Әне-міне дегенше жаз да келді. Оқу жылының аяқталуына санаулы күн қалды. Енді балалар сабақтан арқа-басы босап, каникулға шығады. Бұл ретте жеткіншектердің жазғы демалысы мен бос уақытын тиімді ұйымдастыру маңызды.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, ведомствоның алдында тұрған маңызды міндеттің бірі – балалардың жазғы сауықтыру демалысын сапалы ұйымдастырып, қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету.
– Биыл жазғы сауықтыру демалысымен 1-10 сынып аралығындағы балалардың 85,3 пайызы қамтылады. Бұл дегеніміз – 2 млн 800 бала. Оның ішінде 500 мың жекелеген санаттағы отбасы балалары бар. Бұл жеткіншектер алдыңғы кезекте жергілікті бюджет қаражаты есебінен сауықтыру демалысымен қамтамасыз етіледі. Өңір әкімдіктерінің ақпаратына сәйкес, осы жылы аталған мақсатқа 5,8 млрд теңге қарыстырылған, – деді министр.
Ғ.Бейсембаевтың айтуынша, елімізде 218 қала сыртындағы және 10 мыңнан аса мектеп жанындағы, профильдік және шатырлы лагерь қызмет көрсетеді. Лагерь саны жағынан Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласы алда тұр. Ал елордада қала сыртындағы лагерь екеу ғана. Қазір демалыс орындарында балаларды қабылдауға дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Биыл Оқу-ағарту министрлігінің ұсынысымен «Қазақстан халқына» қоры есебінен оқуда озат, талантты деген 20 мың ауыл баласы еліміздегі үздік сауықтыру орталықтарында демалады.
Мемлекет басшысы жеткіншектердің қала сыртындағы орталықта демалуын қолжетімді ету мақсатында Үкімет пен өңір әкімдеріне 50 балалар сауықтыру орталығын құру туралы тапсырма берген еді. Бүгінде Оқу-ағарту министрлігі осы 50 орталықтың 20-сын оқу-сауықтыру үдерісімен қамтитын жыл бойы қызмет көрсететін орталық етіп, ал 30-ын маусымдық сауықтыру орталығы ретінде құруды көздейтін жол картасын әзірледі. Бұл жоба 2026 жылға дейін іске асады.
Жазғы каникулды балалардың бәрі асыға күтіп жүргені анық. Олар демалыс қызыққа толы, көңілді болса деп тілейді. Бұл жағынан танымдық дүниелер көбірек ойластырылған. Биыл жазғы лагерьлер арнайы тақырыптармен жұмыс істейді. Мәселен, білім ұйымдарындағы жазғы сауықтыру мен мектеп жанындағы лагерьлерде «Түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт», «Бірлігіміз әралуандықта» атты тақырыптық сменаларды ұйымдастыру жоспарланған. Әсіресе балалар шығармашылығын дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Сондай-ақ оқушыларға ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрімізді дәріптейтін «Этноауыл» жобасы аясында Сүлеймен Демирел университеті, Назарбаев университеті, Ш.Есенов атындағы университет жанында жазғы мектеп қызмет атқарады. Осы бағытта «Жаздық жолдама» жобасын іске асыру көзделген.
– Каникулда балалар демалысын көңілді өткізу өте маңызды. Біздің міндетіміз – жазғы демалыста жеткіншектердің бойы ғана емес, ойы да өсетіндей етіп ұйымдастыру. Мәселен, «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында «Саналы ұрпақ» атты республикалық дебат турнирін өткіземіз. Іс-шараның мақсаты – білім алушылардың бойына рухани-адамгершілік мәдениетін дамытып, эстетикалық, патриоттық тәрбие беріп, елдің мәдени мұрасы мен отбасылық дәстүрін сақтауды дәріптеу. Білім ұйымдарында 700 мың баланы қамтитын арнайы ғылыми-техникалық, музыкалық, көркемдік, экологиялық, туристік және басқа да бағыттағы 11 мың үйірме мен секция жұмыс істейді, – деді Оқу-ағарту министрі.
Сонымен қатар демалыс орындарынан басқа жеткіншектердің бос уақытын тиімді өткізудің өзге жолдары қолға алынған. Айталық, 352 мың жоғарғы сынып оқушысы «Жасыл ел» бағдарламасы аясында көгалдандырумен шұғылданса, 188 мыңнан аса бала еліміздің киелі жерлеріне саяхаттайды. Ал 25 мың жеткіншек спорттық жаттықтыру жиындарына қатысып, 211 мың оқушы тілдік курстармен қамтылады. Осы іс-шаралардың орындалуына жергілікті бюджеттен жалпы сомасы 94 млрд теңге қаржы қарастырылған.
Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін 2020 жылы 14 қаңтарда үш жылға арналған Үкімет басшысының «Каникул кезеңінде балаларды сауықтыру демалысын, олардың бос уақытын және жұмыспен айналысуын ұйымдастыру туралы» арнайы өкімі қабылданды. Осы өкімде балалардың тұлғалық, әлеуметтік, шығармашылық дамуы және каникул кезеңінде құқық бұзушылықтың алдын алу үшін орталық мемлекеттік органдар мен өңірлердің негізгі міндеттері айқындалған.
Сондай-ақ қала сыртындағы балаларды сауықтыру ұйымдарының қызметін ұйымдастырып, оны білікті кадрлармен қамтамасыз етіп, желісін кеңейту және шығыны аз демалыс ұйымдарының (шатырлы, киіз үй, отбасылық лагерлер, күндізгі орталықтар, туристік жорықтар, археологиялық және өлкетану экспедициялары) үлесін көбейту жөнінде шаралар қабылдау өңір әкімдіктеріне міндеттелген. Бұл жұмыстарға Оқу-ағарту министрлігімен бірге, денсаулық сақтау, ішкі істер, төтенше жағдайлар министрліктері мен барлық әкімдік жұмылдырылған. Әсіресе жеткіншектердің жазғы демалысын сапалы және қауіпсіз жағдайда өткізу Оқу-ағарту министрлігінің ерекше назарында екенін айта кетейік. «Жазғы демалыс кезіндегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде педагогтер, құзырлы сала мамандарымен бірге ата-аналардың да жауапкершілігі жоғары болу керек. Барша ата-ананы әрдайым балалар қауіпсіздігіне мұқият болуға шақырамын», деді Ғ.Бейсембаев.
Сонымен бірге министр балалардың қауіпсіздігі үшін сауықтыру орталықтарына оларды жеткізу және қайтаруға жауапты адамдардың белгіленетінін айтты. Оқушылардың демалысы тиісті органдармен тексеруден өтіп, сол іс-шараны ұйымдастыруға құқылы мекемелерде ғана болғандықтан қауіпсіздік қатаң бақыланады. Үкімет отырысында да осы мәселе талқыланып, мемлекеттік органдар мен әкімдерге тиісті тапсырма берілді.