• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әскер 12 Маусым, 2023

Әскер дайындығы – үздіксіз жүретін үрдіс

275 рет
көрсетілді

Еліміздің Қарулы Күштері құра­мында жауынгерлер саны мен ат­қа­ратын міндеттерінің ауқымы ж­а­ғынан ең ірі құрылым – Құрлық әс­керлері. Олардың әскери дайын­ды­ғы мен соңғы үлгідегі қару-жа­рақ­пен қамтамасыз етілуі – армия­мыздың күш-қуатын айқындайтын негізгі факторлардың бірі. Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Талғат Қойбақов аталған құрылымның басты мақ­сат-міндеттері мен дайындығы жай­лы кеңінен айтып берді.

– Талғат Мамыртайұлы, әлемде жедел өзгеріске түсіп жатқан геосая­си ахуал әскери күш-қуатымызды жаңаша бекемдеп, заман қатерлеріне сай қайта жасақтауды талап етіп отыр. Осы орайда Қарулы Күштеріміздің негізгі жауынгерлік құрылымы – Құрлық әскерлеріне қандай мақсат-міндеттер жүктеліп отыр?

– Өзіңіз айтқандай, Құрлық әскерлері адам саны жағынан да, атқаратын опе­рациялары мен жауынгерлік іс-қи­мылдарды жүргізу ауқымы жағынан да ең үлкен құрылым. Қарулы Күштер­дің бұл түрінің негізгі міндеттері – елі­міздің аумақтық тұтастығы мен еге­мендігін қорғау, мемлекеттік және әс­кери объектілерді күзету, құрлықтағы мем­лекеттік шекараны қорғау, сондай-ақ бітімгершілік міндеттерді орындау. Бұдан бөлек, Құрлық әскерлері төтен­ше жағдайлардың салдарын жою­ға, мемлекеттік шекараны қорғауды күшейтуге, терроризмге қарсы операция­ларға қатысуға жұмылдырылуы мүмкін.

Құрлық әскерлерінің құрамына «Оң­түстік», «Шығыс», «Батыс» және «Астана» өңірлік қолбасшылықтары кіреді. Әрқайсысы өз аймағындағы қауіп­сіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге жауапты және кез келген жаудың бетін қайтаруға әр кез дайын. Бұдан өзге тікелей бағыныстағы әскери бөлімдер мен екі әскери оқу орны да бар. Олар – армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институты және Шоқан Уәлиханов атын­дағы әскери колледж.

Жаңа заман талаптарына сай бүгінде Құрлық әскерлері негізгі өзгерістер мен қайта құрулардан өтіп, құрылымы мен іс-қимылы қалыптасқан оңтайлы күшке айналды.

– Сіз екі оқу орнымыз бар дедіңіз. Осындай үлкен құрылымға әскери кадрлар сол жерде дайындала ма?

– Офицерлер Ұлттық қорғаныс уни­верситетінде, Алматы қаласындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында, сондай-ақ шетелдік әскери оқу орындарында дайындалады. Кәсіби сержанттар Ақмола облысының Щучинск қаласындағы әскери колледжде оқиды. Гвардейск гарнизонының оқу-жаттығу орталығында кіші мамандар даярланады.

Армия генералы Сағадат Нұрма­ғам­бетов атындағы Құрлық әскерлері әске­ри институтының заман талабына сай оқу-материалдық базасы қалыптас­­қан. Осы уақытқа дейін бұл жоғары оқу орнында 14 мыңнан аса офицер білім алды, олардың 81-і «генерал» жоғары офицерлік атағына қол жеткізгенін айта кету керек.

Құрлық әскерлеріне қарайтын әс­кери институт пен әскери колледжде бі­лім алып жатқан болашақ офицерлер мен сержанттардың оқу үдерісін ұйымдастыру маңызды мәселе. Бұл ба­ғытта жауынгерлік даярлық саласын­да жаңа тәсілдерді әзірлеу бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Мәселен, Құрлық әскерлерінің әскери институтында «Көшбасшылық және конфликтология негіздері» атты жаңа оқу пәні енгізілді. Сонымен бірге ұйым­дастырушылық-штаттық іс-шаралардың қорытындысы бойынша курсанттарды ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану негіздеріне оқыту үшін тактикалық ұшқышсыз ұшу аппараттары есептобы қосылды.

Ал Шоқан Уәлиханов атындағы әс­кери колледж 1996 жылдан бері елі­міз­дің Қарулы Күштері мен басқа да күш­тік құрылымдарында сәтті қыз­мет атқа­рып жүрген үш мыңнан аса кәсіби сер­жант­ты дайындап шығарды. Әскери колледж­дің жаңа заманға сай оқу ғимараттары мен жоғары санатты оқытушылар құрамы жұмыс істейді. Дипломнан бөлек кадеттер үшінші сыныпты БМП механик-жүргізушісі және «В», «С» санатын­дағы автокөлік жүргізушісі куәлігін алады.

– Сіз жоғарыда Құрлық әскерлері өзгерістер мен қайта құрулардан өтті дедіңіз. Сол жайында тарқатып айтып берсеңіз?

– Ел Президенті – Қарулы Күштер­дің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәй­кес қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерді ескере отырып, жауынгерлік даярлық бағдарламасына өзгерістер енгізіліп келеді. Әскери да­йындықтың озық әлемдік тәжірибесі, жа­уынгерлік іс-қимылдың ең тиімді әдіс-тәсілдері зерделеніп жатыр. Бөлімшелер қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа үлгілерімен жарақтандырылып, әскери инфрақұрылым даму үстінде.

Қазіргі уақытта Құрлық әскерлерін да­мытудың негізгі бағыттары жүзеге асып келеді. Атап айтқанда, ұйымдық-штат­тық құрылымды жетілдіріп, олар­дың техникалық жай-күйі және қа­ру­мен жарақтандырылуы жоғары дең­гейде жүргізіліп жатыр. Әскери қыз­метшілердің жауынгерлік білім деңгейін, құрамалардың, әскери бөлімдер мен бө­лім­шелердің өзара үйлесімді әрекет етуін арттыру – маңызды талап. Офицерлік және сержанттық кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру және жеке құраммен, әсіресе келісімшарт негізіндегі әскери қызметшілермен жасақталудың сапалық көрсеткіштерін арттыру жұмыстары өз нәтижесін беріп келеді.

Айта кету керек, Құрлық әскерлерін өзі­не артылған міндеттер бойынша даяр­лықтан өткізу Әскери доктрина ере­желері негізінде жүзеге асырыла­ты­нын ескерген жөн. Мұнда басқару орган­да­рының, бірлестіктердің, құрамалар мен әскери бөлімдердің кез келген жағдайдағы ықтимал агрессияға қарсы тойтарыс беруге, басқа да міндеттерді шешуге бағытталған іс-шаралар жүйесі түзілген. Жалпы, қауіп-қатер мен олар­ға қарсы әдістерінің өзгеруіне байла­нысты жеке құрамды оқыту мен жауын­гер­лік даярлық әдістемесі де үнемі түзе­тіліп отырады. Қару-жарақ паркі жа­ңар­тылып, жыл сайын өтетін оқу-жат­тығулардың сапасы мен саны да ар­тып келеді. Өйткені бізге жүктелген міндеттерді сауатты және білікті әскери қызметшілерсіз орындау мүмкін емес.

Сонымен қатар Құрлық әскерлері әскери институтының оқу-жаттығу орталығында взвод командирлері үшін «Тактик» біліктілігін арттыру курстары өткізіліп тұрады. Ол жерде жас офицерлерге жаңа біліктілік деңгейін меңгеру мүмкіндігі ұсынылады.

– Құрлық әскерлері заманауи қару-жарақтармен, әскери техникамен қан­шалықты қамтамасыз етілген?

 – Бүгінде Құрлық әскерлері қару-жарақ пен әскери техниканың, жоғары дәлдіктегі қарудың, байланыс, барлау және автоматтандырылған басқару жүйе­лерінің заманауи үлгілерімен жаб­дықталған. Бірақ бұл үздіксіз жүр­гізі­ліп отыратын үрдіс. Әлемнің әр же­рінде тұтанған қарулы қақтығыстар әр­дайым әскери мамандардың назарында. Тәжірибе жүзінде өзінің тиімділігін көрсеткен дәлдігі жоғары жүйелер мен қару-жарақтардың әлеуеті ескеріле оты­рып, соңғы үлгідегі техникамен жа­рақ­тандыру жұмыстары жоспарлы тәр­тіппен жүзеге асырыла бермек.

Дегенмен қарумен жабдықтау бар да, оны іс жүзінде қолдана білу бар. Сон­дықтан біз жауынгерлеріміздің қару­ды шынайы жағдайда қолдану қабілетін арттыру мақсатында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп тұрамыз. Қазір қысқы оқу кезеңі аяқталды. Жыл мезгілдері бойынша әрбір кезеңнің өз ерекшелігі бар. Біз қысқы оқу кезеңінде «Батыл тойтарыс» стратегиялық оқу-жатты­ғуын өткіздік. Онда Құрлық әскер­лері басқа ведомстволардың күштік құры­лымдарымен және жергілікті атқару­шы органдармен бірлескен іс-қимыл­дарды пысықтады. Жаттығудың негізгі мақ­саты – гибридті қауіп-қатер жағдайын­да әре­кет етуге, әртүрлі прокси-күштер­ге қар­сы тұруға дайындыққа арналды. Жат­тығуға 2 мыңнан аса әскери қызмет­ші жә­не 1500-ден аса қару-жарақ пен әске­ри техника, соның ішінде армиялық, әс­кери-көліктік, майдандық авиация ­жә­не ұшқышсыз ұшу аппараттары жұ­мыл­дырылды.

Бұдан өзге, қысқы оқу кезеңінде «Оң­түстік» өңірлік қолбасшылығы әскер­лерінің қолбасшысы, генерал-майор Мереке Көшекбаевтың басшылығымен «Мәтібұлақ» оқу полигонында «Көк­жал-2023» зерттеу оқу-жаттығуы өтті. Бір апта ішінде таулы жерлерде бата­льон­дық тактикалық іс-қимыл тобын да­йындау және жүргізу мәселелері пы­сық­талды. Оған «Оңтүстік» өңірлік қолбас­шылығының әскери бөлімдерінің бө­лімшелері, әуе қорғанысы күштерінің армиялық және әскери-көліктік авиация экипаждары қатысты.

Жоғарыда айтқанымдай, әскер да­йындығы – үздіксіз жүргізілетін үр­діс. Он немесе бес жыл бұрынғы дайын­ды­ғың бүгінгі қатерлердің алдында қау­қарсыз болып қалуы мүмкін. Сон­дықтан әскеріміздің күш-қуатын арт­тыру мақсатында оқу-жаттығулар өткі­зіп, ең тиімді заманауи қару-жарақ­пен қамтамасыз ету – ешқашан күн тәр­тібінен түспейтін міндет.

– Әңгімеңізге рахмет. Айбынды әскеріміздің әлеуеті арта берсін!

 

Әңгімелескен

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»