«Адам – ақылымен қымбатты, ұрпағымен сымбатты» деген сөз бар. Біз келешегінен үміт күтіп отырған жас ұрпақтың басым бөлігі бүгінде рухани тұрғыда жұтаңданып, бос іс пен арзан күлкіге көп әуестенеді. Соның бір мысалы ретінде олардың әлеуметтік желілерді дұрыс қолданбауын, оның пайдасыз, зиянды жақтарына көбірек бой алдырып жататынын айтуға болады.
Мәселен, бүгінде тренд қуған ұл-қыздардың көбі әлеуметтік желілер, басқа да ақпараттық құралдарда жиі жарнамаланып көрсетілетін электронды темекіні тұтынатын адамдарды бүгінгінің нағыз тұлғаларындай, батырларындай көретін болып жүр. Балалар оны адам ағзасына зиянды темекі емес, кәдімгі ойыншық деп қабылдайтын да көрінеді. Баламысың деген. Жарайды, оларды бала дейік, бірақ қасында ата-анасы бар емес пе?..
Кейінгі кездері электронды темекенің зияны жөнінде аз айтылып, жазылып жүрген жоқ. Тек оны ұғатын сана болсын деңіз. Шын мәнінде, аталған электронды түтікше кәдімгі темекі секілді өкпеге тыныс алу жолдары арқылы никотин жеткізеді. Ішінде арнайы сұйықтығы, ауыстырылып тұратын картриджі болады екен. Егер әлгіні жиі пайдаланар болсаңыз, ағзаңыз оған тез арада тәуелді болып қалады. Оның құрамында никотин, көмір қышқыл газы, көміртек тотығы, көгеретін қышқыл, аммиак, шайырлы заттар, органикалық қышқылдар бар.
Оны сатып пайда табушылар, өндірушілер өз өнімдеріне шаң жуытпасы белгілі. Оларға керегі пайда. Халықтың, әсіресе жастардың денсаулығы олар үшін құны жоқ секілді. Өкінішке қарай, өнімді ұсынушылар «никотині аз, зияны жоқ» деп оны жарнамалаудың түрлі жолдарын меңгеріп-ақ алған. Нарықта бір вейптің бағасы 2 мың теңге тұрады. Осылайша, тауардың қолжетімділігі жаппай тұтынуға оңай жол ашып отыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы электронды темекілер зиянсыз деген тұжырыммен келіспейді. Аталған ұйым шылымның бұл түрі, әсіресе иммунитеті құбылмалы, әлсіз балалар ағзасына қатты теріс әсерін тигізетінін, тұтынушылардың 70-80 пайызы жүре пайда болатын көптеген ауруға шалдығатынын растады. Токсиколог маман Галина Николаева: «Темекінің қай түрін қолдансын, олардың негізгі компоненті тәуелділік тудыратын күшті психобелсенді сипатқа ие. Ал никотиннің адам ағзасын қаншалықты улайтыны белгілі. Қосымша формальдегид, смола, улы газ, күшәла (мышьяк), сионид, полоний, қорғасын мен висмут сынды қоспалар никотин зиянын күшейткен үстіне күшейте береді», дейді.
Иә, бұл өнімнің тиігізетін зардабы оңай емес. Бірақ оны ескеріп, оған қарсы күресіп жатқандар кемде-кем. Содан аталған «дерт» күнделікті өмірде кеңінен таралып барады. Ата-ана қауымы электронды темекіні «өтірік темекі» деп түсініп қалған балаларға бас-көз болып, жаман әдетке бой үйретуден сақтаса дейміз. Тек ата-аналар ғана емес, азаматтық қоғам, атқарушы билік халық арасына кеңінен жайылып бара жатқан электронды темекіге қарсы күш біріктірсе, қанеки. Халқымыздың денсаулығы – ел болашағының кепілі. Ендеше, қамсыз қалмайық, ағайын.
Тұмар ҚАЙРАТҚЫЗЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ студенті