Осы айдың басында «Apple» әлемді жаңа революциялық өніммен таңғалдырды. Ол «Vision Pro» толықтырылған шындық гарнитурасы деп аталады. «WWDC 2023» конференциясында ұсынылған бұл бірегей гарнитура виртуалды әлемде пайдаланушыларға жаңа мүмкіндіктер ашады.
«Vision Pro»-ның басты артықшылығы – оның әмбебап интерфейсі. Ол 3D әсерін керемет ұсынып, виртуалды әлемді шынайы етіп көрсетеді. Пайдаланушылар қимыл, дауыс және көз қимылдары арқылы құрылғыны толығымен басқара алады. Өнімнің тағы бір ерекшелігі – виртуалды көлемді кеңістікте бір уақытта бірнеше қосымшаны ашу мүмкіндігі бар. Гарнитура корпусындағы «Digital Crown» дөңгелегі пайдаланушыларға терезелердің орналасуын, соның ішінде олардың кеңістіктегі тереңдігін реттеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Vision Pro» қолдың, саусақтардың және көздің қозғалысына жауап беретін контроллерлерді қажет етпейді.
Гарнитураның тағы бір қызықты мүмкіндігі – «EyeSight». Ол сыртқы әлеммен қарым-қатынас жасағанда пайдаланушыларды корпуста көрсетеді. «Vision Pro» арқылы сілтемелерді бір уақытта ашып, «Safari» браузерінде жұмыс істеуге, сондай-ақ «MacBook» экранын виртуалды кеңістікке қолдануға әрі қалаған жерге жылжытып орналастыруға болады. Өнімнің өзге мүмкіндіктерінің қатарында фильмдерді 3D форматында көру, панорамалық фотосуреттерді қарау, сондай-ақ виртуалды кеңістіктегі үш өлшемді нысандарды қолдайтын жүздеген қосымшаны пайдалану мүмкіндігін жатқызуға болады.
«Vision Pro» гарнитурасы жеңіл әрі берік материалдардан жасалған. Бұл пайдалану кезінде жайлылық пен беріктікті қамтамасыз етеді. Сондай-ақ ол жоғары сапалы «microLED» дисплейлерімен жабдықталған. Олар 23 миллион пиксель ажыратымдылығымен мөлдір суретті ұсынады. «LiDAR»-ды қоса алғанда, 12-ден астам камера мен жетілдірілген сенсор «Vision Pro»-ны пайдаланушының егжей-тегжейлі сандық аватарын жасайды, оны көптеген қосымшада қолдануға мүмкіндік береді.
«Vision Pro» қауіпсіздігі үшін «Optic» ID технологиясы қолданылады. Гарнитура құрылғының иесін көздің торлы қабығын сканерлеу арқылы таниды. Барлық биометрикалық ақпарат шифрланған және құпиялылықты қорғауды қамтамасыз ету үшін барлық ақпарат құрылғының өзінде қалады.
2024 жылдың басында «Vision Pro» сатылымға шығады. Ол 3 499 долларға бағаланып отыр. Алайда осы уақытқа дейін «Apple» өзінің дүкендерінде демонстрациялық аймақтарды ашады. Онда адамдар гарнитураны сынап көріп, оның керемет мүмкіндіктерін бағалай алады.
Қысқасы, «Vision Pro» пайдаланушыларға бірегей әрі толығымен жекеше тәжірибе ұсына отырып, толықтырылған шындық аймағына революциялық өзгерістер енгізеді. Бұл гаджеттің көмегімен виртуалды әлемдегі адамның мүмкіндіктері шынымен шексіз бола түсетіні анық.
Дидар СЕРІКОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ студенті