• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ғылым 08 Маусым, 2023

Отандық ғылымның жетіс­тік­тері шетелдік инновациялардан кем түспейді - Салтанат Әшімова

376 рет
көрсетілді

Жолдың сапасы шикізат өніміне тікелей байланысты. Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты осы мәселені қолға алған. Отандық ғалымдар жол құрылысына қажетті сапалы шикізатты жасап шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты Жол құрылыс материалдары мен жаңа технологиялар бөлімінің басшысы, химия ғылымдарының PhD Салтанат Әшімова «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында Қазақстан ғалымдары жергі­лікті табиғи материалдарды, оның ішінде әктас пен теңіз қабыршығын қолдана отырып, жол құрылысына бе­рік және қолайлы күкіртті-қиыршық тас­ты жасап шығарғанын айтты.

«Отандық ғалымның жетіс­тік­тері шетелдік инновациялардан кем түспейтінін айта кетейік. Мысалы, институт мамандары күкіртті битумға қосымша немесе алмастырғыш компонент ретінде қолдануға байланысты зерттеулерді қолға алды. Бұл қымбат битумның шығынын азай­туға септеседі. Сонымен бірге күкірттің көме­гімен еліміздің батыс өңірлеріндегі жол құрылысындағы өзекті мәселелерді де шешуге болады.

Өздеріңіз білетіндей, Аты­рау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маң­ғыстау облыстарында қиыршық тас өндіріл­мейтіндіктен, жолшыларға қажетті шикізатты басқа өңірлерден тасуға тура келеді. Бұл тиімсіз. Сондықтан біздің ғалымдар жергі­лікті табиғи материалдарды, оның ішінде әктас пен теңіз қабыршығын қолдана отырып, оның негізінде жол құрылысына бе­рік және қолайлы күкіртті-қиыршық тас­ты жасап шығарды. Сондай-ақ битумның тұт­қыр­лығын жақсарту үшін өнеркәсіп қалдықтарын – жылу-электр орталықтары мен қазандықтардан шығатын көмір шаңы мен күлдің ұсақ бөлшектерін қолдану тәсілі зерттеліп жатыр. Наномодификацияланған материалды әзірлеу қоршаған ортаны ластанудан қорғап, ауадағы зиянды қалдықтарды азайтуға оң әсер береді», деді Салтанат Әшімова.