• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Форум 08 Маусым, 2023

Жаңаша сипаттағы форум

224 рет
көрсетілді

Бүгін жұмысын бастайтын Астана халық­аралық форумы – ғаламдық экономикаға әсер ететін күрделі саяси өзгерістерді, мемлекеттер арасындағы барыс-келіс пен алыс-беріс мәселелерін талқылап, климаттың өзгеруі, азық-түлік жетіспеушілігі және энер­гетикалық қауіпсіздік секілді жаһандық пробле­малардың шешімін іздейтін іргелі алаң. ­Геосаяси қақтығыстар мен ымыра­сыздықтар дәуіріне қадам басқан халық­аралық қауымдастықтың күн тәртібіндегі күрделі мәселелер бойынша пікір алмасып, оларды шешу үшін күш біріктіру мақсатында еліміз биыл да кезекті форум өткізуге шешім қабылдады.

Сократ айтты дейтін мынадай сөз бар: «Күрделі кезеңдер қайратты адамдарды өмірге әкеледі. Қайратты адамдар бейбіт замандарды орнатады. Бейбіт замандар әлсіз адамдарды дүниеге келтіреді. Әлсіз адамдар қиын уақыттарға душар етеді». Өмір жолы осылай алма-кезек ауысып отырады. Ендеше біз қазір осы айналымның қай тұсындамыз? Жер-жаһанда болып жатқан жағдайларға қарасақ, адамзат баласы бейбітшіліктің қадірін білмей, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған жаймашуақ заманды уыстан шығарып алғанға ұқсайды. Қуатты елдер арасындағы қырғиқабақ соғыс, Жер-Ана игіліктерінің жөн-жосықсыз пайдаланылуы, әлемдік саясаттағы жүйелі қателіктер, мемлекеттер мен халықтар арасында толеранттылықтың жоғалып, оның орнын өзара сенімсіздіктің басуы әлемнің әр жерінде соғыс өрті тұтанып, саяси шиеленістердің орын алуына әкеліп соқты.

Оған коронавирус пандемиясы, жер сілкіністері, климаттың өзгеруі секілді табиғи апаттар қосылып, адамзаттың тұрмыс-тіршілігін барынша тығырыққа тіреп отыр. Мұның бәрі, жоғарыдағы Сократтың пайымына салсақ, біздің күрделі кезеңге тап келгенімізді көрсетсе керек.

Бүгінде әлем мемлекеттері осы қалыптасқан дағдарыстан шығу үшін жан-жақты жанталасып, тал қарманып жатыр. Сарапшылардың пікірінше, пандемия мен қақтығыстар тіпті АҚШ пен Қытайдай алпауыт экономикалардың өзін шайқалтып жіберді. «Түйені жел қозғаса, ешкіні аспаннан ізде» дегендей, алып елдерді титықтатқан күйзеліс кейбір шағын мемлекеттердің экономикасын тіптен төмендетіп, қазынасын жұтатып тастады. Бірқатар ел аштықтың алдында тұр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 77-сессиясының жалпы дебатында сөйлеген сөзінде бүгінде қалыптасқан жағдайға жан-жақты баға бере келе, мұның бәрі түптеп келгенде екі ұрпақтан кейін тағы да ядролық қару қолдану қатерін төндіріп отырғанын айтты.

«Тәртіп пен жауапкершілікке негізделген әрі бұрын қалыптасқан халықаралық жүйенің орнын хаос пен болжауға келмейтін жағдай бас­ты. Тежемелік және тепе-теңдіктің жаһандық жүйесі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап қала алмады. Қауіпсіздік архитектурасы келмеске кетіп барады. Әлемдік алпауыттар арасындағы өзара сенімсіздік жылдам арта түсті. Әлем жаңа әскери қақтығыс ошақтарының құрбанына айналды. Біз екі буыннан кейін алғаш рет ядролық қарудың қолданылу қаупімен бетпе-бет келдік. Текетірестер жасанды кедергілер мен экономикалық оқшаулануға әкеледі. Экономикалық және саяси санкциялар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тізбегін жойып, миллиондаған адамдарға, әсіресе қоғамның осал топтарына қауіп төндіретін «жаңа нормаға» айналды», деді Президент.

Жаһанды жайлаған қақтығыстардан, жер қайыстырған дағдарыстан қалай құтыламыз? Әлемді қауіпсіз әрі қолайлы өмір сүру ортасына айналдыру үшін не істемек керек? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тұрғыда БҰҰ негізінде қалыптасқан іргелі қағидаттарға қайта оралу аса маңызды екенін мәлімдеген болатын.

«Біз мемлекеттер егемендігінің теңдігі, мемлекеттердің территориялық тұтастығы, мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруі секілді бастапқы үш қағидат арасындағы байланыс­ты қайта зерделеуіміз қажет. Бұл үш қағи­дат өзара бір-біріне тәуелді. Осы қағи­даттардың бірін сақтау қалған екеуін ұстануды білдіреді. Ал олардың бірін бұзу, басқа екеуін бұзған болып саналады», деді Мемлекет басшысы. Президент айтқандай, мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруі үшін олардың басын қосып, пікір алмасатын, бірінде бар тәжірибені екіншісімен бөлісіп, қордаланған проблемаларды бірлесіп шешуге атсалысатын арнайы орта керек екені хақ. Міне, сондай жиындардың бірі – еліміз тарапынан қолға алынған Астана халықаралық форумы. Пандемияға дейін жыл сайын өтіп отырған Астана экономикалық форумының жетістіктері негізінде пайда болған жаңа формат­тағы бұл жиын климаттың өзгеруі­не, азық-түлік тапшылығына және энергетикалық қауіпсіздікке қатысты мәселелерді шешу жолдарын қарас­тыру мақсатында шетел үкіметтері­нің, халықаралық ұйымдардың, бизнес пен ғылыми ортаның жоғары лауазымды делегаттарының диалогіне арналған алаң болмақ.

«Астана халықаралық форумы әлемдік жүйенің негізгі постулаты ретінде ынтымақтастыққа басымдық бере отырып, осы сын-қатерлерге төтеп беру үшін құрылды. Шығыс пен Батыс арасын байланыстырушы көпір қызметін атқарып отырған Қазақстанның сындарлы халықаралық қатынастарды дамыту бойынша терең тарихы бар. Бұл саясат 2022 жылы елеулі сынақтан өткенімен, өзінің орнықтылығын дәлелдеді. Біз ынтымақтастықтың құндылығын көр­сете білдік. Астана халықаралық форумы арқылы жаңа дипломатиялық, эко­но­микалық және саяси жолдарды ай­қындай отырып, алдымызда тұрған ортақ сын-қатерлерді бірлесе жеңу үшін жаңа қатынас көпірлерін орнатып, байланыстарды нығайтамыз деп үміттенеміз», дейді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақ елінің геосаяси және жағрафиялық орналасу жағдайына қарай Батыс пен Шығысты байланыстырушы көпір ретіндегі рөлін атап өтіп отыр. Расында ХХ ғасырда қырғиқабақ текетірес негізінен КСРО мен АҚШ арасында өтсе, жаңа ғасырда ғаламдық «тартылыс» орталықтарының орындары ауысқаны белгілі. Қазір АҚШ пен Қытай өзара ақпараттық, сауда-саттық, санкциялық, т.б. гибридті соғыс жүргізіп жатыр. Оның әлемдік экономикаға әсерін бәріміз сезініп отырмыз. Сол себепті де еліміз кейінгі жылдары түрлі қақтығыс пен кикілжіңді тиімді жолмен шешу мақсатында тығырықтан шығудың түрлі жолдарын ұсынды. Олардың қатарында сан алуан тақырып пен сала бойынша қолға алынған форумдар мен басқосулар, мәселен, 2008 жылдан бері өтіп келе жатқан Астана экономикалық форумы, Сирия жанжалын тоқтатуға арналған Астана үдерісі, бұрын бір-бірінің қолын алып көрмеген түрлі дін өкілдерін бір үстел басына отырғызған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, өзге де іс-шаралар өзінің жемісін беріп келеді.

Бұдан бөлек, еліміз Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалық ету арқылы Әзербайжан мен Армения қақтығысын, Сирия, Ауғанстан проблемаларын шешуге атсалысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей мен Украинаға араағайындық жасап, екіжақты келіссөздерді Қазақстанда өткізуге ұсыныс бергені белгілі. Міне, сол үрдістердің заңды жалғасы ретінде Астана халықаралық форумының өтуі талай жыл қордаланған проблемалардың тоңын жібітіп, мемлекетаралық қарым-қатынастарға жаңа серпіліс береді деген ойдамыз. Сонымен қатар еліміздегі ұлтаралық және дінаралық татулық, саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің озық үлгісін әлемдік қауымдастыққа таныстырудың тағы бір керемет мүмкіндігі болмақ.

Кеше форумға қатысуға келген ЕҚЫҰ Бас хатшысы Хельга Шмид те Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде 2010 жылы Астанада өткен ұйым саммитінен кейін мұндай үлкен жиын өтпегенін және Қазақстанның белсенді рөлін атап өтті. «Қиындықтарға қарамастан, ЕҚЫҰ бірегей диалог алаңы ретінде қызметін жалғастыра береді. Сондай-ақ Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­мындағы белсенді рөлін оң баға­лаймын. Астана декларациясы, шын мәнінде, ұйымның қызметін реттейтін маңызды құжаттардың бірі.  Қазір мәмілеге келу үшін бір-біріміздің пікірімізге құлақ асу өте маңызды деп ойлаймын. ЕҚЫҰ-ның негізі міндеті де осы», деді ол.

Тағы бір маңызды жайт, сөзіміздің басында айтқандай, Ресей мен Украина арасындағы соғыс барысында ядролық қарудың пайдаланылу ықтималдылығы жоғары болып тұр. Бұл тұрғыда еліміздің ядролық қарудан ерікті түрде бас тарту тәжірибесін негізге ала отырып, Ядро­лық қаруды таратпау туралы шарт­тың міндеттемелерін тағы бір пысық­тай түскен маңызды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ядролық қарусыздану Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды қырына айналды. Біз ядролық қарудан азат әлем құру жолындағы күресімізді жалғастыра береміз. Бұл саладағы кейбір жетістіктерге қара­мастан, өкінішке қарай, жалпы ахуал жақсы емес. Ядролық державалар арасында күшейіп келе жатқан бәсеке мен текетірес бізді алаңдатады. Сондай-ақ біз Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың жалпы конференциясы аясында ілгерілеу жоқ екеніне алаңдаймыз. Алдымызда қарусыздану және ядролық қаруды таратпау саласындағы жаңа механизмдерді әзірлеу жөнінде аса күрделі міндет тұр», деген болатын.

Астана халықаралық форумында келешекке қатер төндіріп отырған ядролық қару қаупі де кеңінен талқыға салынатынына шүбә жоқ. Ең бас­тысы, төрткіл дүние бас қосқан жерде алтау ала болса ауыздағы кетіп, төртеу түгел болса төбедегі келетінін дүйім көптің саналарына жеткізу. Қазақ елінің бұл тұрғыдағы мол тәжірибесі ойға алған мақсатымыздың орындалатынына кепіл болса керек.