• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әскер 29 Мамыр, 2023

Үш мың сарбаз ант берді

335 рет
көрсетілді

Елордадағы Отан қорғаушылар алаңында Ақмола өңірлік гарнизонының 68665 әскери бөліміне келген жастар салтанатты түрде әскери ант қабылдау рәсіміне қатысты.

Іс-шара «Отан Ана» монументіне гүл шоқтарын қою­дан басталды. Салтанатты рә­сімді Қарулы Күштердің ар­дагерлері, гарнизон әске­ри қыз­метшілері, «Жас сарбаз» әскери-патриот­тық қозға­лы­сының тәрбие­ле­нушілері, әс­керге шақыры­лушылардың туған-туыстары тамашалады.

Көктемде әскер сапын то­лықтырған жастар ант қа­был­даған сәттен бастап Қару­лы Күштер қатарына қосы­лады. Әскери ант беру рәсімі – әрбір жас өреннің өмірін­дегі маңызды оқиға. Дәл осы кезден бастап жас жауынгерлер Отанымыздың нағыз қорғаушысына айналады. Міне, кезекті толқынға да бұл күннен бастап Отанды қорғау деген құрметті миссия жүктелді.

Бұған дейін әскерге келген жастардың бәрі жас жауын­гер курсынан абыроймен өтіп, бір ай ішінде әскери істің негіздерін игерген болатын. Олар жалпыәскери жарғыларды оқып, саптық, атыс және дене шынықтыру дайындығымен айналысты. Әскери бөлім командирі, подполковник Абай Әлібеков жас жауынгерлерді айтулы оқи­ғамен құттықтады. Офицер оларға антқа адал болып, әс­кери қызметтің міндеттеріне жауап­кершілікпен қарау керек екен­дігін баса айтты.

«Бүгін сендер өмірдің жаңа кезеңіне қадам бастыңдар. Әскер – әр жігіт өтетін өмір мектебі. Әскери қызмет сен­дерді шынықтырып қана қой­майды, мұнда шыңдалып, өз қабілеттеріңе деген сенім пайда болады», деді қатардағы жауынгер Даниил Павловтың анасы, алматылық Ольга Алек­­сандровна сарбаздарға ар­­наған тілегінде.

Елордалық бригада ко­ман­­дирінің тәрбие жә­не идео­­логиялық жұмыс жөнін­дегі орынбасары, подполков­ник Талғат Құлманов әске­ри қыз­метпен өтетін бір жыл жас жі­гіт­тер үшін қан­дай пайдасы болатынына кеңі­нен тоқ­талды. Олар дене дайын­ды­ғы тұрғысынан ны­ғайып, на­ғыз сарбаз атанады. Со­нымен қа­тар олар ЖОО-ға жеңіл­дік­­пен түсу мүм­кіндігіне ие болады.

Алматы облысынан шақы­рылған қатардағы жауынгер Дінмұхамед Нұрболат та өз ойын білдіріп, Отан қорғау қызметі олардың күш-жігерін сынауға, әскерді қуатты етуге және жауынгер достар табуға тамаша мүмкіндік екенін атап өтті. «Бір айда мен әскердің күнделікті өміріне үйрендім, – деді ол. – Ал әскери ант қа­былдаған күн әрқашан есімде қалары сөзсіз».

Бұл күні «Оңтүстік», «Шы­­­ғыс», «Астана» өңірлік қол­бас­шылықтарында қыз­мет өткеріп жатқан Құрлық әскерлері әскери бөлімдерінің үш мыңнан астам азаматы әскери ант берді. Жас жауын­­­герлердің ата-анала­ры ка­­зарма, асхана және оқу сы­нып­­тарын аралап кө­ріп, сар­баздардың тұрмыс жағ­дайы­мен танысты.

Сондай-ақ осы күні әскер саласында тағы бір салтанатты іс-шара өтті. Ол – Алматыда ұйымдастырылған «Жас ұлан» республикалық мектебінің қырық жылдық мерейтойы. Оған осы мектептің түлектері – Қорғаныс министрінің орынбасары Әскер Бейсенов, Аумақтық қорғаныс депар­таментінің бастығы, генерал-майор Серік Борамбаев, Қорғаныс министрлігі аппа­раты басшысының орын­ба­сары, полковник Төле­ген Бөлежанов арнайы қатыс­ты. Сонымен қатар шақы­рыл­ған қонақтардың қатарын­да Қарулы Күштердің ардагері, Халық Қаһарманы, отстав­кадағы генерал-лейтенант Ба­қытжан Ертаев, Әуезов ауда­нының әкімі Абзал Егем­бердиев, Бауыржан Момыш­ұлының келіні, этнограф, жазушы Зейнеп Ахметова да болды.

«Бұл мектептің тәрбиеле­ну­шілері мемлекетке қызмет етудің озық дәстүрін және өз Отанына адал болудың үлгісін көрсетіп келеді. Олар әрқашан шыдамдылық, тө­зімділік, моральдық және пси­хологиялық беріктікпен, кез келген қиындықты жеңе білумен ерекшеленеді. Бұл оқу орнында мемлекетіміздің жауынгерлік дайындығының іргетасы қаланып жатыр», деп атап өтті Бақытжан Ертаев.

Іс-шарада аты аңызға ай­налған қолбасшы Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, рәсім­ге қатысушылар әскери қақты­ғыстарда қаза тапқан мектеп түлектері – подполковник Ер­лан Науановты, подполковник Қайрат Мұхамадиевті, капитан Қайрат Құдабаевты бір ми­нут үнсіздікпен еске алды.