Өткен жылы финалда белдескен қос мықты биыл тағы кездесті. Бұл жолы Арқалықтың балуаны Аслан Сағитбек жерлесі Алмас Жұмағалидан басым түсіп, «Қостанай қыраны» белбеуін иеленді.
Бозкілем шебері Аслан – бүгінде облыс құрамасын баптап жүрген Данияр Қарпықовтың шәкірті.
Қос балуанның финалдағы белдесуі аса тартысты өтті. Қарсыласына қарағанда ширақ қимылдаған Аслан аяққа іліп шалу әдісін жасап, екі мәрте жарты ұпай алды. Осылайша, турнир жеңімпазы атанған Аслан Сағитбек 500 мың теңге, екінші орыннан көрінген Алмас Жұмағали 300 мың теңге, жарыстың қола жүлдегері Талғат Жиентаев 200 мың теңгенің сертификатын еншіледі.
Турнир жеңімпазы алдағы уақытта Астанада өтетін «Қазақстан барысында» өңір намысын қорғайды.
«Бұл жарыста анау осал, мынау мықты деп айта алмаймын. Бәрі баптың келісуіне байланысты. Осы жерге бақ сынап келіп отырған балуандардың бәрі кілең «сен тұр, мен атайын» деп тұрған жігіттер. Біріншіден, Алланың қалауымен, екіншіден бапкерлеріміздің табандылығының арқасында жеңіске жеттік. Алда сол кісілердің өзімізге артқан үмітін ақтауға тырысуымыз керек, – дейді жарыс жеңімпазы.
Қостанай облысы