді.
Қазіргі таңда Еуропа қайта құру және даму банкі әйелдер бизнесін арттыруда микроқаржы ұйымдары мен жергілікті банктерге мақсатты несие беріп отыр. Аталған банк пен KMF шағын несие ұйымы 35 млн доллар көлеміндегі қаржыны әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға және жасыл экономика жобаларын жүзеге асыруға жұмсайтын болады. ЕҚДБ жыл сайын екі мыңға жуық кәсіпкер қыз-келіншектерге қаржылай қолдау көрсетіп келеді.
«Біздің негізгі топ әрқашан әйелдер болды. Бүгінде олар тұтынушылар санының 55 пайызын құрайды. ЕҚДБ инвестициялары еліміздің барлық өңірлеріндегі әйелдер бизнесін қаржыландыруға көбірек бағытталған. Бұл біздің клиенттерімізге бизнесін жаңғыртуға және кеңейтуге, айналым қаражатын толықтыруға мүмкіндік береді. Осы несиелік желі аясында біз ESG қағидаттарын енгізуді жалғастырамыз және өз бизнесі үшін энергия үнемдейтін жабдықтар мен техника сатып алғысы келетін әйелдерге қолдау көрсетеміз», деді KMF Басқарма төрағасы Шалқар Жүсіпов.
KMF әйелдер кәсіпкерлігін қаржыландырумен қатар компанияның даму векторын ауылдық жерлердегі қыз-келіншектерді қаржылық және бизнес сауаттылығына үйретуге бағыттайды. Бұл тәсіл әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтіп, өңірлерде жұмыс орындарын ашуға жол береді. Айта кету керек, бүгінде KMF клиенттері құрған кәсіпорындарда 30 мыңға жуық адам жұмыс істейді.
Қоғамда көбіне, әйелдер бизнесі негізінен сауда-саттық саласы, сұлулық салоны, тігін шеберханасы мен нан-тоқаш өндірісі секілді іс жүргізеді деп бағаласа, қазіргі таңда ауыл шаруашылығында шаруа қожалықтарын ашып, асыл- тұқымды мал басын көбейту мен құс өсіруді қолға алған нәзік жандар баршылық.
Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова: «Бүгінгі күні әйелдер мемлекет ІЖӨ-нің 40%-ын қалыптастырып отыр. Елдегі жеке кәсіпкерлердің 47%-ын әйелдер құрайды, заңды тұлғалардың 26%-ын, шаруа қожалықтарының 19%-ын қыз-келіншектер басқарады», дейді.
Елімізде өз кәсібін ашқысы келетіндер, кәсіпкерлікке бағытталған несиені екінші деңгейлі банктерден бастап, шағын несие институттарынан да ала алады. Солардың бірі – осы KMF шағын несие ұйымы. Бұл қаржы мекемесіне Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының кәсіпкер әйелдері несиеге өтінімді көбірек берген. Аталған үш облыста 86 мыңнан астам кәсіпкер әйел болса, оның 60%-ы шағын несие алған екен.
Мәселен, жыл сайын өткізілетін Жаһандық кәсіпкерлік мониторингінің қорытындысында Қазақстан – кәсіпкерлік белсенділігі бойынша 54 мемлекеттің арасында 26-орында. Сауалнамаға еліміздің әр өңірінен 2 100 адам мен 36 сарапшы қатысқан. Мониторинг әлемде кәсіпкерлердің саны артып отырғанын көрсетті. Дегенмен кәсіпкерлікпен өз мүмкіндігін жүзеге асыру мақсатында айналысып отырғандардың қатары басым болғанымен, жаңа жұмыс орнының ашылу көрсеткіші төмендеген көрінеді. Әлемде кәсіпкерлердің 74%-ы табыс табу үшін емес, өз мүмкіндігін іске асырып көру үшін кәсіпкерлікке келгендіктерін айтқан.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев реформа жүргізу кезінде гендерлік саясатқа аса мән беріп, әйелдер мен жастар үшін партиялық тізімге 30%-дық квотаны енгізген еді. Қазір елімізде әйелдер кәсіпкерлігіне қатысты жұмыс орнын құру және экономикалық өсуді ынталандыруда басты рөл атқарады. Бүгінгі күні шағын және орта кәсіпорындардың 43%-ын әйелдер басқарып, жеке кәсіпкерліктің 77%-ын әйелдер құрап отыр.
Әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған бағдарламалардың ішіндегі ең ауқымдысының бірі – Еуропа қайта құру және даму банкімен бірлесіп жүзеге асырып отырған «Іскер әйелдер» бағдарламасына арнайы 86,5 млн доллар қаржы бөлген. Жалпы, қазірге дейін банк әйелдердің экономикалық мүмкіндігін кеңейту үшін 1,5 млрд еуро инвестиция құйған. Банк аударған қаражаттың арқасында 350-ден астам жоба іске асырылып жатыр.
Сонымен қатар еліміздің «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ әйелдер кәсіпкерлігін жандандыру үшін 72,3 мың жобаға жалпы сомасы 1,26 млрд теңге бөлген.
«Біз кәсіпкерлікке қолдау көрсету жөніндегі ұлттық даму институты ретінде гендерлік аспектіге және іскер әйелдердің бастамаларына ерекше көңіл бөлеміз», дейді басқарма төрайымы Гаухар Бөрібаева. Аталған қор, екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдікпен несие беру, банк сыйақыларының белгілі бір бөлігін субсидиялау және ШОБ субъектілерінің несиелерін ішінара кепілдендіру секілді үш түрлі жолмен мемлекеттік қолдау көрсетіп келеді. Соның арқасында бүгінгі күні нәзік жанды кәсіпкерлердің 58 пайызы жеңілдетілген несиеге ие болып үлгерді.