Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың басталғанына жылдан асып барады. Бұл жолы қозғайтын тақырыбымыз соғыстың ушығу себептеріне қандай саяси жағдай түрткі болғаны тұрғысында емес, геосаяси ахуалдың жергілікті кәсіпорындарға тигізер әсері жайында болмақ.
Бүгінде көпті толғандырған басты сауал көрші елдің экономикасы Батыстың санкцияларынан кейін қанша уақытқа шыдастық танытады және Украинамен текетірестің түбі немен аяқталады дегенге саятындай. Ресей мен Батыс арасында тоқсаныншы жылдардан бері қалыптасқан саяси-экономикалық байланыстар ажырамастай көрініп еді. Өзара экономикалық тәуелділік ешқашан саяси текетіреске апармайды деген сенім болды. Алайда Ресейге салынған қаржы-экономикалық шектеулер дәл сол саяси шешімнің нәтижесінен шықты. Санкция салдарынан Ресейдің Орталық банкі еуро, доллар, ағылшын фунт стерлингінде сақтаған валюта қоры бұғатталды. Қаржы ұйымдарының қызметі шектелді. Рубльдің тағдырына күмәнмен қараған небір шетелдік компаниялар Ресей нарығынан кетіп қалды. Экономикалық тұсаулар техника мен технологиялардың импортын азайтты.
Ал бұдан біздің еліміздің экономикасына қаншалықты залал келеді деген сауалдың туындауы да орынды еді. Осы орайда шымкенттік кәсіпкерлердің қаншалықты қиындық көріп отырғандығы жөніндегі сауалды өңірлік «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Бауыржан Бердалиевке қойып көрген едік. «Бұл мәселе тек Шымкент емес, барлық өңірге қатысты болып отыр. Мәселен, «Қағаз ордасы» кәсіпорны Финляндиядан ағартушы қоспа сатып алатын. Санкциядан кейін ол мүмкін болмай қалды. Ресейден ала салайын десе, олар да Финляндияға тәуелді. Алайда көрші ел ағартушы қоспа өндірісін өзі қолға алған соң қазір кәсіпорын оны Ресейден импорттап жатыр. Өзінің ішкі нарығында кейбір тауарлардың, техниканың тапшылығын болдырмау мақсатында Ресей бір уақытта шекарасынан ол өнімдерді алып өтуге шектеу қойған еді. Сол кезде қажетті қондырғы сатып ала алмай қиналған біраз кәсіпорын болды. Жалпы экономикалық тәуелсіз болғанға не жетсін. Сондықтан палата «Кәсіпке бағыт» бағдарламасын іске асыруды бастап жатыр. Ішкі нарықтағы сұранысты мүмкіндігінше өзіміздің жергілікті кәсіпорындар арқылы қанағаттандырып отыруымыз керек».
Осы мәселеге орай бүгінгі ахуал туралы кәсіпкерлердің өзінен де сұрап көрген едік. Жеке кәсіпкер Құрманғазы Халиев Ресейден темір-терсек импорттау мәселесінде ешқандай кедергілер жоқ екенін айтты. Оның баяндауынша, көрші елдің Волгоград және Пермь өңірлерінен кәдімгі зауыттан шыққан темір профильдер мен құбырларды ортадағы арнайы дистребьютерлік компаниялар арқылы қолжетімді бағада алдыртады. Ресей рублі құнсызданғалы бағасы да бұрынғымен салыстырғанда біршама арзандаған. Профильдер мен құбырлар біздің елімізде де өндіріледі. Алайда кәсіпкердің пікірінше, сапасы көңіл көншітпейтін көрінеді. Металл бұйым құйылатын шикізаттың өзінен бұрын оны қалыпқа салып жасайтын станоктар қытайлық болғандықтан өлшем мәселесінде бірізді, яғни, стандартты болып шықпайды екен. Сондықтан шектеу жоқ. Көтерме бағасы да қымбат болмағандықтан ресейлік темір бұйым өнімдеріне сұраныс жоғары.
Ал кілем өнімдерін шығаратын «Бал Текстиль» фабрикасының иесі, танымал кәсіпкер Талғат Ысқақов Ресеймен арада тауар тасымалдауда немесе шикізат жеткізуде біршама қиындықтар бар екенін мойындайды. Әсіресе кәсіпкердің айтуынша, өзара төлем жүргізу мәселесі өте күрделі. Тоқыма фабрикасы әлемдегі ең ірі сауда желісінің бірі «Икеямен» де әріптестік байланыс орнатқан. Алайда кейбір шарттарға байланысты келіспеушілік туындап, әріптестік қарым-қатынас қазір үзілген. Кәсіпкердің пікірінше, елімізде шетелдік тауарға тәуелділік жоғары. Ал оны төмендетудің бір жолы – ішкі нарықты қорғау. Осы талапты орындамаудың салдарынан елімізде отандық кәсіпорындар дами алмай жатыр. Ішкі нарығы қорғалмаған соң бірінші кезекке табысты қоятын инвесторлар да Қазақстанда бірлескен зауыттар салуға мүдделі емес. Рас, елімізде арнайы экономикалық, индустриалды аймақтар және субсидия мен төмен пайызды қаражаттар арқылы жергілікті кәсіпкерлерді қолдау шаралары баршылық. Алайда сол ішкі нарықта отандық тауардың өтуіне жағдай жасалмағандықтан, шетелдік өнімдер бәсекелестігіне шыдай алмаған жергілікті кәсіпорындар ғұмыры ұзаққа бармай жатыр. Кәсіпкердің ойынша бұл мәселені шешу үшін кедендік баж салығын көтеру қажет. Иә, Қазақстан түрлі экономикалық одақтарға мүше болғандықтан біржақты мұндай әрекет жасай алмайтыны белгілі. Дей тұрғанмен саудада шартты баға деген болады. Тым құрығанда соны көтеру керек дейді. Сонда өз нарығында отандық өніміне сұраныс бар екенін байқаған шетелдік инвестор да дайын өнім шығаруға қызығушылығы артады.
Ресейдегі санкциядан көбірек зардап шеккен компания «ПК» АГФ групп» болған секілді. Бұл туралы серіктестік басшысы Гаухар Насырова айтып берді. Кәсіпорын үй текстилі мен төсек-орын жабдықтарын өндіретін еліміздегі ең ірі тоқыма фабрикалардың қатарына кіреді. 2022 жылдың ақпан айына дейін компания өнімдерінің 90 пайызы экспортқа кетіп отырған. Сол уақытта фабрикада 300-ден астам адам жұмыс істеген. Жоспарға сәйкес 2022 жылы Ресейдегі «Икея» сауда желісіне төсек-орын жабдықтарын және жиһаз жабындарын шығаратын жобаны іске қоспақшы болған. Алайда орын алған саяси ахуалға байланысты бұл жоспар сол күйі орындалмай қалады. 2022 жылдың 3 наурызында Икеядан Ресей Федерациясы мен Беларусь елінде өз қызметін тоқтататыны туралы ресми хат келеді. Осыған байланысты алғашқы кезде жиһаз жабындарын өндіретін жоба белгісіз уақытқа шегеріліп, кейін мүлдем тоқтатылады. Бір өкініштісі, аталған өнімді шығаратын цех құрылысын салу үшін кәсіпорын банктен қомақты көлемде несие алған. Бірақ жоба іске аспағанымен компания несие берешегін әлі төлеп келеді.
Қазақстан мен Ресей экономикалық бір одақтың құрамында. Тауар айналымында ешқандай шектеу жоқ. Кедендік кедергілер алынып тасталғаны қашан. Алайда бұл сауда-саттық еркіндігі санкция жағдайында біздің елге де оңай тиіп жатқан жоқ. Шетелдік түрлі техникаларды шекара асыруға болмайды, бұл санкция тәртібін бұзуға себеп деген ескертумен Батыс экономикалық шектеудің салқыны елімізге де тиіп кетуі мүмкін екенін ескертеді. Екінші жағынан еліміздің мұнай тасымалының басым бөлігі Ресей арқылы асатындықтан көрші елдің қас-қабағына қарауға да мәжбүрлік бар. Сондықтан бізге транзит мәселесін түбегейлі шешетін уақыт жетті. Каспий теңізі одан Әзербайжан, Грузия, Түркия арқылы Еуропа нарығына шығу жолы бүгінгі таңда ең тиімді балама транзитке айналып отыр. Екінші мәселе, екі ел экономикалық одақ шеңберінде болғанымен Ресей шыны керек, біздің тауарларға зәру емес. Оған дәл қазір керегі машинақұрастыру саласындағы және жоғары технологиялы өнімдер. Қазақстан нарығы Ресей үшін пәлендей рөл ойнамайды. Сондықтан экономикалық одақ аясында ағылып келіп жатқан дайын тауарларға алданбай, қайта өңдеу және машинақұрастыру өнеркәсіп барынша дамытуымыз қажет. Бүгін қолға алмасақ ертең кеш болуы мүмкін. Жалпы, Ресей аумағы жағынан әлемде ең үлкен мемлекет болғанымен экономикасы орташа елдер қатарына кіреді. Мәселен, оның ішкі жалпы өнімі әлемдік табыстың 2-3 пайызын ғана құрайды. Оның табысын арттырып тұрғаны металл, мұнай-газ басқа да табиғи қазба байлық шикізаттарының саудасы. Алайда оларды сатуға шектеу қойған санкциялардан кейін Ресейдің даму көрсеткіші жоғарыдағы рейтингтік сатыдан төмендеп қалуы мүмкін. М.Әуезов атындағы ОҚУ ұстазы, экономист Марат Сейдахметов осылайша өз пікірімен бөлісті.
Қорытындыға келсек, Қазақстан нарығы Ресеймен кіндігі байланған десек болады. Сондықтан көрші ел нарығындағы жағдай бізге тікелей әсер етеді. Алайда бізге өзіміздің тәуелсіз экономикалық саясатымыз қажет. Оның маңызы туралы жоғарыда айтылып кетті. Яғни бірінші кезекте, ішкі нарықтағы отандық тауарлар қорғалуға тиіс. Өйткені кәсіпкер Т.Ысқақов айтып өткендей, бәсекелестікке төтеп бере алмаған көп кәсіпорын ашылып, артынша жабылып қалып жатыр. Осы жағдайға қарай шетелдік инвесторлар да елімізде зауыт салуға бейіл емес. Өздерінің дайын өнімдерін әкеліп сату әзірге олар үшін тиімді. Былайша айтқанда, олар тауарларын біздің нарықта сатып, өз бидайымызды өзімізге қуырып беріп жатыр.
Жалпы, қазір әлемдегі геосаяси жағдай өте күрделеніп тұр. Ол бірінші кезекте дүниежүзілік экономикалық дамуға таяқ болып тиіп, соның салдарынан қарапайым халық зардап шегуде. Тіпті санкция салған Батыстың өзі сонау өткен ғасырдың соңынан бергі болмаған қиындықтарды бастан кешіп отыр. Мәселен, АҚШ мемлекеттік қарызын жаба алмай, төлеу мерзімін уақытынан кешіктірді. 1917 жылы АҚШ Конгресі мемлекеттік қарыздың шекті көлемін бекіткен. Енді Байден әкімшілігі ол шекті тағы да өсіруді сұрап отыр. Алайда республикалық партия өкілдерінен құралған депуттардың басым бөлігі бұл ұсынысқа қарсылық танытып жатыр. Маусымның басына дейін бұл мәселе шешілмесе, АҚШ пен жалпы әлемдік экономиканы әжептеуір қиын жағдай күтіп тұр.
ШЫМКЕНТ