Қазақ елінің тәуелсіздігін аңсап, алдаспан жырымен рухын оятқан батырдың қатарында Махамбет Өтемісұлы да бар. Атырауда ақын әрі батыр тұлғаның туғанына 220 жылдығына орай мүшәйра өтті.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әбіл Жоламановтың айтуынша, мүшәйраға «Тартынбай сөйлер асылмын» тақырыбы таңдалған. Республикалық жазба ақындар мүшәйрасына еліміздің әр өңірінен 18-40 жас аралығындағы 19 ақын қатысты.
– Мүшәйраны өткізудегі мақсат – Махамбеттің ақындық қуатын өлеңдері арқылы насихаттап, жастарды бабадан мұраға қалған шешендік өнерге баулуды көздедік. Жас ақындар осындай мүшәйраға қатысып, шығармашылық шеберлігін шыңдайды. Кейінгі буынның қазіргі қазақ поэзиясына деген құштарлығын оятып, рухани тәрбиесін жетілдіргенін қаладық, – дейді Әбіл Жоламанов.
Сайыста ақындар алдымен өз өлеңін оқыды. Содан соң Махамбет шығармаларынан үзіндіні жатқа айтты. Соңында 8-10 минутта өлең жазып, суырыпсалмалық қабілетін танытты.
– Ақындарға өте күрделі талап қойылды. Оның қатарында сөз тапқырлығы, өлең мағынасының тереңдігі, шумақ ұйқасының күрделілігі, әдеби теңеу, эпитет, метафора, көркем мәтіннің орындалу шеберлігі бар. Мүшәйраға қатысушының дауыс мәнері мен тіл тазалығына, сахна мәдениетіне назар аударылды, – дейді Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов.
Қазылар алқысының шешімімен атыраулық ақын Асыланбек Шығыров бас жүлде жеңіп алды. Ал Батыс Қазақстан облысынан қатысқан Әділет Орынбасаров бірінші орынды, павлодарлық Жарқын Әбу екінші орынды, маңғыстаулық Жұмагүл Мұрсал үшінші орынды иеленді. Өзге қатысушыларға белгілі қаламгерлер Х.Ерғалиев, Ә.Сәрсенбаев, М.Сатыбалдиев, Ж.Нәжімеденов, Ф.Оңғарсынова, А.Ершуов, М.Отаралиев, Н.Әжіғалиев, Т.Досымов, Д.Жазықбаев, М.Неталиев, Қ.Сағиев, А.Өтегенов, Қ.Оразов, К.Нәбиева атындағы арнайы жүлде берілді.
Атырау облысы