Ахмет Байтұрсынұлының «Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын?!» деген сөзі қай уақытта да маңызын жоғалтпайды. Бүгінгі заманда ел қорғайтын ерлердің алғы шебінде әскери қызметшілеріміз жүреді десек, қателеспейміз.
Сол себепті де олардың әлеуметтік жағдайына қарайласу, әсіресе отбасы мүшелерімен жұмыс істеп, бала-шағасының ел қатарлы өсіп-жетілуіне жағдай жасау, отбасындағы моральдық-психологиялық ахуалды жақсарту – маңызды міндет. Осы мақсатта еліміздің Қорғаныс министрлігі құрамында Қарулы күштер әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру бөлімі жұмыс істейді. Бөлім бастығы Тәттігүл Смағұлованың айтуынша, әскери бөлімге жаңадан қызметке келіп жатқан әскери қызметшінің жаңа жерге бейімделуіне, балаларының балабақшаға, мектепке орналасуына көмектесу, ауру-сырқау балалары болса, оларды есепке алу, басқа да әлеуметтік жағдайларына көмек беру, соны әскери бөлім командирлеріне, тәрбие жұмысы бойынша орынбасарларына жеткізу мақсатында ұйымдастырылған бұл бөлімнің атқарар шаруасы сан-салалы.
Соның бір бағыты – әскери қызметшілердің балаларымен жұмыс. Жылдағы дәстүр бойынша 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында бүлдіршіндер арасында түрлі байқау, көрме ұйымдастыру биыл да белсенді қолға алынған. Атап айтқанда, Қарулы күштердегі әскери қызметшілердің 5-14 жас аралығындағы балалары қатысқан «Отан отбасынан басталады» деген тақырыптағы сурет байқауын айтуға болады. Биыл шығармашылық сайыс «Қазақстан – бейбітшілік мекені», «Менің әкем – Отан қорғаушы», «Батырлар ерлігі мәңгі есімде» деген үш номинация бойынша өткен.
– Байқауға еліміздің барлық аймағындағы әскери қызметшілердің балалары белсенді түрде қатысып, өздерінің қылқаламынан шыққан туындыларын жолдады. Арнайы құрылған комиссия жеңімпаздарды анықтады. Оларға Қорғаныс министрінің тәрбие және идеология жұмыстары жөніндегі орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдиновтің қолы қойылған арнайы дипломдар дайындалды. Балаларды қорғау күні қарсаңында жалпы саны 49 диплом иелеріне жолданды, – дейді Тәттігүл Смағұлова.
1 маусым қарсаңында қолға алынған тағы бір іс-шара – «Әскери қызметшінің отбасындағы бақытты сәттер» тақырыбындағы фотоколлаж байқауы. Бұндағы мақсат – әскерилердің отбасындағы таспаға басылған айрықша, тартымды сәттерді көпшілік назарына ұсыну. Бұл байқауға да еліміздің барлық аумағындағы әскери бөлімдерден әдемі фотоколлаждар ұсынылған.
– Біз бұл сынға қатысқан балаларға арнайы орындар бергеніміз жоқ. Өйткені біреу бақытты, екіншісі одан бақыттырақ деп бөліп-жара алмаймыз. Әр баланың ұсынған фотоколлажы бір-бірінен өткен тартымды. Сондықтан осы іс-шараға қатысқан барлық үміткерді сертификатпен марапаттау туралы шешім қабылданды. Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің басшысы, полковник Т.Басқожаев қол қойған сертификаттар әр балаға табысталады, – дейді Қарулы күштер әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру бөлімінің басшысы Тәттігүл Смағұлова.
Оның айтуынша, Халықаралық балаларды қорғау күні, яғни бүгін елордадағы Ұлттық әскери-патриоттық орталықта әскери қызметшілердің және олардың балаларының қатысуымен бірқатар іс-шара өтпек. Атап айтқанда, ойындар, флешмобтар, аниматорлардың қатысуымен арнайы сурет алаңдары, балалар дайындаған концерттер болады. Сонымен қатар жоғарыда айтып өткен үш номинация бойынша жеңімпаз атанған үздік суреттер көрермен назарына қойылмақ. Әрбір елордалық тұрғын балалар қолынан шыққан тамаша туындыларды көріп, өз бағасын бере алады.
Тәттігүл Смағұлова жазғы демалыс кезінде әскери қызметшілердің балаларының бос уақыттарын пайдалы өткізу мақсатында лагерьлер ұйымдастыру жоспарда тұрғанын айтып өтті. Баланың дербес өмірге бейімделуіне, пайдалы тәлім-тәрбие алуына және жаңа достар табуына лагерьдің ықпалы орасан зор. Осы мақсатта Қонаев гарнизоны Алматы төңірегінде, елордалық гарнизон Бурабайда лагерь ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Жалпы, әрбір әскери бөлімде қызметкерлердің балаларына барлық жағдайды жасау үшін үйірмелер ашылғанын айта кету керек. Одан бөлек, балаларға арналған кітапханалар жұмыс істейді. Ал жуырда жылдағы дәстүрге сай балалар Қарағанды облысындағы Спасск полигонында өтетін «Айбын» әскери патриоттық жиынына дайындалып жатыр.
Осы орайда әскери қызметшілер балаларының жетістіктерін де айта кету орынды. Мәселен, Алматы қаласында өткен «Тайжарыс-Талант» халықаралық байқауында абайлық әскери қызметшінің қызы Мөлдір Мейрамбаева бас жүлдеге ие болды.
Туған жерінде жас талантты Абай гарнизонының әскери қызметшілері аса қуанышпен қарсы алды. Мөлдір бес жасынан ән айтып жүр. Өнер өлкесіне қанат басқан ол вокал аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алды. Жас өрен сайыстан үздік шығатынына сенімді болыпты.
– Мен бұл жарыста бірінші орын алатыныма сенімді болдым. Себебі жарысқа ұзақ дайындалдым. Шығармашылық бағыттағы ұстаздарым да маған қатты көңіл бөлді. Міне, бүгін олардың үмітін ақтадым. Өте қуаныштымын, – дейді жеңімпаз жас. Сегізінші сыныпта оқитын әнші қыз әскери қызметтегі әкесін үлгі тұтады. Жарыстарға барар алдында одан кеңес сұрайды.
– Халықаралық байқауда Семейдің ғана емес, Қазақстанның намысын қорғаған қызымызды теміржол вокзалынан салтанатты түрде күтіп алдық. Мөлдірдің әкесі де қызметінде белсенді. Әсіресе, жауынгерлік және мемлекеттік құқықтық дайындық жұмыстар жағынан өте зерек. Өнерпазға толағай шығармашылық табыстар тілейміз, – дейді 54770 әскери бөлімінің инженерлік-саперлік батальон командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, аға лейтенант Бақберген Буратаев.
Мөлдір бұл жетістігімен шектелмек емес. Оны шілде айында Астана қаласында өтетін тағы бір жоғары деңгейдегі ән байқауы күтіп тұр. Қаршадай қыз әке үмітін ақтауға ниетті.