Елордада Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері сегізкөз өріміне операция жасап, құйымшақтағы қатерлі ісікті алып тастады.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ мәліметі бойынша, МӘМС жүйесі аясында жасалған бұл операцияның құны 5 млн теңгеге жуық соманы құрайды.
Қала тұрғыны Гаухар Ахметова өткен жылдан бері белі ауырып, барлық тексеруден өтеді. Құйымшақ тұсындағы шыдатпас дерттен айығудың түрлі амалын қарастырады. Түркия, Израиль елдеріндегі дәрігерлерге де хабарласады. Ондағы дәрігерлер операция құны 50 мың еуро тұратынын, бірақ операциядан кейін жүріп кететініне ешқандай кепілдік бере алмайтынын айтқан. Ойлана келе ол медициналық көмек алу үшін Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлеріне жүгінеді.
Содан науқасты жан-жақты тексеруден өткізген мамандар операция жасау жолдарын ойластырды.
«Сегізкөздің ішінде кіші-үлкен дәретті, аяқтың қимыл-қозғалысын реттеп тұратын нерв жүйкелері орналасады. Ал ол түгел алынса, науқасқа өте ауыр болады. Біз жасаған операцияның ерекшелігі – ісікті сегізкөзімен алып тастап, ішіндегі нерв жүйелерін сақтап қалдық», деп түсіндірді нейрохирург-дәрігер Талғат Керімбаев.
Қуанышқа орай, операция сәтті шығып, дертінен айыққан елордалық азамат аяғынан да жүріп кетті.
«Мықты мамандар бізде де бар екеніне көзім жетті. Шынымды айтсам, бұлай жүріп кетем деп ойламадым. Өзіміздің отандық дәрігерлердің ептілігіне, біліктілігіне бас идім. Айтар алғысым шексіз!» дейді жағдайының жақсы екенін жеткізген Г.Ахметова.
Дәрігерлердің айтуынша, бұл ерекше операциядан кейін науқас емін-еркін жүріп-тұра алады. Бұрын мұндай жағдайда сегізкөзді нерв жүйелерімен қоса кесіп тастайтын. Яғни ісікті алудың жалғыз жолы осы болған. Алайда ондай операциядан кейін науқас арбаға таңылып қалатын.
Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері бұл операцияны тағы бірнеше адамға жасап, аяғынан тұрғызған. Енді ғылыми мақалалар жазып жариялау арқылы бұл операция жасау әдісін әлемдік деңгейге жеткізуді көздеп отыр. Жалпы, орталықта жылына 4 мыңнан аса операция жасалады, оның ішінде омыртқаға жасалатын ең күрделі операциялар да бар.