Биыл 130 жылдығы аталып өтіп жатқан Қостанайдың Ақмешітіне Марал ишанның қайқы қылышы табыс етілді. Көне жәдігер осы күнге дейін облыс орталығындағы Смағұловтар әулетінде сақталып келген.
Қылышты кезінде Марал бабаның Тосынға ұзатылған қызы Айкүміс өзінің жасау-отауымен бірге ала кеткен көрінеді. Аласапыран бір замандарда Айкүміс анамыз, киелі қылыш жат қолында кетпесін десе керек, әкесінен қалған қаруды шомның арасына жасырған. Оны кейін малшының әйелі тауып алып, қи уатқан. Сол әйел екі-ақ күн ауырып, қайтыс болған деседі. Кейін оны Айкүмістің немересі Смағамбеттен ел ішінде «Халфе кемпір» атанып кеткен Кенжебике емші сұрап алады. Құнды жәдігер күні бүгінге дейін Кенжебике келіні Рәйкенің қолында сақталып келген.
Таяуда ғана көне қылыш пен Марал бабаның немересі Үндемес ишанның шапанын Ақмешітке тапсырған сексен бес жастағы Рәйке әжей: «Алланың аманатын тапсыратын уақыт жақындап келеді. Кезінде сонау Қызылордадан сұрап келген Марал баба ұрпақтарына да, сол кездегі облыс имамы Ертай қажыға да бермей келіп едім. Енді көзімнің тірісінде осы киелі жәдігерді баба мешітіне, Бектұрсын балама табыстағалы отырмын», дейді.
ХІХ ғасырда салынған Марал ишан мешіті өткен жылдың аяғында күрделі жөндеуден өтіп, қайтадан ел игілігіне берілген. Оныншы маусымға жоспарланған мешіттің 130 жылдығына арналған іс-шаралар аясында Құран жарысы, ақындар мүшәйрасы, веломарафон ұйымдастырылып, республикалық конференция өтеді.
ҚОСТАНАЙ