Татарстанның бас шаһарында дәстүрлі «Қазан марафоны» өтті. Бұл жарыста Ресейдің 80 аймағы мен әлемнің 16 мемлекетінен келген 11 566 спортшы бақ сынады.
2015 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан жарыстың 42,2 шақырымдық сайысында осыған дейін тек Ресейдің өкілдері ғана топ жарып келген. Атап айтсақ, Юрий Чечун (2015, 2020 жылдары) мен Степан Киселев (2019, 2021) екі мәртеден жеңімпаз атанса, Андрей Сафронов (2016), Алексей Трошкин (2017), Артем Алексеев (2018) және Рауль Шакризянов (2022) бір-бір реттен дара шықты. Ал биылғы додада қазақтың ұлы Данияр Орманғалиға тең келер ешкім табылмады.
Марафоншылар бәсекесіне 1 700 үміткер қатысты. Солардың арасынан Данияр Орманғали дараланды. Жоғарыда аталған қашықтықты ол 2 сағат 25 минут 53 секундта жүгіріп өтті. Сөйтіп, мәртебесі жоғары жарыстың бас жүлдесі Жетісу облысындағы Сарқан ауданының тумасына бұйырды. Екінші орынды иелеген атақты спортшы Андрей Смирнов қандасымыздан екі минуттан аса уақыт қалып қойды. Үшінші сатыға табан тіреген Иван Маториннің нәтижесі – 2 сағат 30 минут 48 секунд.
23 жастағы желмен жарысқан желаяқ Данияр Орманғалидің спорттың бұл түрінде бағындырған белестері аз емес. Ол – жеңіл атлетикадан Қазақстан ұлттық құрама командасының мүшесі, еліміздің бірнеше дүркін чемпионы, Еуразия ойындары мен Орталық Азия біріншілігінің жеңімпазы. Сонымен қатар қазақ марафоншысы бірқатар халықаралық жарыста алдына жан салған жоқ.