Дүбірге толы дүние
Таяу Шығыста күтпеген жағдайдың болуы әдетке айналғандай. Осыдан бір айдан аса бұрын радикалды исламистер Ирактың бір аймағын басып алса, енді олардың қолына 40 килограмдай радиоактивті уран, сондай-ақ, химиялық қару жасайтын зауыт түсіпті деген хабар әлемді шошытты.
Және бұл хабарды таратқан Ирактың БҰҰ-дағы өкілі Мохаммед Әли әл-Хаким. Ол БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунға шағымданып, Мосул қаласындағы университеттің зертханасында сақталған 40 килограмдай уранның ұрланғанын, оның «жаппай қырып-жоятын қару жасауға пайдаланылуы мүмкіндігін» айтады. Өзінше, ол радикалды исламистерді айыптап, сол аса қауіпті өнімді олардың қолынан тартып алу қажеттігін ойлайтын, олардан жапа шегетін халықтың қамын ойлайтын адамдай көрінеді.
Ең алдымен, радикалды исламистерді осынау қауіпті өнімді «ұрлады» деп айыптау артық, бұл – олардың тек әскери олжасы ғана. Олар Мосул қаласын оп-оңай басып алса, ол жердегі нәрсенің бәрі олардың иелігіне көшетіні белгілі. Мынаны неге аласың деп, оларды айыптай алмайсың. Біреулер жауапсыздықпен тастаған соң, олар алған. Басты айыпкер – Ирак үкіметі. Уран сияқты аса қауіпті және стратегиялық мәні бар өнімді терроршылардың қолына оңай түсетін жерде сақтағаны үшін ол әлем алдында жауап беруге тиіс.
Бір жақсысы – Халықаралық атом қуаты жөніндегі агенттік (МАГАТЭ) «қолды болған» уранның байытылуы төмен екенін, одан қауіптенетіндей ешнәрсе жоқтығын айтып, жұрттың көңілін тыншытты. Сөйтсе де, агенттік «кез келген радиоактивтік материалды бақылаусыз қалдыруға болмайтынын» қатты ескертті. Тіпті, сол «нашар» ураннан қару жасауға болмағанмен, оны кәдімгі бомбаға қосып жарған күннің өзінде ол біраз нәрсені бүлдіре алады екен.
Уран ғана емес, Ислам халифаты жасақшыларының қолына Бағдат қаласынан 70 шақырым ғана қашықтықта орналасқан «Әл-Мутанна» химиялық қару жасайтын орталығы да көшкен көрінеді. Мұны да Ирактың БҰҰ-дағы өкілі Әл-Хаким зар еңіреп хабарлады. Соның салдарынан Ирак химиялық қаруды жою жөніндегі міндеттемелерін орындай алмайтын болды дейді. Сонда олар бұл жұмысты атқаруды экстремистер зауытты басып алған соң ғана ойлаған ба? Бұрын қайда болған?
Тағы да бір жақсысы дейік – МАГАТЭ емес, енді АҚШ мамандары бұл зауыттағы материалдардан химиялық қару жасау мүмкіндігі жоқ дегенді айтып отыр. Тіпті, АҚШ мемдепартаментінің өкілі Джен Перси «бұл кешенде химиялық қарулар жасайтын материал жоқ және оны тасымалдау да мүмкін емес» деп мәлімдеген. Ал қару жасалатын болса, қайтер еді?! Мұны да Ирак басшылығының жауапсыздығы дерсің.
Осы жерде біраз жай ойға оралады. Сонау 2003 жылы АҚШ-тың Иракқа басып кіріп, бұл елдің басшысы Саддам Хусейнді дарға асуы сол жаппай қырып-жоятын қаруға байланысты еді ғой. Сонда ондай қару табылмай, біраз жұрт неге басып кірдің деп АҚШ-ты айыптаған. Ал мынау «Әл-Мутанна» зауыты қайдан шыққан? Бұл елден АҚШ әскерінің кеткені күні кеше емес пе еді? Мұны кім салған, халықаралық ұйымдар не қарап отырған?
Қиналғанда қолдайтын одақтасың болсын
Бразилияда өткен футбол чемпионатының даңғазасынан біршама бәсеңдеу естілді, әйтпесе, осы елдің Форталезе қаласында басқосқан БРИКС елдері басшыларының кеңесі де айтарлықтай әлемдік мәні бар оқиға еді.
Бұл – олардың алтыншы басқосуы. Жалпы, БРИКС-тің (қазақша БРҮҚО деген жөн) өзі туралы айтар болсақ, бұл өзі болғанынан алда болары күштірек қауымдастық. Оның құрамына Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка Республикасы кіреді. Алдында БРИК болған, кейінірек, Оңтүстік Африка Республикасы қосылған соң, қазіргі атауын иемденді. Халқының саны жағынан осы бес елде бүкіл әлем халқының жартысындайы тұрады. Қозғаушы күш саналатын сол халық шын мәнінде өндіргіш күшке айналар болса, кереметтерге қол жеткізер еді.
Бұл топ та бүгінгі интеграция заманының туындысы. Жұрт қазір бірігуге ұмтылады. Бірікпесең, бәсекеде ұтыласың. Сол бірігудің де түрі көп. Біреулер Еуроодақ сияқты тым жақын бірігеді. Сондай-ақ, ықпалына, беделіне, күш-қуатына қарай (8-дік топ, қазір 7-лік топ, 20-лық топ) бірігетіндер бар. Біріккенде, олар өз мақсат-мүддесін ойлайды. Кейде сол мақсат-мүддесі басқалар тарапынан ескерілмей жатса, мүдделі елдер өздерінше жаңаша одақ құрады. Мұнда белгілі дәрежеде саяси астар да болады.
БРИКС-тің құрамына қарап одан АҚШ ықпалына қарсылық ниетті де аңғарғандайсың. Әсіресе, Ресей мен Қытайдың бұл жөніндегі көзқарасы айқын. Тіпті, соңғы кездегі оқиғалар оған айтарлықтай ықпал етті десе де болғандай. Ресейдің күшті дамыған 8 ел тобынан ығыстырылуы, Еуроодақ елдері тарапынан экономикалық санкцияларға ұшырауы, тіпті, саяси тұрғыда оқшауландырылуы оның дос елдерімен байланысын бұрынғыдан нығайта түсуге мәжбүрледі.
Осы жерде БРИКС елдері тобының өзінің Ресейдей одақтасына дос көңілін ұсынғанын баса айтқан жөн-ау. Әліптің артын бағып, тайсақтамай, басқаларға қарайламай, басқосуға жиналуы, онда өзекті мәселелерді талқылауы Мәскеуге көрсетілген нақты қолдау екені анық. Рас, бүгінгі күн тәртібі осыдан екі жыл бұрын Лос-Кабостағы 20-лық топтың саммиті кезінде БРИКС басшылары ауқымында сөз болған. Енді нақтыланып отыр.
Нақтыланғанда, басқосуда Жаңа даму банкін (ЖДБ) құру жөнінде келісім жасалды. Ол Шанхай қаласында орналаспақ. Оның капиталы 100 миллиард долларға жетеғабыл болмақ. Бастапқыда әр ел 2 миллиардтан, сондай-ақ, кепілдік ретінде тағы да 8 миллиардтан қаржы құймақ. Сонымен қатар, бұл банкке қосымша инфрақұрылымдық қор да құрылмақ. Сол «артық қазандағы» 100 миллиард доллардай қаржы бестік елдеріндегі жобаларды қаржыландыратын көрінеді. Бұл жөнінде нақты шешім БРИКС-тің Ресейдің Уфа қаласындағы басқосуында қабылданбақ.
Әрине, басқосудың жұмысы негізгі келісімге қол қоюмен шектелмейді. Онда көптеген мәселелер сөз болып, пікірлер алмасылады. Ол алдағы қарым-қатынастардың бағыт-бағдарын айқындайды.
Алғашында бұл қауымдастық тек экономикалық сипатта ғана көрінсе, бұл жолғы басқосудан кейін оның саяси сипаты да айқын аңғарыла бастады. ЖДБ мен инфрақұрылымдық қордың өзін олар өздерінің ықпалы жүріңкіремейтін Дүниежүзілік банкке (капиталы 223 млрд. доллар) және Халықаралық валюта қорына (капиталы 360 млрд. доллар) балама ретінде құрғаны анық.
Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».