• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Шілде, 2014

Ізденіс ізі

482 рет
көрсетілді

Сөз еткелі отырған кейіпкеріміз кезінде еңбек жолын ауыл шаруа­шылығы кеңшарында машина-трактор шеберханасында жұмыс­шы болудан бастап, Еңбек Қызыл Ту орденді Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтын үздік дипломмен аяқтаған жан. Содан кейін Жезқазған облыстық ауыл ша­руа­шылығы тәжірибе стансасында аға ғылыми қызметкер, бөлім басшысы, Қазақ мал шаруа­­­шылығы технологиялық ғылы­ми-зерттеу институтының аспи­ранты, Жезқазған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бөлім бастығы болды. Облыстық мал тұ­қым­дарын асылдандыру бір­лес­тігі басқарма төрағасы, об­лыс­­­тық ауылшаруашылығы тәжі­­рибе стансасы директоры, Қара­­ғанды облысы Шет ауданы әкімі қыз­меттерін атқарды. Ол – бас газеті­­мізде мал шаруашылығы сала­­сын өркендетуде өзекті мақа­лаларымен оқырмандар наза­рына іліккен Кәкімжан Ах­мед­жанұлы Сарханов. Кәкім­жан Ахмеджанұлы соңғы жыл­дары ғылыми жұмыстарға бет бұрып, Ауыл шаруашылығы министрлігінің республикалық мал тұқымдарын асылдандыру орталығы, «Асыл түлік» акцио­нерлік қоғамында ғылыми бөлім­ге басшылық жасай жүріп, ағым­дағы жылдың 30 мамырында Қырғыз ұлттық аграрлық универ­ситетінің диссертациялық кеңесін­де «Орталық Қазақстанда мал шаруашылығы өнімділігін арт­ты­ру­дың ғылыми-тәжірибелік не­гіз­демесі» атты тақырыпта док­­тор­­­лық диссертация қорғады. Өкі­н­ішке қарай, бүгінде, ғылыми атақ­тардың қоғамда бәлендей баға­лана қоймайтындығын да айт­пасқа болмайды. Бұл орайда, Елбасы­мыздың соңғы жылдарда елімізде диссертациялық кеңестер санының еселеп артуынан, ғылыми атақ иелерімен ғылыми еңбектер сапасының төмендеп кеткендігі туралы айтқан сыны әлі ұмытыла қойған жоқ. Кезінде Кәкімжан Ахмеджан­ұлы да бұл мәселе бойынша өз ой-пікірін «Егемен Қазақстан» газетінде (16.02.2011 ж.) «Білім сапасы жақсарса, ғылым сапасы да жақсарады» атты мақала арқылы білдірген болатын. Сондықтан да, аталып отырған ғылыми еңбек­тің басқалардан айтарлықтай ерекше­ліктерін атап өткіміз келеді. Біріншіден, диссертация тақы­ры­бының әдеттегідей бір ғана мал түрі бойынша зерттеулермен шектелмей, еліміздің кең-байтақ Орталық Қазақстан өңірінде негізгі деген ауыл шаруашылығы мал түрлерін толықтай қамтуы, мал бастары өнімділігін арттыруда селекциялық тәсілдермен қоса шаруашылық жүргізу, мемлекеттік реттеу, инновациялық қолдау және ауылдағы жұмыссыздық мәсе­лелерімен байланыстырыла зерт­телуі бұл ғылыми-тәжірибелік жұмысқа тың жаңалықтар әкелген. Сондай-ақ, еңбек авторы да дис­сертациялық кеңесте қырғыз ғалым­дарының ТМД елдерінде мұндай тақырыпта кең көлемде, нарықтық жүйе ерекшеліктерін де қамтыған тұңғыш ғылыми еңбек деп бағалап, бірауыздан қолдағанын өмірдегі қуаныштарының ерекше бір сәті болғанын жасырмайды. Екіншіден, бүгінде ғылыми атақтар, көбіне ғылыми саладан гөрі, мемлекеттік қызметте қосым­ша бедел жинайтын дәреже ретінде пайдаланылатындығы да жасырын емес. Бұл тұрғыда аталған ғылыми еңбек иесінің зейнеткерлік жаста, ғылым кандидаты атанғаннан 30 жыл өткенде қажымай-талмай маман­­дығы бойынша докторлық дис­сертация қорғауы ғылымға шы­на­йы берілгендігінің белгісі болса керек. Сөз соңында, Кәкімжан Ахмед­жан­ұлына ғылыми атағыңыз құтты болып, еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз демекпіз. Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан».