• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Балалар 05 Маусым, 2023

«Phenomenal kids»-тен базарлық

278 рет
көрсетілді

Әлеуметтік желіде балаларға арналған контент баршылық. Алайда ата-аналар орыс тіліндегі бейнематериалдарды тамашалап жетілген баланың қазақ тіліне шорқақтау болатынын біледі. Жуырда балдырғандарға жол тартқан «Phenomenal kids» танымдық ойын-сауық жобасы осы олқылықтың орнын толтырар дегенге үміт басым.

Қазақ тілінде әзірленген «Phe­nomenal kids» жобасы арқылы балдырғандар әлеуметтік желіде ертегі, бесік жырын тыңдай алады. Сондай-ақ платформада балаларды дамытуға арналған контент жарияланды. Айта кетерлігі, жобаны әзірлеуге әртістер мен елге танымал белсенді азаматтар үлес қосқан. Мұның барлығын жобаның таныстырылымында идея авторы, продюсер Азат Абыкен тарқатып айтты.

– Біз бір топ белсенді азамат­тың басын қосып, отандық балалар контентін әзірледік. Бұл дүниеміз ең әуелі қазақ тілінде, сосын ағылшын және орыс тілін­де қолжетімді. Біздің өнімді ел­ге танымал әртістер дыбыс­тады. Бірінші жинақта әуенге ба­сым­дық бердік. Екінші жинаққа қа­зақ ертегілерін топтастырдық. Біз жаңа дәуірдің технология­ға бейім балалары ақпаратты жыл­­дам қабылдайтынын білеміз. Сон­­дықтан балақайларға түсінік­ті болсын деген ниетте тас­па­ға жаңа нұсқада 12 ертегі енгіздік. Ертегілерді де елге есімі белгілі азаматтар дыбыстады. Үшінші жинақта әрине балаларды дамытатын контенттер әзірледік. Яғни мұнда балалар әуезді ән арқылы әріп танып, санауды, түстерді ажыратуды, тазалық сақтауды үйренеді. Жануарлар әлемімен танысып, тіпті жаңа мамандықтар жайында ақпарат ала алады. Біз балаларға сапалы контент ұсынуды міндетіміз деп санадық. Сондықтан жобаны өз күшімізбен, өз қаражатымыз­­ға бастадық. Жобаға қолдау көр­сеткен азаматтарға алғыс айтамыз. Бұл біз іске асыруға оқтал­ған үлкен жұмыстың бірінші сатысы ғана деп ойлаймыз. Сондықтан жыл соңына дейін балалар кон­тентіне бейжай қарамайтын се­ріктестеріміз пайда болар деген үміттеміз. Жаңа дәуірдің балалары бізден әлдеқайда дарынды, ширақ әрі мықтырақ. Солай болуы да заңдылық. Балалар біз жасаған өнім арқылы әуелі қазақ тілінде еркін сөйлеп, сосын орыс тілінен бұрын ағылшын тілін төте үйрене алады. Осы контентті пайдалан­ған балалар бәсекеге қабілетті болып же­тіл­се екен дейміз, деген жоба же­текшісі жобаны үйлес­тіру­ге үлес қосқан шығармашы­лық ұжым­­ды көпшілікке таныс­тырды.

Осы тұста жобаның компо­зи­­торы Әскер Абдрахманов қазақ­ша балалар контентін әзірлеу идея­сы қалай туғанын айтып бер­ген еді.

– Пандемия кезінде менің тұң­ғышым дүниеге келді. Әри­не отбасымыздың үлкен-кішісі түгел балаға көңіл аударды. Сол тұста баламызға қазақ тілін­де контент керегін түсіндік. Осы­лай­ша, бірінші бесік жырын жаз­дық. Сосын дамытқышты да­йын­дадық. Уақыт өте келе бір­­шама сапалы дүние жиналды. Ен­ді осы­ны неге елдегі барша ба­­лаға ұсынбас­қа деген ой мазалады. Былтыр қа­рашада жобаны мық­тап қолға алып, осы күнге дейін іске асыр­ған жұмыстарды топ­тастырдық. ­Әзір­ге біздің өнім екі-үш жасар бала­ларға арнал­ған. Келешекте мульт­фильмдерге көңіл ауда­ра­мыз деп отырмыз, дейді ол.

Балалар қазақша контент ар­қы­лы қазақтың салт-дәстүрін, мә­дениетін біліп, қоршаған ортаны ана тілінде танып өседі. Ол үшін бірінші кезекте қазақ тіліндегі контент әр алуан бол­са, оны тамашалған бала жа­лық­­пай, керісінше, қызықса игі. Балаларға сапалы дүние ұсы­­нуды ойлаған «Phenomenal kids» жобасының авторлары бүл­діршіндердің талғамын елеп-ес­кергені қуантады. Мысалы, жоба үйлестірушілері дайын өнім­ді әуелі өздерінің балаларына ұсын­ған. Яғни сапалы дүниеге бірінші болып оң баға берген – ересектер емес, бүлдіршіндердің өзі. «Phenomenal kids». Көпшілік неге жоба ағылшын тілінде аталды деп ойласа керек. Мұның себебі, жоба жетекшілері отандық өнім­ді халықаралық деңгейде танытуды мақсат тұтып отыр. Қазақ тіліндегі балалар контентінің жанашырлары жыл соңына дейін ­бір ертегіні Мемлекет басшысы ана тілімізде дыбыстаса деген ниетте. Ендеше, біз де қазақ тіліндегі балалар контентін әзірлеуге үн қос­қан белсенді азаматтарға табыс тілейміз. Құлаққағыс ретін­де айтар болсақ, «Phenomenal kids»-тің балаларға арналған сапалы дүниелері әлеуметтік желідегі бар­­­лық платформада қолжетімді.