Биыл халқымыздың ардақты перзенттерінің бірі, ақын, әнші, композитор Иманжүсіп Құтпанұлының туғанына 160 жыл толды. Соған орай елордадағы Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясында «Иманжүсіптің әні» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Мазмұнды кеш шымылдығы Астанадағы Музыкалық жас көрермен театры әртістерінің айтулы тұлғаның өмір жолын бейнелеген қойылыммен ашылды. Одан кейін Иманжүсіптің немересі белгілі ғалым, профессор Раушан Көшенова атасы туралы жұртшылыққа беймәлім деректерді әңгімеледі.
– Әкем маған көзі тірісінде: «Атаңның сүйегі жатқан жер мен суретін тауып ал», деп аманат айтып еді. Бүгінде соның екеуін де орындадым. Атам ақталғаннан бері артында қалған мұрасын жинап келемін. Біздің әулетіміз көп қуғын көрді. Әкем он жасында жетім қалып, бас сауғалап Өзбекстанға кетті. Елге 1946 жылы оралғаннан кейін туыстарын іздеп табады. Содан соң әкесінің жазықсыз құрбан болғанын айтып, жоғары билікке неше мәрте хат жазған. Оның бәрі менде сақтаулы тұр, – деді асылдың сынығы.
Қазір елорда іргесіндегі Жібек жолы ауылындағы орта мектеп Иманжүсіптің есімімен аталады. Онда дарабозға арналған музей бар. Сонда оған қатысты көптеген жәдігер сақталған. Бұл мұражай Раушан Көшенованың бас болуымен ашылған.
Бір жағынан өр мінезді азаматтың өмірі күреске толы болғаны белгілі. Бұл қасиет оған текпен дарыған секілді. Әкесі Құтпан мен атасы Тұрғанбай датқа да отаршылдық саясатқа қарсы шығып, сол жолда бастарын бәйгеге тікті. Иманжүсіп те үстем елдің езгісіне көнбеді. Сол үшін патша заманы мен кеңес дәуірінде біраз қуғын көрді. Ақыры жазықсыз жаланың құрбаны болды. Оның арқалы ақын, дүлдүл әнші болуына Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақтың туындылары ерекше әсер етті. Өзі де әуелетіп ән шырқады. Құс салып, ит жүгіртті. Жауырыны жерге тимеген балуан атанды. Иманжүсіптің әндері рухты, еркін сазды, құлашы кең болып келеді. Көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаев оның шығармашылығын жоғары бағалаған.
Өкінішке қарай, бүгінгі ұрпаққа ақынның барлық мұрасы жеткен жоқ. Кеңес заманында оның әндерін орындау ғана емес, атын айтуға тыйым салынды. Сонда да белгілі өнер зерттеушісі А.Затаевич бірқатар әнін нотаға түсіріп, «Қазақтың 1000 әні» атты жинағына енгізген. Мәселен, «Сарымойын» әнін Е.Брусиловский «Қыз Жібек» операсында Бекежанның ариясына пайдаланған.
Әдеби-сазды кеште әнші-сазгердің негізінен ел жадынан ұмыт қалған туындылары орындалды. Айталық, «Сарыарқа» әнін халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Жақсыгелді Маясаров нақышына келтіріп шырқаса, «Ел қайда» шығармасын талантты өнерпаз Айдос Оңғарбай қобызбен жеткізді. Ақынның жас кезінде шығарған «Сейфіл-Мәлік» әнін белгілі әнші Нұрай Танабаев орындады. Ал Өзгеріс Шерікбай жоғарыда айтқан «Сарымойынды» әуелетті. Сондай-ақ елорда филармониясындағы «Халық әні» бөлімінің Берік Омаров, Данияр Мұқан, Жандос Иманбай, Сырым Мұхаметжанов секілді талантты өнерпаздары біртуар тұлғаның туындыларын шырқап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Мәдениет қайраткері Шолпан Қорғанбек жетекшілік ететін «Қорқыт» этно-ансамблі бірнеше күйді тарту етті. Сонымен қатар кешке арнайы қонақ болып келген Көкшетаудағы «Әдебиет және өнер» музейінің директоры Нұрбек Нұралин бастаған азаматтар даңқты ердің немересі Раушан Көшеноваға сый-құрмет көрсетті.