• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экология 07 Маусым, 2023

Тұзды сор қашан құрғатылады?

337 рет
көрсетілді

Кім-кімді болса да Арал теңізі теміржол станса­сының қарсы бетіндегі көлемді тұзды сор мәселесі ойлантпай қоймайды. Тіршілік еткен соң қайсыбір жылдары қаладағы сортаң мен сор жерлерді топырақпен көмгенде, бұл тұзды сор неге ұмыт қалған? Әлі күнге дейін көпшілікті таңғалдырып келеді. Бөлінген бюджет қаржысы аз болды ма, әлде күші жетпеді ме?

Жасыратыны жоқ, бұрын Свердлов қазіргі Бекетай би мен Құрманғазы Сағырбайұлы көшелері бойына орналасқан су колонкалары жазда екібастан, ал қыс айларында қатып қалмау үшін үздіксіз ағып тұрған таза сумен шайылып тұрғандықтан сордың иісі шықпайтын. Ал қазір ше?

Осы маңайда тұрған халық бұл тұзды сорды қадірлейтін. Ем-дом ретінде қырық күн шіл­де айында суына жатып ем­делетін. Әсіресе, буын ауруына бірден-бір ем еді. Айналасы тізеге келетін екі түрлі сораң шөптер, көкпеңбек болып өсіп тұратын. Мұны көз көргендер біледі. Енді міне, осы жерде целлофан қалталардың неше түрі, қалдығы қимен аралас малдың қыстайғы жеген шөбі, тіпті иттің өлімтігіне дейін кездеседі. Соның исі шығып, қолқаңды атады. Қысқасы, бүгінгі таңда осы тұз сордың айналасы лас-қоқысқа толы. Әсіресе, жаз айларының ыстық күндерінде демікпесі бар­ларға қиын.

Сондықтан аты аталған сорды құрғатып барып, топырақпен көмуді ойластыру керек. Сол сорды көмуге қаншама маши­на көшпелі құм кеткенін де білеміз. Бірақ бұл сор болса, бір күндері бетіне шықпай ма? Демек, ол жерлер – сор емес. Тө­бешік жерлерді қуалай аққан жаң­бырдың, қардың сулары жиналып келіп, тақыр жерді сортаң қылған. Мұндай жер­дің көкіманын өз көзіммен көр­генімді айтайын.

Осы күнгі Арал теміржол стансасының екі қабатты зәулім мекемесі орналасқан жер кезінде су сор болып жататын. Бұл ғи­маратты әскери құрылыс бөлімі салды. Алдын ала зерттеген, жобалап іске кіріскенде көрген адамдар таңқалды. Ұзындығы 4 метрлік, ұшы үшкір темір-бетон бағаналарды қазық қылып қағып, жерге сіңірді. Оның үстін бетон плитамен жауып, кірпіш өріп тұрғызды. Әне, құрылыс деп осы­ны айт. Біз болсақ, жердің үстіне қалыппен цемент аралас­тырып лай топырақ құямыз. Бол­маса, тізеге жетпес жер қа­зып, тас төгіп, құрылыс саламыз. Мұны неге айтып отырмын? Өйткені қазіргі Тәуелсіздік ала­ңы­ның орны – бұрыннан бері соры шығып жатқан шылқыған сулы жер. Соны топырақпен көмгендей етіп, орнына сау­да орындарын, тіпті тойхана салып мәз мейрам болдық. Халықтың қауіпсіздігін ойлап жатқан ешкім жоқ. Әйтпесе, әскери құрылыс бөлімі салған ғимарат сияқты басы үшкір те­мір-бетон бағаналарын жерге сіңіріп салғанда бұл ой тумас еді.

Тұзды сор дегенді екіге бөліп қарауға болады. Тұзды деп отырғаным – беті сор болғанымен астында кристалл тұздар. Мұны мен аяқ буыным ауырғанда, сорға түссең жазылады дегенге бір-екі рет пәрмен жасап көр­дім. Күн қызбай тұрып күрек, лом сияқты сайманымды алып келіп, тұзды сорға денең түгел (мойныма дейін) бататындай етіп, оп-оңай ойық жасамақшы болып едім, күрегім батпады. Сонымен не керек, ломмен ойып, тұздарды күрекпен шығарып, әжептеуір орын дайындадым. Суы да бетіне шылқып шықты. Мұздай екен. Жылысын деп екі-үш сағатқа дейін үйіме барып келсем, әлгідегі су түбінде қалған тұздар тастай ұйысып қатқандықтан, арқама батып, жата алмадым. Сонда ғана тұз беті сор болғанымен, асты кристалл тұз екенін байқадым.

Тұзды сордың шығыс жақ беткейіндегі төбенің «Пятый гость» сондай-ақ «Диірмен тө­бе» деген атауы болған. Осы «Диір­мен төбеде» 1958 жылы «Арал тұз» комбинаты болып ұйым­дастырылғанға дейін тұз өндірудің артелі, акционерлік қоғамының тұз тартатын орны болған. Ол кезде жұмысшылар көлдің (Жақсықылыш) бетінен тұзды сыпырып, ломмен ойып, жинап, ағаш кабиналы «Омр» машинасының қорабына күрек­пен тиеп, осы жерге әкеліп тү­сіретін-ді. Мен мұны екінші сыныпта оқығанға дейін көр­дім. Тақтайдан тұрғызылған, төбесі жабылған бұл орынның ішінде тұз тартатын диірмен орналасқан. Тартылған тұзды қап-қабымен ішіне жинайды. Теміржолға жақын әрі тұзды жуатын таза су қасында, яғни «Райым» су айдау мекемесінен керамика – Николай құбырлары арқылы келіп тұр. Тұз тартатын диірмен көшіп кеткеннен кейін ол паровоздарға су беретін колонкаға бейімделді. Қазір бұл да түс көргендей жым-жылас. Диірменнің жанында тұзды таза сумен жуатын орын да болды. Осы жерден шыққан ағынды су тұзымен қоса қазіргі Ы.Алтынсарин және М.Төлебаев көшелерінің ортасынан төменге қарай жылға жасап тақыр алаңға құйылып тұратын. Мен көрген тұз диірмені алдында және кейін неше жыл істегенін білмеймін. Әйтеуір, теміржол вокзалының қақ мандай алдындағы тап-тақыр жерді тұзды сорға айналдырып жіберді.

Осы кескінмен тұз сор тұра берсе, енді он-жиырма жыл­дан кейін иістің көкесін көре­тін шығармыз! Жан-жақтан құйы­лып жатқан таза тұщы су жоқ, оның үстіне лас-қоқыс тастал­май тұрмайды. Сондықтан да әлі де кеш емес, бұл тұзды сордың астын қазып, ас тұзы емес, яғни техникалық тұз ретінде ірі қа­лалардағы қазандықтарды жууға, болмаса малдың жеміне аралас­тыруға және басқа да қажет­тілікке пайдалануға болады.

 

Аманкелді ӨТКЕЛБАЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 

Қызылорда облысы,

Арал қаласы