• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Зерде 31 Мамыр, 2023

Елеулі еңбек – оқырман олжасы

284 рет
көрсетілді

Қазақ руханиятының бел ортасында тұрған бірегей тұлға, дәуірлер мен заманалар құндылығын бүгінге жалғаған көреген абыз, болашақты болжаған, айтқаны келген дуалы ауыз, жұрт әулие таныған ақын Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының таңдамалы бес томдық жинағының тұсаукесер рәсімі кеше Астанадағы «Sheraton Astana Ballroom» қонақүйінде өтті. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының 165 жылдығына орай М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары әзірлеп, құрастырған бес том – ақынның бұрынғы басылымдары мен қолжазбасын негізге ала отыра, екшеліп сұрыпталған мұра.

Аталған жинақты шығаруға бастамашы болып, демеушілік еткен – іскер азамат Нұркен Асанов. Шараның ерекшелігі, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы бес томдығы 100 мектеп пен 100 жоғары оқу орнына тегін таратылады. Бұл – мәтіндік тұрғыдан мамандар пысықтаған басылым. Шараға Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі құттықтау жолдады.   

Бірден айтайық, бұл бес кітап ақынның толық шығармаларының жинағы емес, таңдамалысы ғана. Құрастырушылар алда Мәшһүр-Жүсіп мұраларының толық академиялық жинағын шығару ісі тұрғанын айтады. Бірақ мына бес томның өзі аз еңбек емес. Көбіне өлеңдері мен дастандары, ғибратты дүниелері һәм айтыстары топтастырылған. Бұрынғы басылымдарда кеткен кемшіліктер­дің көбі толықтырылған, түзетілген. Түсініктер берілген. Сонысымен құнды, сонысымен сапалы жинақтардың қайта басылуына мұрындық болып, демеушілік еткен «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, ұлт жанашыры Нұркен Асанов: «Біз балаларымызды ұмытуға айналдық. Балабақша, мектепке беріп тастадық, сеніп тапсырдық. Пандемия кезінде баламмен сөйлесе келе, Мәшһүр бабамыздың 20 том мұрасын парақтай келе, осындай ойға келдім. Ұл-қызы мен ата-анасы болып, босағасы мен төрін аластап, жаман әдеттен арылмайынша, алтын заман келмесі анық. Қасиетті болашақты бірге жасауға ұйытқы болу үшін «Сенімен болашақ» деген республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігін құрдық, 18 филиалы бар, оған 110 мың ата-ана ілесті. Мақсат – елді ояту. Абай, Шәкәрім, Мәшһүр шығармалары арқылы ұлтты өзегіне қайтарып, өзін табуға үлес қоссақ деген ниеттен туды. Сондықтан бұл кітаптар 100 мектеп, 100 мешіт, 100 университет, 100 кітапханаға тегін таратылады», деді.

Тұсаукесер рәсімін «Қазақ газет­тері» ЖШС бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы жүргізіп отырды. «Қазір бәріміз ата-анамыз. Қоғамға жауаптымыз. Қоғам мен би­лікті, ата-аналар мен ғылыми орта­лық­тар арасын байланыстыратын алтын көпір – осындай қоғамдық бірлес­тіктер. «Сенімен болашақ» Алаш қайраткерлері мұрасын ата-аналарға лайықтап шығарғанын білеміз. Әлемдік деңгейдегі педагогтерді шығарып келе жатыр. Бүгінгі бес томдық та халық шөлдеп отырған еңбектер қатарында», деп атап өтті ол.

Мәшһүр-Жүсіп шығармалары топ­тастырылған бес томдық таңда­малының тұсаукесер рәсімін Президент кеңесшісі, академик Бауыржан Омаров, бас мүфти Наурызбай қажы Таған­ұлы, ғалым, елші Әділ Ахметов, Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нух­ұлы, белгілі әдебиеттанушы Серік Негимов жасады.

Бірінші кезекте Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Төрәлі Қыдыр бұл жинақтардың бұған дейін жарық көрген кітаптардан артықшылығы мен тиімділігіне тоқталды. Әсіресе діни мәтіндерде кеткен біраз қателік түзетілген. Мәшһүр еңбегі ретінде еніп кеткен Сүлеймен Бақырғани, Шәді Жәңгірұлының өлеңдері алынып тасталған.

Әдебиеттанушы, қаламгер Бауыржан Омаров: «Әдебиет пен руханиятта өшпес із қалдырған алыптарымыздың бірі Мәшһүр-Жүсіп екені белгілі. Елдің ең мықты ғалымдарының қолынан өтіп, сараланған бұл еңбек – ұлт руханияты үшін үлкен олжа. Ақын еңбектері көптеп шықса да, өз деңгейімен салыстырғанда аздық етеді. Мәшһүр мұралары жалпыға бірдей түсінікті бола бермеуі әбден мүмкін. Діни, әдеби тұрғыдан келгенде дайындығы бар оқырман болмаса, бірден қабылдап кете алмасы анық. Діни мәтіндер көп болғандықтан, шығыстанушылардың түсіндіруінсіз ұғу қиындау сияқты» деп кітаптардың көпшілік оқып түсінуі үшін тиімділігі артқанын атап өтті.

«Бұл, әрине, үлкен еңбек. Бабалары­мыздың рухани ілімін тасқа басып, ғалымдар мен зиялы қауымның басын біріктіру – үлкен сауап. Мәшһүр бабамыз – медреседе оқыған, діни ғалым. Ислам дінінің ғұламасы екені талассыз. Сондықтан құрастырушылар мәтін­дердің шариғатқа сай түсіндір­месін беріп, қазіргі заманауи тілмен ежіктеп түсіндірсе, нұр үстіне нұр болды», деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Іс-шара барысында сенатор Алтын­бек Нухұлы, тағы басқа зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, лебіздерін білдірді.