Жуырда әлеуметтік желіде Қызылордадағы қоқыс полигонында шіріген көкөністің үйіліп жатқаны түсірілген видео жарияланған болатын. Артынша-ақ тонналаған өнімнің «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ қоймасынан шыққаны белгілі болды. Жұрт бюджеттен бөлінген қаржыға арзан өнімдер сатып алып, бағаны тұрақтандыруға үлес қосуға тиісті құрылым өкілдерінің қоқыстағы көкөністі жедел көміп жатқанын да көрді.
Әлеуметтік дүкендер мен ірі сауда үйлерінде жиі ұйымдастырылатын жәрмеңкелерде тұрғындарға арзан бағамен сатылуға тиіс өнім неге пайдаға аспай қалды? Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының Фейсбуктегі парақшасында «Байқоңыр» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Самат Ерниязов осының себебін түсіндіргендей болыпты.
Оның айтуынша, сатылған өнімнен жарамсыз қалдық қалуы тұрақтандыру қорында да, жеке кәсіпкерде де жиі кездесетін жағдай екен. Басқарма төрағасы жарамсыз тауарларды жою алдында актілеп, «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» акцонерлік қоғамының сынақ хаттамасы алынатынын жазады. Қауіпті тамақ өнімдерін жою жөнінде комиссия құрылып, Қызылорда қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының, Қызылорда облысы бойынша экология департаментінің, «Amanat» партиясының, Қызылорда қалалық полиция басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен жою жөнінде шешім қабылданады екен. Осыдан кейін ғана қоқыс полигонына жеткізіледі.
2021 жылы 1 197,4 тонна көкөністің 25 пайызы, былтыр алынған 568,4 тоннаның 32,7 пайызы осындай жолмен жойылыпты. Биыл 588,1 тонна картоп, 720 тонна пияз, 106 тонна қырыққабат, 133 тонна сәбіз сатып алынса, оның 9,2 пайызы жарамсыз болған. Басшы жауабындағы «Биыл көкөніс алдыңғы жылдарға қарағанда 3 есе артық сатып алынғанмен, жарамсыздық көрсеткіші де 3 есе аз. Бұл – алынған өнімнің сапасын қадағалағанның, дұрыс сақталуын қамтамасыз етудің нәтижесі» деген жолдан бюджет қаржысына алынған дүниенің ысырап болғанына қиналған жанның кейпі байқалмаған еді.
Апта басында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте азық-түлік ысырабына жол берген корпорацияның жұмысына тиісті баға берілді. Аймақ басшысы бұл акционерлік қоғам басшысының қателігі екенін, ысыраптың алдын алуға болатынын айтты. Мәжілісте «Байқоңыр» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Самат Ерниязов қызметінен босатылды.
– Кие, кепиет дегеннен қорықпайтын мына қылықтарыңызды ақтап алатын ешқандай сөз жоқ. Бұл әрекеттеріңізге наразы жұртқа не айтарымызды білмей отырмыз. Мәселенің бұрыннан бар екенін біле тұра қоймадағы өнімдерді басқа мақсатқа пайдалану жолдарын іздемеу, 126 тонна өнім шірігенше қарап отыру – елдің жағдайына жаны ашитын адамның тірлігі емес. «Қоймадағы шығын жылдағыдан 3 есе аз болды» деген жауаптарыңыз – «Суға кеткен тал қармайдының» кері. Бұл сіздің басшы ретінде жұмысты тиісті деңгейде үйлестіре алмағаныңызды көрсетеді. Базардағы бағаның күнне-күнге аспандап бара жатқанын біле тұра жүздеген тонна өнімді жарамсыз қылған сіздердің тірліктеріңізге көз жұма қарай алмаймыз. Сізге біздің арамызда орын жоқ, – деді облыс әкімі.
Өнім шірігенше шарасыз отырған басшы орнынан босатылса, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевқа қатаң сөгіс жарияланды. Басқарма басшысына енді осындай қателік қайталанса, орнынан босатылатындығы ескертілді.
Алда мәслихат депутаттарынан, Қоғамдық кеңес өкілдері мен жанашыр азаматтардан жасақталған комиссия құрылып, корпорация мен тұрақтандыру қорының жұмысы толық тексерілетін болды. Кінәлілердің жауапқа тартылатыны сөзсіз. Алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбас үшін тиісті ұсыныстар әзірленеді.
Сондықтан комиссия саладағы кем-кетікті анықтап қана қоймай, оны болдырмаудың жолын ұсынуы қажет. Қойма ескірсе, жөнделеді. Өнім сыймаса, жаңа қойма салынады.
Қызылорда