Ел Президенті Алматы агломерациясын екі облысқа бөлу туралы Жарлыққа қол қойғаннан кейін, сол кездегі қаланың атауын Дінмұхамед Қонаевтың құрметіне беру туралы ұсынысы қапшағайлықтарды қисапсыз қуанышқа бөледі. Ол күннің тарихи мәні зор және алдағы өзгерістер үшін тірек нүктесі іспеттес еді. Содан бергі қала өмірі жаңа бояуға боялып, құлпыра жөнелді, ал даму қарқыны шын мәнінде таңдай қақтырарлық сипатқа енді. Қалай дегенмен де, «облыс орталығы» деген мәртебе талап деңгейімен шендес болуға міндеттейтіндігін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев айрықша атап келеді.
Қалаға бірінші кезекте инвесторлардың назары ауды. Қалада өнеркәсіптік нысандар құрылысына арналған алаң – Арна оған индустриалдық аймағы белгіленді. Онда іске асырылатын барлық дерлік жоба – жеке инвестициялар, тек отандық қана емес, шетелдік инвесторлар да тартыла бастады. Аталған алаңқайды барынша тартымды ету үшін жергілікті билік аз күш жұмсап жатқан жоқ, бұл орайда қажетті коммуникацияларды тартып, жолдар салынып жатыр. Сонымен қатар алдағы жүктемені ескере отырып, 150 және 60 МВт-тық екі қосалқы электр стансасының құрылысы жоспарланып отыр. Бұл қала экономикасына алдағы уақытта 4000-нан астам жұмыс орнын құруға негіз болатын тағы да 150 млрд теңге қаражат тартуға мүмкіндік береді.
Құрылыс саласында да айта қаларлықтай қарқын байқалады. Қаланың әрбір дерлік шағынауданында тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысан құрылыстары жүріп жатыр. Қалалықтарға уақытша қолайсыздықтар туындауда, алайда тұтастай алғанда жақын келешекте оның барлығына абаттандырылған аулалар, ыңғайлы саябақтар мен көлік тұрақтары орналасатыны сөзсіз.
Қаланың 10-шағын ауданда 900 орындық мектептің құрылысы аяқталып қалды. Биылғы жылғы қыркүйектің 1-і күні мұнда алғашқы қоңырау үні сыңғырлайтын болады.
Бас жоспарға сәйкес, болашақта көптеген әлеуметтік нысандар, атап айтсақ, 500 адам қабылдай алатын емхана, перинаталды орталық, жұқпалы аурулар ауруханасын, сондай-ақ МЖӘ жобасы аясында – 350 төсектік көпбейінді аурухана салуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар қаланың облыс орталығы болып тағайындалған сәтінен басталған халық ағыны артқандықтан, тұрғын үйдің жетіспеушілігі тіркеліп отыр. Біз қазіргі таңда 10-шағын ауданды игеруді қолға алдық. Бұл жерде 107 тұрғын үй салынады.
Қаланың орталығындағы тұрғын үй кешендері инвесторлар есебінен салынып жатыр. Құрылыс барысында, негізінен, облыс аумағында өндірілетін материалдар қолданылып, ал жұмыстарға жергілікті тұрғындар тартылып отыр.
Дей тұрғанмен, Қонаевта бірінші пайда болған нысан, қар барысы екені сөзсіз. Қалаға оңтүстік жақтан кіреберіске орталық элементі – Алматы облысының символы болып саналатын «Қар барысы» мүсіні бар композициялық кешен орнатылды. Кешенді айналдыра ландшафтылық бақ отырғызылып, қысқа мерзімнің ішінде «Астана» гүлзары абаттандырылды.
Орталық саябаққа да ауқымды қайта өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде Қонаевта еліміздегі ірі скейт-парк ашылды. Жалпы аумағы 9 400 шаршы метр жерге скейт-аймақ (2000 ш.м), балалар алаңқайы (400 ш.м), воркаут аймағы (200 ш.м), фотоаймақ, сондай-ақ, демалыс алаңы орналасқан. Мұнда сондай-ақ аумағы 150 шаршы метрді алатын мұз айдыны аренасының құрылысы жоспарланған. Оның төбесі жабық және жыл бойы қызмет көрсететін болады. Ол қысқы уақытта коньки тебуші әуесқойларды қабылдаса, ал жазғы маусымда роллер үй ретінде пайдаланылмақ. Су қоймасының жағалауына жақын жерге жаңадан шолу шеңберін орнату көзделіп отыр.
«Жаңа Іле» жаңа тұрғын үй массивінің құрылысы қаланса, қала аумағы екі есе дерлік мөлшерге, яғни 9 мың гектардан 19 мың гектарға үлкейеді деп жоспарланып отыр.
Облыс әкімі Марат Елеусізовтің мәлімдеуінше, облыс аумағында 4 индустриялық аймақ орналасқан. Сонымен қатар Үкіметтің қаулысы негізінде Алматы облысында 2048 жылға дейінгі кезеңге арналған, ауданы 30 мың гектар болатын Алматы – Қонаев тасжолының бойында орналасқан «G4 City» арнайы экономикалық аймақ құрылып, оны салуға отандық және шетелдік инвесторлар тартуға қолайлы жағдай ұсынылып отыр.
Жуырда облыста «Жетіген» көлік-логистикалық орталығы іске қосылды. Орталық ең алдымен, Қазақстанның көлік-логистикалық инфрақұрылымын жаңа сипатта жетілдіруді мақсат етеді.
Биылғы жылдың атоқсандағы салықтар мен басқа да міндетті төлемдер бойынша бюджет қоржыны 43,3 млрд теңгеге толығып, жоспар 105%-ға орындалды.
Негізгі капиталға 15,3 млрд теңге инвестиция тартылып, былтырғы жылмен салыстырғанда 4 млрд теңгеге артып 33,5 пайызға жетті.
Қонаев қаласындағы кәсіпкерлік субъектілері 6 мыңға жетіп, ондағы қызметкерлер саны 16 мың адам.
Өндіріс орындарында көрсетілген қызметтер мен шығарылған өнім көлемі 52,5 млрд теңгеге толықса, бюджетке 15 млрд теңгеге жуық салық түскен.
Биылғы санақ бойынша бұған дейін 764 жұмыссыз азаматтан өтініш түсіп, оның 436-сы қызметке орналастырылған.
Туризмге қолайлы өңірде 120 нысан қызмет көрсетуге дайын.
Қазіргі таңда қала аумағында 7 қалалық-коммуналдық жағажайлар бар.
Жалпы ұзындығы 5,5 шақырымды құрайтын 8-ші қалалық қосымша жағажайды абаттандыру жұмыстары басталды.
Тілеуқабыл Мыңжасар,
ардагер журналист, Алматы облысының құрметті азаматы:
Болашағы жарқын шаһар
– «Хабар» агенттігінде Алматы облысының меншікті тілшісі ретінде 21 жыл қызмет еттім. Сондықтан бұл өңірдің тыныс-тіршілігі бес саусақтай белгілі. Алматы облысы бөлініп, облыс орталығына Қонаев қаласы берілгенде халықпен бірге қатты қуанғандардың бірімін. Сол себепті қаланың өсіп-өркендейтініне кәміл сенімдімін. Себебі қала тоғыз жолдың торабында тұр. Айналма жолдар салынып жатыр. Алматымен арасы 60-70 шақырымды ғана құрайды. Мегаполиске маңайлай алмай, болмаса кәсібін аша алмай жүрген азаматтардың осы қаладан орын тауып, ісін ілгерілетуге мүмкіндік жасалады. Оларға жағдай жасау керек. Сонда бұл қала өзінен-өзі дамиды. Халық саны аздаған жылдардан соң күрт өсіп, 200-300 мыңға жететін болады.