• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Әдебиет 05 Маусым, 2023

«Қара бауыр қасқалдақ» әкемнің өмірін тозаққа айналдырды - Айгерім Есенғалиқызы

3800 рет
көрсетілді

Есенғали Раушановтың «Қара бауыр қасқалдақ» өлеңі қасіретті желтоқсан оқиғасына байланысты жазылған. Сол кезде осы өлеңнен саяси астар іздегендер көп болды. 

«Қара бауыр қасқалдақ» өлеңі әкемнің жеке өмірін тозаққа айналдырды, бірақ ол туралы еш уақытта тіс жарып бізге айтпаған. Осы өлең де, «Шолпан Жұлдыз туғанша» атты кітабы да үш жыл бойы тергеуде болды, әкемді түнгі сағат екі мен үштің аралығында алып кетіп, тергеу жұмыстары жүргізілетін. Бұл туралы анамнан естідік, барлық жағдайды ол әрине жарына айтып беретін. Әкеме қоқан-лоқы жасалғаны екібастан белгілі. Атап айтқанда: «Шолпан Жұлдыз туғанша» кітабың ешқашан басылмайды, себебі «Қара бауыр қасқалдақ» өлеңінің астары бар, ол – тұнып тұрған саясат, оған қоса мектеп жасындағы екі балаң қазақ мектебінде білім алып жүр, өзің «халық жауының» баласысың, басқа қандай дәлел қажет? Саған да «халық жауы» деген айып тағамыз!» деген ыңғайда азаматтың сағын сындыратын әңгімелер жүргізіліп отырған», дейді Айгерім Есенғалиқызы «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында.

Есенғали Раушанов та бұл өлеңге қатысты пікір білдіріп, былай дейді: «Бұл өлең мені аз әурелеген жоқ. Өз басым оның әніне көңiлiм тола бермейді. Неге? Қазақта қай өлең әнге сұранып тұр? Әуелі осы мәселені пысықтап алу керек қой. Өнердің ішкі әлемінің кабысуы деген болады. Кейбіреулер бұл өлеңнің сөзін өзінің ыңғайына қарай бұрып, шумақтар қосып айтады. Өнерде одан өткен сорақылық, қиянат жоқ. Менде кезінде кітапқа енбей калған өлеңдер баршылық. Үлкен күшпен жарық көрген кiтабымда «Қасқалдақ» бұрмаланып шықты. «Қаңғып келген шүрегей, көлге пана болмайды» деген жолдардағы «қаңғып» сөзі «адасып» деп түзелген. Бұл дегенің өлеңді түсіну түгілі, карапайым техникалық құрылымын білмеу, болмаса түсінуге тырыспау деген сөз емес пе. Біреулер бұл әнді Қонаевқа арналған десе, біреулер Колбинді айтады. Бұл бекер. Колбинге шүрегей келмейді. Қайдан білейін, бәлкім, Қонаевты қасқалдақтан гөрі ірірек құсқа теңеген дұрыс шығар... Жалпы менің шығармашылығымда жеке адамдарға, компартияға, саясатқа арналған қызыл өлеңдер болған емес... Мұнымен мақтанайын деп отырғаным жоқ, дұрысы сол. Сондықтан «Қасқалдақ» ешкімге арналмаған. Ол сол төгілген қанға оқылған дүние... Бір қуанатыным, бұл өлеңнің кітаптан бұрын «жұлдызға» шыққан нұсқасы бар еді. Ән авторы соны пайдаланыпты».