• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Форум 02 Маусым, 2023

Көмір өндірісінде кідіріс болмайды

258 рет
көрсетілді

Кеше Астанада елдің көмір өнеркәсібінің IV форумы өтті. Ауқымды іс-шараға осы сала­дағы кәсіпорындар өкілдері мен шет­елдік мамандар қатысып, ой­ларын ортаға салды.

Қазір көмірді жеткізудің жаңа экс­порттық бағыттарын іздестіру, қатты отынды байыту және қайта өңдеу бойынша заманауи технологияларды енгізіп, көмір химиясы мен оны таза және тиімді пайдаланудың басқа да жолдарын дамыту өзекті болып отыр. Сондай-ақ өндірісте қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, көміртексіздендіру саясаты аясында қара алтынды өндіру перспективаларын айқындап, өндірістің тиімділігін арттыру жайы өткір мәселеге айналды.

Саланың осы және басқа да өзекті мәселелері Astana Mining & Metallurgy XIII Халықаралық тау-кен металлургия конгресі шеңберінде ұйымдастырған форум ала­ңында талқыланды.

«Жаңа энергетикалық парадигма жағдайында көмір саласын дамыту мүм­кіндіктері» тақырыбында форумды Ин­дустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қолдауымен Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кә­сіп­орындарының республикалық қауым­дас­тығы (ТМКҚ) ұйымдастыруға атсалысты.

Атап айтқанда, биыл форум ала­ңында саланы дамытудың тұ­жы­рым­дамалық мәселелері талқыланды. Ұйым­дастырушының нақты мақсатына зер салсақ, көмір өндірісін өркендету үшін қазіргі жағдайда дамыту векторын ай­қындап, тәжірибе алмасу және әлеуетті әріптестермен іскерлік байланыстарды кеңейту үшін мемлекеттік органдардың, көмір өндіруші кәсіпорындардың, ұлттық компаниялардың, отандық және халықаралық сарапшылардың басшыларын төртінші рет жинап отыр.

Қазақстанның көмір өнеркәсібі – экономиканың ірі салаларының бірі. Ол еліміздегі электр энергиясының 70 пайыздан астамын өндіретін кәсіпорындарды отынмен қамтамасыз етеді. Кокс-химия өндірісінің толық жүктемесі осы саланың мойнында. Сондай-ақ комму­налдық-тұрмыстық сектор мен халықтың отынға деген қажет­тілігін толығымен қанағаттандырып отыр.

Өткен жылдың қорытындысы бойын­ша елімізде 117 млн тоннадан астам көмір өндірілді. Бұл өткен жылғы өндіру деңгейінен бір жарым пайызға артық. Былтырғы көмір экспорты 32,5 млн тоннаны құрады. Коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге және халық үшін 11,03 млн тонна, энергетикалық кешендерге  64,4 млн тонна және өнеркәсіптік кә­сіпорындарға 5,97 млн тонна көмір жө­нелтілген.

«Өздеріңізге белгілі, көмір саласын­дағы 30-ға жуық кәсіпорын халық пен тұрмыстық қажеттіліктерге, энергетика және өнеркәсіп салаларына көмір өн­дірумен айналысады. Сала 30 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр», деді форумда Индустрия және инфрақұры­лым­дық даму вице-министрі Иран Шар­ханұлы.

Министрдің орынбасары саланы заман талабына сай дамыту жолдары туралы өз ойын айта келіп: «Бүгінгі таңда Үкімет 8 жобаны жүзеге асыруды және өндіріс көлемін ұлғайтуды көздейтін Отын-энергетика кешенін дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекітті», деді.

«Көмір табиғи жағдайларға тәуел­ділігі аз, ең арзан энергия ресурсы болып қала береді. Көмір өндіру құны баламалы және жаңғырмалы энергия көздерінен едәуір төмен. Бұл халық үшін электр энергиясының қолжетімділігіне, сондай-ақ отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігіне ықпал етеді», деді «Рес­публикалық тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығы» АЖО атқа­рушы директоры Николай Радостовец.

Елімізде бар­ланған көмір қоры шамамен 34 миллиард тоннаны құрайды екен. Осы көр­сеткіш бойынша Қазақстан әлемдегі көш­басшы елдердің ондығына кіреді. Өнер­кәсіп ондаған мың жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Ең бастысы, елге экспорттық кіріс әкеліп отырған саланың бірі саналады.

Форумда негізгі салалық іс-шара және көмір өнеркәсібінің өзекті мәселелері кеңінен талқыланды. Бұл іс-шара саланы бәсекеге қабілетті және инвестициялық тар­тымды етуге мүмкіндік беретін және оны дамыту стратегиясын әзірлеуге ар­налған алаңға айнала білді.

2019, 2021 және 2022 жылдары көмір форумын өткізудің оң тәжірибесі ел экономикасы үшін саланы дамыту бойынша мамандардың, жұртшылық пен мемлекеттік органдардың пі­кірлерін шоғырландыру үшін іс-ша­раның маңызы өте жоғары екенін растады.