• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Халық 07 Маусым, 2023

Қандасқа арналған бірегей карта

689 рет
көрсетілді

2023 жылдың шілдесінен бастап шетел қазақтары «Ата жолы» бірегей картасын алып, еліміздегі көптеген мүмкіндікті пайдалана алады.

Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігінің мәлі­метінше, «Ата жолы» картасын шетел қазақтарына берудегі мақсаты – тарихи Отанмен байланысты нығайту, олардың әлеуетін арттыру үшін біздің елімізге кәсіпкерлер мен табысты бизнесмендерді тарту. Карта шетелде тұратын этностық қазақтарға азаматтығын сақтай отырып беріледі. Сондай-ақ олар ел аумағында 10 жыл мерзімге тұруға рұқсат алады.

«Ата жолы» картасы бар шетел қазақтары басқа елдің азаматы бола тұра Қазақстан азаматтарымен және репатрианттармен тең құқыққа ие. Бұл картаның мүмкіндіктері мол. Атап айтқанда, медициналық көмек, әлеуметтік төлемдер мен қызмет көрсету, Еңбек кодексіне және «Халықтың көші-қоны туралы» заңға сәйкес ел аумағында жұмысқа орналасу, Кәсіпкерлік кодекске және Қазақстанның өзге де құқықтық актілеріне сәйкес кәсіпкерлікпен айналысуға, «Білім туралы» заңға сәйкес мемлекеттік білім беру ұйымдарында тегін орта білім немесе жоғары оқу орындарында конкурстық негізде оқуға және жеке оқу орындарында ақылы білім алуға, «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңға сәйкес мемлекет кепілдік берген заң көмегін алу, халықаралық шарт­тарға және заңнамалық құ­қық­тық актілеріне сәйкес жеңіл­детілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алу құқығын пайдалана алады», дейді ведомство өкілдері.

Олардың айтуынша, «Ата жолы» картасы бар шетел қазақ­тары тек мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлауға, сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ және мем­лекеттік қызметке кіре алмайды. Ал «Ата жолы» картасының иесі Қазақстан азаматтығын алған жағдайда оның картасы жарамсыз деп танылады екен.

Ресми деректерге сүйенсек, 2023 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 8 034 этностық қазақ тарихи Отанымен табысып, қандас мәртебесін алған. Елімізге келген этностық қазақтар негізінен Алматы (27,8%), Маңғыстау (12,8%), Түркістан (6,4%) және Жамбыл (4,8%) облыстарына, сондай-ақ Астана (10,7%), Алматы (8,8%) және Шымкент (7,1%) қалаларына қоныстанған.

Естеріңізге сала кетейік, қан­дастарды қоныстандыруға еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қос­та­най, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.

«Өңірлерге қоныстандыру 2023 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 1 925 адамды құ­рай­ды. 2023 жылғы 1 мау­­­сым­дағы жағдай бойынша өңір­­­лерге 787 қандас қоныс аудар­ды.­ Қандастардың келуі көбейген кез­де ол аймақтарда қабылдау үшін квота мөлшері ұлғайтылуы мүмкін. Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шара­лары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241,5 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) мөлшерінде», дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.