Алтын ұя мектептен қанат қаққанына 20 жыл толған Аспантау аясындағы Сарыжаз ауылының түлектері мерейлі кездесулерін ерекше әсерлі әрі мазмұнды атап өтті.
2003 жылғы түлектер мектеп табалдырығын алғаш аттағанда әріп танытып, әліппе оқытқан Қамария Дәркенбаева, Майдаш Тақабаева, Гүлзира Нұрмұханбетова, Жұмагүл Тәжиева, Жұмабике Сүпеева сынды бастауыш сынып мұғалімдері мен 11-сыныпты аяқтатып, аттестаттарын қолына ұстатқан Кәден Жантуова, Айнұр Бертаева бастаған ұлағатты ұстаздарына ілтипаттарын білдірді. Өз кезегінде ұстаздары шәкірттерінің дүниеге кірпіш болып қаланып, орын тапқандарына ризашылықтарын жаудырды. Осындай сый-құрметпен өрілген әсерлі кездесулерінде 2003 жылдың түлектері өмірден ерте өткен сыныптастарына Құран бағыштап, еске алуды да ұмытпады. Сондай-ақ іс-шараны ұйымдастырушылар ақылдаса келіп, Сарыжаз ауылында тұратын сыныптастары Жазира Қабаеваға пәтер сатып алып берді. Себебі Жазира Камалқызы – ата-анасынан ерте айырылып, артынан ілескен алты бауырына пана болып, оларды түгел аяқтандырған үлкен жүректі мейірім иесі. Өзі де тұрмыс құрып, 2 балалы болғанда күйеуі дүниеден өтіп, қиындықтың қамытын киген еді. Міне, тағдырдың ауыртпалығын арқалап, бауыр-туғандарымен бірге тіршілік етіп жүрген сыныптастарының өз алдына отау болуына қолұшын беріп, қамқорлық жасауды жөн көрген түлектер қалталарынан қаржы жинап, бес бөлмелі үйдің кілтін табыстап, қуанышқа бөледі. Сонымен қатар 20 жылдыққа келген түлектердің ауыл мешітіне алты қанат ақбоз үй сыйлап, жомарттық жасағанын да айрықша атағанымыз абзал. Іс-шараны ұйымдастырушылар бұл үрдістің жібін үзбей жалғасуын кейінгі түлектерге аманаттады.
Бұған қоса Алтынбек Сәрсенбаев атындағы Сарыжаз орта мектебіне мінбер, үстел, жұмсақ жиһаз табыс етіп, мектеп бұйымдарын жаңартты және бастауыш сынып оқушыларына естелік сыйлықтар беріп, қуаныштарын еселеді. Спорттық шаралар ұйымдастырып, ауыл ішін мәре-сәре етті. Бұл күндері балалардың қуаныштарында шек болмағаны анық.
Сөйтіп, сыныптастардың 20 жылдық кездесуі ойын-сауықпен ғана шектелмей, қайырымдылық шараларымен өріліп, ерекше есте қаларлық әрі көпке үлгі боларлық дәрежеде ұйымдастырылғанына ұстаздары мен ауылдастары дән риза болып, ақ батасын берді.
Алматы облысы