Өткен сенбіде Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен «Сарыарқаның көне жолдары» республикалық этнографиялық іс-шара аясында елорда іргесіндегі Бозоқ қалашығынан салт аттылар экспедициясы жолға шықты.
Ұйымдастырушы тараптың мұндағы мақсаты – қазақ жеріндегі далалық қала мәдениетінің ерен үлгісі һәм қазіргі астанамыздың «атасы» Бозоқ қалашығының зерттеле бастауының 25 жылдық датасына орай, оның тарихи- мәдени маңызын насихаттау және халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының құрылғанына 30 жыл толу құрметіне тарту екен.
Бозоқ қалашығы хронологиялық тұрғыдан: ежелгі түрік ғибадатханасы, ортағасырлық қалашық, Алтын Орда кезеңінің қорымы, стационарлық тұрғын үйлер, өндіріс орындары, қазақтардың қыстауы және суару жүйесінен тұрады. Сонымен қатар қалашық материалдары төрт ортағасырлық мемлекеттік құрылымдардың тарихын көрсетеді: Түрік қағанаты, Қыпшақ хандығы, Алтын Орда және Қазақ хандығы. Яғни қалашық VII-IX ғасырлардан XVI-XVII ғасырларға дейін ежелгі түркілердің киелі орны, одан кейін керуен саудасын бақылайтын қыпшақтардың қонысы болды деген болжам бар. Ал XIV ғасырда қалашық Нұра-Есіл аймағының исламданған элитасының рухани орталығына айналып, діни-мемориалдық кешен қалыптасыпты. XVIII-XIX ғасырларда мұнда қазақтың шаруашылық нысандары (қыстаулар) орналасқан көрінеді.
Алда атап өтілуге тиіс Астана қаласының 25 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылып отырған бұл шараны «Аt-travel» ат клубының шабандоздары қолға алыпты. Осылай Бозоқтан басталған сапар Ұлытау жерінде, нақтырақ айтқанда Ұлық ұлыстың негізін қалаушы Жошы ханның кесенесі аумағында тізгін тартпақ.
Яғни салт аттылар елорда іргесіндегі ежелгі қоныс Бозоқтан аттанып, Ұлы дала тарихының кіндігі Ұлытауға дейінгі сапарын бір аптаға жоспарлап отырған көрінеді. Аталған экспедицияның белді мүшесі әрі журналист Ержан Жаубаймен хабарласқанымызда, «Сапарға жарамды арқалы аттарды таңдап мініп, сегіз шабандоз елордадан жолға шықтық, бізге қосылу үшін тағы бір төрт салт атты Ұлытаудан аттанды. Бұйырса, қос тарап Алғабас ауылында түйісіп, әрі қарай Жошы кесенесіне бірге жол тартамыз. Жолай халқымыздың тарихына қатысы бар нысандарға ат басын бұрып, оны насихаттау шараларын қарастырамыз», деді.