Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 146-орында тұрған чехиялық 16 жастағы Бренда Фрухвиртовамен кездесті.
Бірінші партияда есеп 3:3 болған мезетте чехиялық спортшы брейкпен алға шыққанымен, Елена көпке ұзатпады. Содан кейін тағы бір брейкпен сетті тәмамдады – 6:4.
Бренда Фрухвиртова екінші партияда да брейк жасағанымен Е.Рыбакина таразы басын қайта теңестіріп, өз геймін де алды – 3:2. Ақыры матчты кезекті брейкпен түйіндеді – 6:2.
Бір сағат 17 минутқа созылған бәсеке барысында Елена 9 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың бесеуін мүлт жіберген жоқ. Қарсыласы 2 брейкпен (7 брейк-пойнт) шектелді.
Елена Рыбакина екінші айналымда Чехияның тағы бір жас жұлдызы, әлемнің 50-ракеткасы, 18 жастағы Линда Носковамен шеберлік байқасады.
Ол рейтингте 68-сатыдағы черногориялық Данка Ковиничті жолдан тайдырды. Линда бірінші партияда 6:3 есебімен басым түсті.
Екінші сетте есеп 2:1 болғанда, қарсыласы жарақатына байланысты ойынды жалғастыра алмады.