Былтыр суға түсу маусымында Шығыс Қазақстан облысында рұқсат етілмеген жерге шомылған 7 адам ажал құшты. Төтенше жағдайлар департаменті алдын алу жұмыстарын жүргізгенімен, тәртіпке бағынбайтындар аз емес.
Құтқарушылар шомылу маусымына қарай табиғи және жасанды су қоймаларының түбін тексеріп, тиісті дайындықтарды жүргізді. Ал аптап ыстыққа байланысты төтенше жағдайлар қызметі су айдындарында бақылауды тіптен күшейтті. Шомылу маусымы басталғалы 100-ге жуық профилактикалық рейд жүргізілген. Саралап қарасақ, жазатайым оқиғалар көбінесе шомылуға рұқсат етілмеген жағажайларда болады екен.
«Аптап ыстық басталғаннан бері патрульдеу күшейе түсті. Әсіресе адам аяғы жете бермейтін жағалауларға қайықпен жетіп, демалушыларға ескерту жасаймыз. Біздің қолдан келер жұмыс осы. Демалыстарына шектеу қоя алмаймыз. Ал қауіпсіздікті сақтау – әркімнің өз міндеті», дейді ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Арман Тоқанов.
Қазіргі уақытта облыс аумағында шомылуға арналған 21 учаске анықталып, 74 орынға тыйым салынған екен. Осы тыйым салынған шомылу орындарында 22 тыйым салу белгісі орнатылған. Оның үстіне, күн ыстық болғанымен, су әлі тиісті мөлшерде жылына қоймаған. Дене тартылып қалмауы үшін судың жылылығы 20 градустан төмен болмауы керек. Демалушылар жоғарыда айтылған ақпараттарды ескеріп жүргені абзал. Ескертуге бағынбаған азаматтар заң аясында жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салынады.
Шығыс Қазақстан облысы