Абай облысындағы өрт кезінде орман шаруашылығының екі қызметкері көмірқышқыл газына уланып қалды. Сондай-ақ үш үй мен екі техникалық блок өртке оранды. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Әкімнің айтуынша, қазіргі таңда Бұлақ, Талица, Половинка ауылдары (463 адам) көшірілді.
Сондай-ақ аумақты көшіру үшін полицияның кезекші қызметкерлері ұйымдастырылған. Тұрғындар Семей эвакуациялау пункттері мен Бородулиха ауылында орналасқан.
«Өрт сөндіруге қатысқан адамдар мен эвакуацияланған азаматтарға азық-түлік жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта үш үй мен екі техникалық блок өртке оранды, екі орман шаруашылығы қызметкері көмірқышқыл газына уланып қалды. Тракторшы Қанафин Д.К. палатаға жіберілді, Бақанасов С.М. үйіне жіберілді», деді Н.Ұранхаев Үкімет отырысында.