Физикадан «Asian Physics Olympiad» (APhO) 23-ші олимпиадасында Қазақстан құрамасы үздік нәтиже көрсетті. Жерлестеріміз бір алтын, екі қола медаль иеленді.
Алтын медаль Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Ерсұлтан Пітебайға бұйырды. Ол былтыр Үндістанда өткен сайыста қола жүлде алған болатын.
Сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Әлішер Еркебаев Азия олимпиадасының қола жүлдесін екінші мәрте еншіледі. Ұстазы Мират Оспановтың айтуынша, бұл білім додалары арасындағы ең қиын олимпиада саналады.
Тағы бір қоланы Қызылорда қаласындағы С.Шаухаманов атындағы №9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Арман Бақытов олжалады.
Сонымен қатар екі оқушы құрмет грамотасымен марапатталды. Олар – Павлодар қаласындағы Дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінің 11-сынып оқушысы Даир Нұртаев және Алматы қаласындағы №165 мамандандырылған лицейдің 10-сынып оқушысы Марғұлан Нұрсағатов.
Еске сала кетейік, «Asian Physics Olympiad» олимпиадасы 2000 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұл – Азия-Тынық мұхиты елдерінің оқушылары жыл сайын қатысатын беделді білім бәйгесі. Биылғы бәсеке Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында өтті. Оған 27 елден 200-ден аса оқушы қатысты.
Алда жас физиктерді тағы бір маңызды дода күтіп тұр. Олар 10-17 шілде аралығында Жапонияда физика пәнінен өтетін халықаралық олимпиадада бақ сынайды.
Мерей АУҒАЛИ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті