Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қазақстандықтарды зейнетақы жинағын ерте шешіп алмай, болашаққа қалдыруға кеңес берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
2023 жылдың 1 шілдесінен бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылары зейнетақы жинақтары сомасының 50 пайызына дейін жеке басқарушы инвестициялық компанияларға бере алады. Осы тұста Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев БАҚ өкілдерін қызықтырған сұрақтарға жауап берді.
«Тарихқа қайта оралсақ, БЖЗҚ не үшін құрылды? БЖЗҚ халықтың көбірек қаражат жинауы үшін және бірте-бірте ынтымақтық жүйенің жойылып, болашақта азаматтардың зейнетақыны БЖЗҚ-дан алуы үшін құрылған. Қазір біз шектеуді қайта қарадық. Бірақ қаржысын шешіп алуға асыққан адамдардың қордағы ақшасы аз қалтынын да ұмытпау қажет. Есептеулер бұл қаражаттың жеткілікті екенін көрсетіп отыр. Десе де, жинақтағы қаражатты азырақ тарту керек екенін жақсы түсінеміз. Бірақ әскери қызметкерлерге қатысты осындай саяси шешім қабылданған. Бұған қатысты Еңбек министрлігінің өз есебі бар. Халықтың шығарып алған сомасы соншалықты үлкен қаражат емес – 3 трлн теңгеден асады. Бірақ соған қарамастан БЖЗҚ-ның тұрақты болғанын қалаймын. Біріншіден, бұл – біздің болашағымыз, барлық зейнеткерлердің болашағы», деді министр.
Сөз соңында Ерұлан Жамаубаев осы уақытқа дейін БЖЗҚ жинағынан бірде-бір рет зейнетақы шешіп алмағанын ашық айтты. Министр бұл қаражатты болашақта инвестициялық жобаларға жұмсауға болатынын және басқа елдерде мұндай артықшылық жоқ екенінін түсіндірді.