Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен бокстан әлем чемпионатында «алтын» алған спортшыларға пәтер кілттері табысталды. Бұл туралы Астана әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Елордалық боксшыларымыз Ташкентте өткен әлем чемпионатында үлкен нәтижелерге қол жеткізді.
Санжар Тәшкенбай мен Нұрбек Оралбай чемпион атанды. Бүгін оларға демеушілер есебінен үш бөлмелі пәтердің кілттерін табыс еттік. Сол сияқты жаттықтырушылардың да еңбегін назардан тыс қалдырмадық.
Бұл жеңістің артында үлкен еңбек пен үздіксіз дайындық, спортшылардың өзіне деген сенімділігі жатыр! Боксшыларымыздың ары қарай да биік белестерді бағындырып, жеңіс тұғырынан көріне беруін тілеймін!», деп жазды Жеңіс Қасымбек.