• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Құқық 31 Мамыр, 2023

Әлі әділдік іздеп жүр...

360 рет
көрсетілді

Өткен жылы газетіміздің №96 санында «Әділдікті енді кімнен іздеймін?» деген тақырыппен мақала жарияланды. Ол жерде Айзада есімді Алматы қаласының тұрғыны өзінің күйеуі Ерболат Аманғалиевтің Алмалы аудандық сотының үкімімен 8 жылға сотталғанын, оған Қылмыстық кодекстің 189-ба­бы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша «сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп, талан-таражға салды, аса ірі мөлшерде ақша жымқырды» деген айып тағылғанын, бірақ шын мәнінде оның кінәсіз екендігін дәлелдей алмай жүргенін айтып, бас басылымнан көмек сұраған еді.

Сол мақала жарық көргелі бері де­ тура бір жыл өтіпті. Бірақ осыдан 2 жыл­ бұрын басталған қылмыстық іс әлі күнге бір шешімін таппаған. Жуыр­да Айзада Аманғалиевадан тағы да хат келіп түскенде, істің соңы сиыр­құйым­шақ­танып созылып кеткеніне көзіміз жет­ті. Оның айтуынша, оқиғаның БАҚ-та жария­ланып, қоғамдық дүмпу туды­руы­ арқасында былтыр 1 қарашада кас­са­ция­лық инстанция соты 2021 жылғы 22 қыр­күйектегі үкімді және 2022 жыл­ғы 8 ақпандағы Апелляциялық инстан­ция­ның қаулысын жоққа шығарып, кәсіп­к­ерлік субъектілерінің лауазымды тұл­ға­ларына қатысты істі жаңа құрамдағы апелляциялық инстанция­ со­тына қайта жіберген. Алайда «қосыл­ғыштардың орны ауысқанымен қо­сын­ды өзгермейдінің» кері келіп, сот құра­мы ауысқанына қарамастан, іс бұрын­ғы­ша біржақты қаралып жатыр дейді Айза­да. Оның пікірінше, бұл жерде Конс­­ти­туция, Қылмыстық-процестік ко­декс талаптары өрескел бұзылып, айып­­т­алу­шылардың конституциялық құқықтарына нұқсан келтіріледі.

«Күйеуімді қамаққа алу туралы бұ­рынғы үкімнің күшін жою туралы қаулы шыққаннан кейін де менің оны заңсыз түрде бас бостандығынан айыру орнында ұстап келеді. Жаңа құрамдағы сот бұл шешімді бұған дейінгі, яғни 2021 жылғы 12 ақпандағы тергеу сотының қаулысын қабылдауда негізге алынған дәлелдерге сүйенгенін айтады. Алайда ол қаулы дәлел ретінде қолдануға жарамсыз, өйткені заң нормалары өрескел бұзылған», дейді ол.

Сонымен бірге Жоғарғы сот­тың­ «Бұл­­­тартпау шараларын санкция­лау­дың кейбір мәселелері туралы»­ №1 нор­ма­тивтік қаулысының 9-тармағында көрсе­тіл­ген талап та бұзылып, күдіктілердің атал­ған қылмысқа қатыстылығы тек­се­рілмеген. Осыған орай жоғарыдағы нор­­мативтік қаулының 10-тармағына сәйкес жаңа құрамдағы судьялар Е.Аман­ға­лиевке тағылған айыптың негізділігін тек­сермегендігі туралы апелляциялық ша­ғым жолданғанымен, арада бір айдан астам уақыт өтсе де, ол қаралмаған және мәселе шешілмеген.

«Сот айыптау тарапының дәлелдері бойынша өз міндеттемелерін орындаған жоқ, сондықтан ҚПК 320-бабының 2-тармағын өрескел түрде бұзып отыр. Егер сол талаптар орындалғанда, менің күйеуім қылмыстық құқық бұзушылық дәлелдерінің жоқтығына байланыс­ты сот үдерісінің бастапқы кезеңінде ақталуы керек болатын. Алайда судьялар қорғаушылардың өтінішін қараусыз қалдырды», дейді оқырман.

Айзада Аманғалиеваның хатынан түсінгеніміз, сот тарапынан жасалынып жатқан заң бұзушылық көп. Тек заң талаптары емес, олар Конституция талаптарын да бұза отырып, күдіктілерге қатысты біржақты айыптау бағытында ғана жұмыс жүргізіп жатыр. Өйткені айып­тау актісінің шешімдері нақты факті­лер мен дәлелдерге емес, болжам­дар­ға ғана негізделген дейді ол.

«Апелляциялық инстанция соты еш­­қандай себебін түсіндірместен, күйеуімді 20 айдан бері сотталушы ретінде қамақта ұстап келеді. Заң бо­йынша бұған жол берілмеуі керек. Оның бас бостандығына деген конституциялық құқы бұзылып отыр. Соттың өзі заңның үстемдігі үшін жұмыс істемей, өздері құқық бұзушылыққа барып жатса,­ басқалардан не қайыр?» дейді алматылық тұрғын.

Оның айтуынша, сот сараптамасын жүргізудің процессуалдық мерзімі де сақталмаған. «Өткен жылдың 26 желтоқсанында тағайындалған сараптама әлі күнге аяқталған жоқ. Заң бойынша 30 тәуліктен асырылмай бітуі керек еді. Ол түгілі нысанға тексеріс те жүргізілмеген. Сараптама жүргізу мерзімі сот тарапынан ұзартылған жоқ», дейді.

Сот үдерісінің осылайша ұзаққа созылуы тек айыптаушы тарапқа ғана пайдалы. «Бұл жағдайлар сот тарапынан айыптау үкімін шығару арқылы тергеуші мен бірін­ші және екінші инстанциядағы судьяларды жауапкершіліктен жалтартуға тал­пы­нып жатыр», дейді Айзада Аман­ға­лиева.

Әрине, біз өз тарапымыздан оқыр­­ма­­нның жазған жанайқайы қанша­лық­ты шындыққа жанасымды еке­нін­ нақты айта алмаймыз. Алайда мақ­са­тымыз – осы істің аяқсыз қалмай, әділ­ шешілуіне үлесімізді қосу. Егер шын­ мәнінде Ерболат Аманғалиев екі жыл­дан астам уақыттан бері заңсыз қамақ­та отырса, оның бостандыққа де­ген конституциялық құқы тапталып жатса, бұл – назар аударарлық жағдай. Жаңа құрамдағы соттың заңды және негізді шағымдарға жауап қатпауы, Алматы қаласы прокуратурасы тарапынан Конституция мен қылмыстық-процестік заң талаптарының анық бұзылуы, Жоғарғы соттың да өз судьяларының ант бұзу жағдайларына көз жұма қарауы секілді заңсыздықтардан қажыған оқырман осы істі газет арқылы көпшілікке жеткізуді сұрайды.