Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Абай облысындағы өртке қатысты тергеу амалдары қарқын алғанын хабарлады. Қазіргі уақытта құзырлы органдар үш нұсқаны қарастырып жатыр, деп жазады Egemen.kz.
БАҚ өкілдеріне сұхбат берген министр өрттің болжамды себептерін атады.
«Тергеу жүріп жатыр, әзірге үш нұсқа бар. Іс арнайы прокурорлардың өндірісіне қабылданды. Бұл топта ІІМ қызметкерлері де бар. Құзырлы органдар қасақана өртеу, немқұрайдылық және найзағай жарқылына қатысты үш нұсқаны қарастырып жатыр. Сараптамалар мен іздестіру іс-шаралары жалғасады. Тергеуге екі ай уақыт берілді», деді Марат Ахметжанов Үкімет алаңында.
Осы тұста ведомство басшысы экс-министр Юрий Ильинге қатысты тексеру жүргізілетінін қоса айтты.
«Президент Бас прокурорға тапсырма берді, оның шеңберінде ауқымды тексеру жүргізіледі. Өкінішке қарай, төтенше жағдай кезінде адамдар көз жұмды, сондықтан барлығы қылмыстық іс аясында тексеріледі», деп түсіндірді Ішкі істер министрі.