• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Әдебиет 26 Мамыр, 2023

Шығармашылық адамдар шабытты қайдан алады?

712 рет
көрсетілді

Шабыт ғайыптан келіп, талай ғажайыпты тудырды. Сонда оны шақыратын Муза ма кім, әлде не? Император Нерон шабыт шақыру үшін айдындағы Рома қаласын өртеп жіберген екен. Демек ол жан әлеміңе жайшылық орнатып, әлдебір өнерді тудыруға мұрсат беретін күй емес. Қанды қыздырып, қайшылыққа түсіретін сәт.

Шедеврлер көңілді түртпектеп, жүректі қозғаған шабыттан туса керек. Алайда ол қайдан, қалай келетінін дөп басып айта алмаймыз. Әр шығармашылық адамы өзінше түйсінеді. Әркімнің шабыт шақыратын өз тәсілі бар. Мәселен, Харуки Мураками өнімді жазу үшін бойын босқа салатын еркіндіктен гөрі тәртіпті жөн санаған. Жоқ сол тәртіп шабыт берген. Ол күн сайын таңғы төртте тұрып, 10 км жүгірген не 1 500 м жүзген. Кейде екеуіне де үлгеретін. Тәнін шыңдап, жанын қуаттаған әсерден соң бес-алты сағат жұмыс істеген. Одан кейін күні бойы кітап оқып, ертерек ұйқыға жатқан. Осы режімді ұстаған жазушы «мен әсерлену үшін өз-өзімді таңғалдыратын іспен айналысамын», дейді.

Қаламгер қараңғылық құшағында ойымен оңаша қалып, көбірек әсерленеді. Асқар Сүлейменов те түнде жазғанды жақсы көрген. Жазушы шабытты шақ сол деп есептейді. Мұқағали Мақатаев та «Түн маған ұйықтау үшін берілмеген», демей ме.

Ал есепті шешу үшін шабыт керегін біліп пе едіңіз. Атақты математик Асқар Жұмаділдаев қолына домбыра алса, не күй тыңдаса я өлеңге аңсары ауып, қаламға жармаса бастаса, қисыны келмей тұрған есепті қиналмай шығаратын көрінеді. Математикке де, суреткерге де ортақ нәрсе қиял мен сезім екен.

Ақын, суретші, кинорежиссер Ричард Сикеннің тәсілі тіптен қызық. Бірінші кітабы жарық көрген соң, айтары таусылып, жан дүниесі бос қалғандай күй кешеді. Алайда суретшілік өнері екінші тынысын ашып, жазуға деген ынтасын оятады. Бірақ қызығы бұл емес. Ол «Өзім жек көретін шығармаларды оқығанда, оған қарсы бірдеңе істегім келіп тұрады», дейді. Осылай өзі ұнатпайтын ойлармен қайшылыққа түсу арқылы шабыттанған. Бәлкім, өз ойың бар тұлға екеніңді сезіну ұлы күш шығар?

Расында ойды ой қозғайды. Кейде, жазушыға жазушы да әсер етеді. Мәселен, Габриэль Гарсиа Маркесті оба тақырыбы қызықтырып, Даниель Дефоның «Оба күнделігі» кітабы шабыт берген. Ал Мадлен Миллердің «Ахиллес әнін» жазуға Патрокл мен Ахиллестің «Илиададағы» қарым-қатынасы әсер еткен. Айтпақшы, сұлу сөзді сүйетіндер де бар. Мысалы, Мэрилин Робинсонды өзі жазған көркем суреттеулер шабыттандырған.

Ал Қадыр Мырза Әли болса, өзгенің ойымен емес, өз ойымен арпалыста шабытын тапқан. «Жүрек пен жүйкесі егескенде, жыр көңілі толғатқан». Ақын сондай бір шағын дөп басып керемет суреттейді. Өлеңнің өзін оқып көріңізші.

Серпінді ой ішті кернейді,

Соғыса кеткен көп сендей.

Құдайды көзің, көрмейді,

Көреген бірақ жоқ сендей.

Қас-қағым уақыт ішінде

Ұғасың бәрін дана боп.

Қас-қағым уақыт ішінде

Шығасың және бала боп.

Жатасың сосын бой жазып,

Ақынға бір сәт саналмай.

Тамаша жырды мен жазып

Тастадым деуге сене алмай!

Шынында солай. Беймәлім алапат күштің еркімен ел түгіл, өзің таңғалатын дүние тудырасың. Қызық, иә?..

Шын талантқа шабыттың керегі жоқ. Бабың келіссе бәрін істеуге болады дейтіндер бар. Десе де, өзіңді әсерлендірмеген дүние өзгенің жүрегіне қалай жетсін? Шабытты шақта кешкен сезім шынайы емес пе?!