• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Саясат 09 Маусым, 2023

Әлихан Смайылов Куба Премьер-министрімен келіссөз жүргізді

204 рет
көрсетілді

Сочи қаласында өтіп жатқан Еуразиялық үкіметаралық кеңес алаңында Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов Куба Премьер-министрі Мануэль Марреро Круспен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әлихан Смайылов екі ел арасында елшілік ашылып, байланыстың нығая түскенін және оның одан әрі тереңдеуі қажет екенін атап өтті.

«Екі ел арасындағы тауар айналымының өсу қарқыны жақсы. Осыған байланысты біз өзара сауда-экономикалық іс-қимылдың басым бағыттарын және келешектегі бірлескен жобаларды айқындау бойынша бірлесіп жұмыс істеуді жөн көреміз», деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Премьер-министр екі елдің фармацевтика және биотехнология салаларындағы ынтымақтастықты дамытуда әлеуеті зор екенін айтты. Мәселен, қазіргі уақытта Қазақстан мен Кубаның тиісті компаниялары арасында өзара іс-қимыл белгілі бір деңгейде жолға қойылған.

«Бұл болашақта нақты нәтижелерге әкеледі деп үміттенеміз», деді Премьер-министр.

Мануэль Марреро Крус өз тарапынан Кубаның Қазақстанмен экономикалық байланыстарды тереңдетуге мүдделі екенін білдірді.

«Денсаулық сақтау саласы – екі ел арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті бар салаларының бірі. Мұнда біз фармацевтика және биотехнология өнеркәсібі, медициналық қызметтер, академиялық алмасу туралы айтып отырмыз. Біз дамыта алатын осы салаға қатысты әртүрлі бағыттар бар», деді Мануэль Марреро Крус.

Қорытындылай келе, Мануэль Марреро Крус ҚР Премьер-министрін ыңғайлы уақытта Кубаға жұмыс сапарымен келіп қайтуға шақырды.