Күннің шыжып тұрғанына қарамастан, облыс әкімдігінің алдына Өскеменнің көпбалалы аналары жиналды. Кейбіреуі құндақтағы сәбилеріне дейін алып шыққан. Талаптарына құлақ түрсек, бұған дейін қала басшылығынан арендалық пәтерлерін жекешелендіріп беруді және үйдің құрылысындағы ақауларды жөндеулерін сұраған. Алайда мәселе шешілмеген көрінеді. Сол үшін де облыс әкімі Даниал Ахметовке мән-жайды түсіндірмек болған.
Облыс әкімдігінің алдына топтасқан көпбалалы аналардың барлығы дерлік – Әл-Фараби даңғылы, №4 көпқабатты үйінің тұрғындары. Үй осыдан екі жыл бұрын көпбалалы аналарға берілген. Билік өкілдерінің айтуынша, жекешелендіруге жатпайды. Жалпы, Шығыс Қазақстан өңірінде жекешелендіруге жатпайтын 21 үй бар екен. Соның бірі – осы көпбалалы аналар тұрып жатқан үй.
«Қыстың күні үйдің терезелерінен жел гулейді. 8-9-қабаттарда су болмай қалады. Жертөле үнемі суға толып кетеді. Соның кесірінен тарақан қаптайды. Электр жарығы да үнемі өше береді. Соның әсерінен тұрмыстық техникаларымыз күйіп кете береді. Үшінші жылға кетті, электр мәселесі әлі реттелмеген. Үйдің қабырғалары жарылып жатыр. Сондай-ақ балалар ойын алаңындағы құрылыс толық аяқталмаған. Уәде еткен жұмыстарының бірін де істемеген», дейді көпбалалы ана Назгүл Құнапиянова.
Иә, 19 шағын аудандағы үй құрылыстарының сапасы сын көтермей тұрғанын білеміз. Қабырғалары қарс айырылып, қапталған қаңылтырлары ұшып кетіп жатқанын да неше көрдік. Сол сияқты Әл-Фараби даңғылы бойындағы №4 үйдің де сапасы сын көтермейтін секілді.
«Көпбалалы аналарға үй бердік» деп ауыздарын толтырып айтады. Бірақ берген үйлерінің сапасы осы. Үйді жекешелендіріп алсақ, өзіміз жөндер едік. Жалға алып отырғандықтан, ақша шығарып жөндегіміз келмейді. Күндердің күні «аренда уақыты аяқталды» деп қуып шықпасына кім кепіл?» дейді алтын құрсақты аналардың бірі Арай Байбатырова.
Әкімдік алдына жиналған аналар осы аталған проблемаларды облыс әкіміне жеткізгілері келгенімен, Даниал Ахметов шыққан жоқ. Әкім өкілдерінің айтуынша, қалада емес көрінеді. Әртүрлі сала басшылары келіп, жұмыстың жүргізіліп жатқанын түсіндірген болды. Дегенмен тұрғындар жүргізіліп жатқан жұмыстардың барлығы сөз жүзінде ғана десті бірауыздан. Ал ақжаулықты аналармен кездесуге келген Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар үй құрылысының ақауларын жөндеу үшін жұмыстар жүргізілетінін айтты. Сондай-ақ заңға өзгерістер енгізіп, жекешелендіру үшін депутаттар мен министрлікке хат жолдағанын жеткізді.
«Сәл сабыр етіңіздер! Ешкім ол үйді босатыңыздар деп келе алмайды. «Нұрлы жер» бағдарламасы қабылданған кезде бұл тұрғын үйлерді мұқтаж адамдарға беріледі деген талаптар болған. Солай болды да. Сіздер қазір 4000 теңге мен 10 000 теңге аралығында ғана төлеп, мамыражай тұра берулеріңізге болады. Әрине, өзіміздікі болса дейсіздер. Оны түсінеміз. Сондықтан мемлекеттік органдарға хат жаздық. Рұқсатын алсақ, бұл мәселемен айналысамыз», деген қала басшысы Жақсылық Мұқашұлы тұрғындар айтқан олқылықтарды барып көрді.
Айтқандай, пәтерлердегі ақау, кеткен олқылықтар жуық арада шешілетінін айтты. Тұрғындармен бірге редакция да бұл мәселені назарда ұстайтын болады. Алайда пәтерлерді жекешелендіру сұрағы тұрғындар күткендей бүгін-ертең оң нәтиже бере қоймас. Себебі бұл – мемлекеттік бағдарлама аясында келісімшартпен берілген үйлер.
Өскемен