Ауыл баласы Алдабергеннің есімі ел арасына ерте тарады. «Жайлаудың шебер баласы» атанған Алдаберген тумысынан бойына дарыған шеберлікті кәсіби тұрғыда дамыту үшін мектеп бітірген соң Ақтау қаласындағы Өнер колледжінде «суретші-шебер» мамандығы бойынша білім алды. Арнаулы орта білімнен соң Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін «бейнелеу өнері және сызу пәні» мамандығы бойынша бітіріп, туып-өскен Бейнеу ауданының Сарға ауылына келіп ұстаздық қызметке кірісті.
Алдабергеннің сурет, мүсін, қолөнерге ден қоюы 2000 жылдан басталады. Сол жылы 18 жасқа толған жігіт сурет салып, түрлі материалдардан мүсін жасаудың қыр-сырын құмарта ізденіп, өнер, шеберлік әлеміне сүңги жөнелді. Осы шабыт жетегінде жүріп облыстық, республикалық, халықаралық сайыстар мен көрмелерге қатысты. 2003 жылы Астана қаласында өткен «Шабыт» халықаралық фестивалі, 2005 жылы Мысырдағы халықаралық көрме, сол жылы Алматыда ұйымдастырылған Ә.Қастеевтің 100 жылдығына арналған көрме, Талдықорған қаласындағы «Менің Қазақстаным» көрмесі, елордада өткен «Астана бәйтерек» байқауы секілді небір айтулы жиындардан мақтау-мадақтаумен оралды.
Бүгінде айтулы шебер, қолынан шыққан бұйымдарымен елді таңғалдырумен жүрген Алдаберген Тіленбаев – Сарға ауылындағы мектепте еңбек пәнінің оқытушысы. Қызметіне сай жас ұрпақты еңбексүйгіштікке, шеберлікке баулып, сабақтан тыс уақытында да мектеп шеберханасынан табылады. Көз алдындағы және қиялындағы көріністі айнытпай қағаз бетіне бейнелей қоятын суретші жігіт матадан киім тігіп, құрақ құрайды, ағаш пен темірді қамырша илеп қалаған бұйымыңды қолыңа ұстатса, соңғы жылдары сүйекті өңдеп кәдесыйлар жасауды қолға алды. Кіреберістегі «Сарға» деген әдемі жазудан бастап ауылдағы үйлердің біразында Алдабергеннің қолынан шыққан жекелеген бұйымдар табылатыны анық.
Ол Маңғыстау өңірінің экологиялық ерекшелігіне сай ауыл шаруашылығына, тұрмысқа қажетті вагондар мен өзге де тұтыну бұйымдарын жасауды қолға алды. Сондай-ақ балалардың ойлау қабілетін арттыру, тілін дамыту, ой-қиялының жүйріктігін қалыптастыру мақсатындағы әр жастағы балаларға арналған танымдық және дамыту құралдары, қазақ халқының ертегілер мен аңыздарына құралған ойындарды ағашпен, сүйекпен жасап келеді. Мысалы, киіз үй бейнесінде жасалған танымдық ойыншықта бүлдіршіндерді аяқ киімнің бауын байлауға үйрету, асықпен оңға, солға, жоғары-төмен бағыттау арқылы тұстарды айыра білу, ток көздеріне қосу және айыру, жарықты жағып-сөндіру, санауышпен есеп шығару, белдік тағып үйрену, өзге де үлкен өмірге қажетті және әрбір адамға күнделікті тұрмыста кездеспей қоймайтын қарапайым әдеттерді бала танымына сіңіру мақсаты бар.
– Қай халықтың да сан ғасырдан келе жатқан ұлттық мұрасы мен рухани қазынасы – ұлттық нақыштағы өзіндік қолөнері болады. Халық шеберлері мен ұсталары ұлттық қолөнер бұйымдары арқылы халқымыздың дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігін көрсете білген. Алдаберген Тіленбаев – халқымыздың ою, тігу, құрастыру, тоқу, мүсіндеу, бейнелеу сияқты ұлттық қолөнер түрлерін заманға сай жетілдіре жаңғыртып жүрген шебер. Аудан көлемінде 2023 жылы «Ең үздік шебер» атағын иеленген Алдаберген Жайлауұлына қолөнердің көптеген түрі дарыған. Темірден, ағаштан, сүйектен түрлі бұйымдар жасауы, әртүрлі ойыншықтарды ағаштан әзірлеп оны пульт арқылы басқаруы, балалардың сана-сезімін арттыру үшін фетр матасы мен ағаштан ұлттық ойыншықтар жасауы өте қызғылықты. Ол іс тігу машинасымен жұмыс істеуді де толық меңгерген. Құрақ құрау және адам келбетін бисермен моншақтауға қызығушылығы өте жоғары. Алдаберген салған әр суретте терең мағына бар. Мен «Тұтқынға түскен түрікмен қыз» суретін өте жоғары бағалаймын. Оның шәкірттері аудан, облыс, республика көлемінде жүлделі орындарға ие болып жүр, – дейді өнердегі сырлас-сыйлас әріптес әпкесі, белгілі ісмер Жанар Меңдіқұлова.
Алдаберген биыл Маңғыстау облысының әкімі Н.Ноғаевқа өңірдің тұрмысына қажетті ерекше жобасын ұсынды. Туризмді дамытуды басты бағыттардың бірі еткен Маңғыстауда саяхатшылардың қатер-қорқынышсыз және үйдегі жағдайды сақтай отырып саяхаттауына, сондай-ақ шалғайдағы малды ауылдарға қажетті жүрмелі үй тіркемесі жобасы қолдау тауып қолданысқа енсе, тұтынушының талғамына татитыны анық. Қазақтың қолөнерін заманға сай дамытумен бірге өнерге ынтық, еңбекке құштар шәкірттерді тәрбиелеп жүрген Алдаберген Тіленбаевтың өнері жоғары бағаланатын күн де, өзін жаңа қырымен танытатын кезі де алда. Алыстағы ауылдағы біртоға жігіттің жан түкпірінде ашылмай жатқан өнер айдынының қақпағы айқара ашылып, игілігін халық көрер күнді күтіп жүрміз.
Маңғыстау облысы