• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Шілде, 2014

390 мыңнан аса азаматтың, 122 мыңнан аса жасөспірімнің құқы бұзылған

249 рет
көрсетілді

Кеше Бас прокуратурада үстіміздегі жылғы алғашқы жартыжылдықтағы жұмыс нәтижесін қорытындылаған алқа отырысы өтті. Оған Бас Прокурор Асхат Дауылбаев төрағалық етті. Алқа жұмысына Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Қайрат Қожамжаров қатысты. Алқада аталған уақыттағы ат­қарылған жұмыстар талқыланып болған соң алда тұрған басым міндеттерге шолу жасалды. Бұл орайда Бас Прокурор Асхат Дауылбаев сөз сөйлеп, әуелі бірінші жар­тыжылдықтағы атқарылған жұ­мыстарға кеңінен тоқталды. Әдет­тегідей бұл жолы да проку­ра­тураның бар күші елдегі заң­ды­лықты, тәртіпті сақтауға, мемлекет пен оның заңды тұлғаларының мүддесін, азаматтардың құқы мен бостандығын қорғауға бағытталды. «Шілде айының алғашқы күндері Президент Бас прокуратура мен мүдделі органдардың араласуы арқасында дайындалған Қылмыстық және қылмыстық іс-жүргізу кодекстеріне қол қойды. Осылайша ауқымды да күрделі жұмыс тындырылды. Енді біздің алдымызда барынша тиімді әрі ешбір кемшіліксіз жаңа жағдайдағы жұмысқа ауысуды қамтамасыз ету міндеттері тұр», деді Асхат Дауылбаев. Бұған дайындық шаралары әзір бас­талып та кеткен көрінеді. Осы, яғни Мемлекет басшысы бекіткен қылмыстық сот өндірісінің жаңа үлгісіне ауысу барысы біртұтас мемлекеттік жоспар аясында жү­зеге асып жатқан жайы бар екен. Енді соның тек сапалы орында­луын қамтамасыз ету қажет, дейді Бас Прокурор. Осы шараларды ат­қарумен қатар, прокуратура органдары халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының, кәсіпкерлердің және мемлекеттің де құқын қорғауда. Бұған қоса сыбайлас жемқорлық пен экстремистік бағыттағы көрі­ніс­терге қарсы тұру үшін белсенді шаралар қамтылған. Деректерге көз жүгіртсек, прокурорлар әлеуметтік-экономикалық салада 269 мың заң бұзушылықты анықтап, оны жою жолдары қолға алынған. Соған сәйкес 12 700 заңсыз құқықтық актілердің күші жойылған. Сөйтіп, бұған жауапты 35 мың адам жауапқа тартылып, 300 қылмыстық іс қозғалған. Нәти­жесінде 390 мың азаматтың тап­талған құқы, 122 мыңнан аса жас­өспірімдердің құқы қорғалған. Дегенмен, азаматтардың еңбек құқықтарын қамтамасыз ету, жалақы бойынша қарыздарды азай­ту жөніндегі жүйелі жұмыстар бұрынғыша басым бағыттардың бірі ретінде қалып отыр. 2010 жыл­дан бері жұмыс берушілер қарыздарының көлемі 4,6 миллиардтан 623 миллион теңгеге дейін, яғни 7 есеге азайды. Биылғы жылдың ба­сынан бері 40 проблемалық кәсіп­орындағы 668 млн. теңге көле­міндегі қарыз толығымен өтелді. Осы орайда, Қарағанды және Қостанай облыстары прокура­ту­раларының жұмыстары аталып өтілді, олар 271 миллионнан астам теңгенің өтелуін қамтамасыз еткен. Атырау облысының прокуратурасы өңірдегі еңбек жалақысы бойынша қарыздардың толығымен өтелуіне ықпалын тигізген. Алыпсатарлардың жолдарын кесу бойынша прокурорлар қолға алған шаралардың нәтижесінде 2012 жылдан бастап жалпы құны 420 млрд. теңгеден астам қаржыны құрайтын жер телімдері мемлекетке қайтарылған. Мысалы, Алматы облысында «Gate City» жобасының құрылысы үшін үш жер телімінің жоғары бағамен сатылып алыну фактісі бойынша прокурорлар сотқа заңсыз төленген қаржыны өндіру туралы талап-арыз енгізді. Аталған заңсыз мәмілелерден келген шығын көлемі 900 млн. теңгеден асады. Ал Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы талдау арқылы өңірде қолданылмай жатқан 990 ауылшаруашылық телімдерін анықтады, олардың кадастрлық құны 3,5 млрд. теңгені құрайды екен. Бүгінде бұлардың ішіндегі 272 жер телімі мемлекетке қайтарылды. Прокурорлар жүзеге асырған осындай шаралардың нәтижесінде шаруалардың ауыл шаруашылығына арналған жер­лерді кеңінен пайдалануына мүмкіндік беріліп, шаруа және фермерлік қожалықтар санының артуына ықпал жасалды. Сөйтіп, мемлекеттің материалдық мүдде­лерінің қорғалуы мәселелері үнемі бақылауда болып, 38 млрд. теңгеден астам қаржы мемлекет қазынасына қайтарылған. Президенттің бизнесті қорғау жөнін­дегі тапсырмаларын орындау аясында Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бел­сенді ынтымақтастық жалғасын тауып, бизнес пен мем­лекеттің өзара іс-қимылын одан әрі жетілдіру, заңсыз тексерістерге тосқауыл қоюға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Мораторий жарияланғаннан кейін құқықтық статистика органдарында шағын және орта бизнеске жасалған 1561 тексеріс қана тіркелген, ал өткен жылдың осындай кезеңінде 51 857 тексеріс жүргізілген. Прокурорлар мемлекеттік сатып алулар саласында да заң бұзу­шы­лықтардың алдын алу жұмыстарын белсенді түрде жүргізуде. Мысалы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарының прокуратуралары 90 конкурстың күшін жойып, нәтижесінде мемлекеттің экономикалық мүддесіне қайшы келетін 17 млрд. теңгеден астам шығынының алды алынды. Ал жалған кәсіпорындарды мемлекеттік тіркеудің күшін жою туралы прокурорлар енгізген 222 талап-арызды соттар қанағаттандырды. Мұндай жалған кәсіпорындардың бюджет алдындағы жиынтық қарыздары 27,4 млрд. теңгені құраған. Сондай-ақ, жалған кәсіпкерлік жолымен жасалған мәмілелер бойынша 14 қылмыстық іс қозғалды. Көлік қауіп­сіздігін қамтамасыз ету сала­сын­дағы іс-шаралар барысында жолаушылардың қауіпсіздігіне қатер төндірген 110 қозғалмалы бірлік қолданыстан алынып тасталды. Діни экстремизм мен терро­ризмге тосқауыл қою жөнін­дегі жұмыстардың аясында про­ку­рорлардың және уәкілетті органдардың арыздары негізінде соттардың шешімімен 15 ин­те­р­нет-ресурстың өнімдері заң­сыз деп танылды. Сондай-ақ, прокурорлардың 175 ақпараттық материалдың мазмұнын экстре­мистік деп тану туралы арыздары қанағаттандырылды. Бұл өнімдердің Қазақстан аумағында таратылуына тыйым салынған. Қылмыспен күрес саласындағы есепке алу мен тіркеу тәртібін күшейтудің нәтижесінде қылмыс­тылық деңгейі 5,5 пайызға төмендеді. Аса ауыр қылмыстардың тіркелуі 24,3 пайызға, ауыр қылмыстардың тіркелуі 25,7 пайызға бәсеңдеген. Кісі өлтіру, ұрлық, тонау, қарақ­шылық, бопсалау, алаяқтық сияқ­ты қылмыстарлың саны да ай­тарлықтай азайған. Бұл орайда прокурорлар заңсыз ұсталған 954 азаматты қамаудан босатып, 586 адамға қатысты негізсіз жүргізіліп келген жедел-іздестіру шараларына тоқтам салды. Арнайы прокурорлар неғұрлым күрделі және қоғамда қызу пікірталас тудырған 292 қыл­мыс­тық іске тергеу жүргізді, олар­дың ішіндегі 82 іс сотқа жолданды. Прокуратураның наразылық енгізуі бойынша 801 адамға қа­тысты шығарылған үкімдер заңға сәйкестендірілді. Сондай-ақ, аза­маттық және әкімшілік істер бойынша сот актілеріне енгізілген 1001 наразылық қанағаттандырылды. Мемлекет кірісіне 10,5 млрд. теңге өндіру туралы, 2,5 млрд. теңге шамасындағы қаржыны азаматтар мен заңды тұлғалардың пайдасына шешу, оның ішінде 789 млн. теңгені құрайтын жалақыны өндіріп алу туралы шығарылған сот шешімдері орындалды. Президенттің көмекшісі-Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Қайрат Қожамжаров өз сөзінде заңдылық пен құқықтық тәртіпті күшейтуде, азаматтардың консти­туциялық құқықтарын қамтамасыз етуде және еліміздің тұрақты дамуы жолында прокуратура ор­гандарының қызметі маңызды факторлардың бірі болып табылатынын ерекше атап өтті. Осы орайда құқықтық саланы реформалаудағы прокуратураның қосқан үлесі аталды. Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық атқару және Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы төрт жаңа кодекстің қа­был­дануы соның бірден-бір дәлелі деді. Бас прокуратура Құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғыртудың мемлекеттік бағдарламасын және Құ­қық қорғау органдарының кадр­лық саясаты тұжырымдамасын әзірлеуші болып табылады. Мем­лекеттің және қоғам өмірінің түрлі салаларындағы заңдылықты қамтамасыз етуде прокуратура органдарының жұмысы про­фи­лактикалық және алдын алушылық сипатта болуы тиіс. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қа­зақстан-2050» Стратегиясында жарияланған мемлекеттің жаңа саяси бағытын іске асыру аясында прокуратура құқық қорғау саласында басталған қайта құрулардың қозғаушы күші болатынына Қайрат Қожамжаров сенім білдірді. Сонымен қатар, орын алған олқылықтарды атап көрсеткен Бас Прокурор қадағалау органдарының қызметкерлеріне ескерту жасай келіп, кемшіліктерді жою бойынша нақты тапсырмалар берді. Мәселен, прокурорларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі жұмысқа ұстанымды қайта қарау, азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерінің тиісті түрде қаралуын қамтамасыз ету тапсырылды. Жартыжылдықтың қоры­тын­дысын талқылау нәтижесін тұжы­рымдаған Бас Прокурор кезек күт­тірмес ұйымдастырушылық-тәжірибелік шаралар қабылдап, оны прокурорлық қадағалаудың тиімділігін одан әрі арттыруға бағыттауды тапсырды. Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙЫН, журналист.