Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысында шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізіп, министрліктер, әкімдіктер мен басқа да құзырлы органдарға нақты тапсырма берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл әрекет ету штабының отырысы барысында Қазақстанда орман және дала өртін ерте анықтап, алдын алу жұмыстары жолға қойылмағанына назар аударды.
Осы тұста Президент Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен өңірлердің әкімдеріне нақты тапсырма берді:
өрт ошақтарын ерте анықтаудың цифрлық жүйелерімен жабдықтау, өртті бейнебақылау және мониторинг жасау жүйелерін енгізу шараларын қабылдау; мұндай жүйелерді енгізгенге дейін орман алқабын авиация арқылы және жерден бақылау, сондай-ақ өрт қаупі жоғары кезеңдерде «ұшқышсыз ұшатын аппараттарды» қолдану жиілігін арттыру; табиғатты қорғау және орман мекемелерін өртке қарсы техникалармен жарақтандыру деңгейін талапқа сай нормаларға дейін жеткізу.