Алағай да бұлағай замандарда босып кетіп, бөтеннің босағасында жүрген қазақтарды Қазақстанға көшіру – мемлекеттің қашанда міндеті десек, артық айтпағанымыз шығар. Шетте жүрген қандастарды елге тарту жұмыстары облысымызда қайта жанданып, Самар ауданында бірқатар жұмыс басталып та кетті. Қайта деп отырғанымыз, елді дүрліктірген «ковид» кезінде шекаралар жабылып, барыс-келіс тоқтап қалған.
Самар ауданында жұмысшы күшін тарту бағытында бірқатар жұмыс қолға алынды. Халықты ерікті түрде көшіру қағидаларына сәйкес, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің №515 бұйрығымен және қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы бойынша 2023 жылы Самар ауданына қоныс аударуға мүмкіндіктер, бірқатар жеңілдік бар. Айта кетерлігі, аудан басшылығы қандастарға ғана емес, сонымен қатар Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстарынан, Жетісу облысынан және Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан көшіп келем деушілерге әлеуметтік қолдаудың барын айтып отыр.
Аудан әкімдігінен түскен ресми ақпаратқа сүйенсек, қандастардың өңіраралық қоныс аударуы шеңберінде жаңа тұрғылықты жеріне келгеннен кейін қоныс аударушылар мен олардың отбасы мүшелеріне, сондай-ақ отбасылық жағдайына қарамастан, жалғызбасты адамдарға материалдық көмек төленеді. Тарқатып жазсақ, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі бекіткен ипотекалық бағдарлама шеңберінде тұрғын үй сатып алу, үй салу немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарна үшін ақшалай төлем жасалып, материалдық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ тұрғын үй сатып алу кезінде сату шартына сәйкес екінші деңгейдегі банк сатушының дербес шотына тұрғын үй құнының 50%-ы төленеді. Алайда төлем сомасы 4 млн теңгеге дейінгі тұрғын үй құнының жартысынан аспайды. Одан бөлек, көшуге арналған шығындарды өтеу үшін бір уақытта отбасының отағасы мен әрбір мүшесіне 70 АЕК, яғни 241 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік көмек беріледі. Егер көшіп келе сала үй сатып алуға мүмкіндік болмаса, баспана жалдауға, коммуналдық қызметтерді төлеуге ай сайын бір адам үшін 15 АЕК (51750 теңге) мөлшерінде ақша белгіленген. Егер отбасы мүшелерінің саны екіден төртке дейін болса, 18 АЕК (62100 теңге), бес және одан көп адам болған кезде 21 АЕК (72450 теңге) мөлшерінде төленеді. Айта кетерлігі, бір жылдан кейін бұл төлем тоқтайды. Сондықтан да он екі ай ішінде үй сатып алған абзал.
Жыл басынан бері жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы 20 адамнан тұратын қандастарды қоныстандыру квотасы бойынша жоспарлы көрсеткіштерді бекітті. Бүгінгі таңда қандастар арасынан Самар ауданына 9 адам келді. Олардың екі отбасы Mонғолиядан қоныс аударды: Әуез Тілегеннің отбасы бес адамнан тұрады. Жұбайы 3 жасқа дейінгі бала күтімімен үйде отыр. Әуез Тілеген «Елемес Сапарбек» ЖК-да тұрақты жұмыс орнына шебер ретінде жұмысқа орналасты. Әсет Амандықтың отбасы төрт адамнан тұрады. Оның мектеп жасына дейінгі балалары бар. Ол да «Елемес Сапарбек» ЖК-да қолөнерші болып жұмысқа орналасты. Сондай-ақ ауданға 11 қандасты көшіру жоспарланып отыр.
Қандастарды көшіру жұмыстары бойынша Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының өкілдері Моңғолияның Баян-өлгей аймағында болып, қандастармен жолықты. ДЖҚҚ-ның Баян-өлгей аймағы бойынша төрағасы Хабсаттар Омарұлының айтуынша, Қазақстанға бет түзегелі отырған 130 отбасы болса, оның 15-20-сы Шығыс Қазақстанды көздеп отыр.
– Биыл буынып-түйініп, көшуге бел буып отырған отбасылар көп. Бір жағынан жұт та себеп болды ғой деймін. Екінші жағынан неше жыл жабылып тұрған шекара ашылды. Біз өз тарапымыздан еш кедергісіз атамекен асып кетулері үшін қолдан келген көмекті аямаймыз, – деді Хабсаттар Омарұлы.
Әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту орталығы мамандары да көшіп келген ағайынды жұмыспен қамту үшін де жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтады. Әлеуметтік келісімшарт Жұмыспен қамту орталығы мен өтініш беруші арасында 5 жыл мерзімге жасалады. Демек, көшіп келген азаматтар қайта көшкен жағдайда алған соманы кері бюджетке өтеуге тиіс. Жалпы, әлеуметтік келісімшарт жасалғаннан кейін қоныс аударушылар бес жыл бойы осы жерде тұруы керек.
– Самар ауданы – тоғыз жолдың торабында тұрған ауылшаруашылық ауданы. Әлеуметтік потенциалы жоғары. Бұқтырма су қоймасын жағалай жатқандықтан, туризм саласы да қарқын алып келеді. Сондықтан да еңбек етемін деген адамға жұмыс табылады. Мемлекеттен әлеуметтік көмектер көрсетіледі. Көшіп келеміз деген қандастарға қашанда қолдау көрсетеміз, – дейді Самар ауданы әкімінің орынбасары Қайдар Сұрашев.
2023 жылдың сәуір айында Түркістан облысында бос орындар жәрмеңкесі өткізіліп, Самар ауданынан да делегация қатысты. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде ауданға келуге ниет білдірген қатысушылардың барлық сұрағы бойынша ақпарат ұсынылды. Нәтижесінде, 4 отбасы маусым айының басында Самарға көшті. Бұған дейін 2021 жылы Түркістан облысынан бір отбасы келген. Олар ірі қара мал сатып алуға өтеусіз грант алды, жұбайы бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа орналасты. Көшуге арналған шығындарды өтеуге бір уақытта отбасының отағасы мен әрбір мүшесіне 70 АЕК (204 190 теңге) мөлшерінде материалдық көмек көрсетілді. Жұмыс осы қарқынмен жүргізілетін болса, жақын жылдары аудан халқы еселене берері сөзсіз.
Шығыс Қазақстан облысы,
Самар ауданы