• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Мәселе 29 Мамыр, 2023

Өңірлердегі су тапшылығы

613 рет
көрсетілді

Өңірлерде су тапшылығы мәселесі ең өзекті проблемалардың бірі болып отыр. Соның салдарынан шаруалар түрлі қиындықтарға тап болып, шығынға батып, жоспарлағандай өнім ала алмай келеді. Мұндай жағдай кешенді тәсілді, сондай-ақ депутаттардың ғалымдармен және сарапшылармен бірлесіп жұмыс істеуін талап етеді.

Сенат отырысында Палата төрағасы Мәулен Әшімбаев осы мәселеге тоқ­талып, аталған түйткілге салалық министр­лік басшылығының назарын аудар­ды.

«Кейбір өңірлерде топырақтың ерек­шелігіне байланысты негізінен тек күріш өсірілетіні белгілі. Алайда бюро­кратиялық кедергілерді көлденең тартып, шаруаларға күріш егуге шектеу қоя алмайтынымыз түсінікті. Онымен мәселе шешілмейді. Бұл жерде жан-жақты ойластырылған, пысықталған кешенді жұмыс қажет. Қалыптасқан жағдайды зерттеп, өзара ақылдасып, осы саладағы сарапшылармен кеңесіп отырып, шешім қабылдау керек. Бұл – министрдің бір бұйрығымен шешіп тастайтын мәселе емес», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Палата төрағасы осы проблема сенаторлардың аймақ­тарда жергілікті тұрғындармен кезде­сулерінде де жүйелі түрде көтерілетінін жеткізді. Сондықтан Сенат өңірлердің мүддесін қорғайтын Палата ретінде бұл бағытты үнемі бақылауда ұстайды.

Мәулен Әшімбаев көтерілген та­қырыпқа сәйкес басымдықтарды іске асыру үшін Сенат Үкіметпен ынты­мақтаса жұмыс істеуге де дайы­н еке­­нін атап өтті. Отырыс барысында жасалған барлық ұсыныс осы іс-ша­­раның қорытындысы бойынша әзір­ленетін ұсынымдарға енгізіліп, Үкіметке жолданады.

Бүгінгі күні еліміздің оңтүстігіндегі диқандар су тапшылығы мәселесімен бетпе-бет келіп отыр. Сенат төрағасы Мәу­лен Әшімбаев Палата отырысында осы түйткілге назар аударды. Сенат депутаттары осы жағдайға орай Ауыл шаруашылығы министрі Ер­бол Қарашөкеевтің суармалы жер­лерді пайдалану және су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі ақпаратын тыңдаған болатын. Жиын барысында Мәулен Әшімбаев Түр­кістан облысының тұрғындарын алаңдатып отырған проблемаларды айтып, Сырдария трансшекаралық өзенінің жағдайына қатысты мәселеге тоқталды.

Сенатта жергілікті өкілді орган­дармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Сол жиында Түркістан облысынан келген әріп­тестеріміз Жетісай, Мақтаарал аудан­дарындағы мәселелерді көтерді. Не­гізгі түйткіл – «Достық» каналы ар­­қылы келетін су көлемінің азаюы. Мәселен, көрші мемлекеттермен жа­сасқан шарттарға сәйкес, елімізге секундына 40 текше метр су келуі керек. Алайда бүгінде ол көрсеткіш шамамен 25 текше метр көлемінде ғана деген ақпарат бар», – деді палата спикері өз сөзінде.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев еліміздің оңтүстік өңірлерінде ауыл шаруашылығы маңызды сала екенін, оны дамыту көрші мемлекеттерден келетін судың көлеміне тығыз бай­ла­нысты болып отырғанын айтты. Мәселенің оң шешілмеуі аймақ­тағы шаруалардың наразылығын ту­дыр­ғанын тілге тиек еткен Сенат төр­ағасы тиіс­ті мемлекеттік орган­дарды осы салада белсенділік таны­туға ша­қырды.