Қазақстанда ең көп өзгертулер енгізілген сала - білім саласы. Десе де осы уақытқа дейін енгізілген реформаның бірі де оң нәтиже берген жоқ. Бұның себебін Түркістан облысының жоғары санатты шебер-педагогы Нұрғали Махан «Egemen Qazaqstan» газетіне жариялаған Білім «реформалары» хақында мақаласында түсіндіріп берді.
Автордың жазуынша, соңғы білім реформасы - «Жаңартылған оқу бағдарламасы» бойынша оқу жоспары «ұзақмерзімді жоспар» және «қысқамерзімді жоспар» болып екіге бөлінеді.
Министрлік бекіткен оқу стандартына сай, ұзақмерзімді оқу жоспарын сағат санына ыңғайлап, мұғалімнің өзі құрып алады. Ал мұғалімнің қысқамерзімді оқу жоспары педагогика ғылымы тарихында бұрын-соңды болмаған дүние екен. Бұл – белгілі формада өзіндік формуламен жазылатын оқу жоспары. Әуелі сабақтың мақсаты, одан әрі оқу мақсаты, белсенді оқыту әдістері, саралау әдістері мен критериалды бағалау түрлері және сабақтың ықпалды қорытындылары белгіленеді.
Қысқасы, қандай қимыл жасап, не істедіңіз бәрін-бәрін хаттап жазып отыруға міндеттісіз. Әрі бұнын барлығы өз кезегімен болуы тиіс. Осындай жағдайда жазылып, компьютерге басылған қысқамерзімді жоспар 3-4 парақ жазуға айналады. Осы тұста әр сыныптың деңгейі әртүрлі екендігін де ескерген жөн. Сондықтан мұғалім әр сыныпқа жеке-жеке қысқамерзімді жоспар жазуы қажет.
«Зер салып, мұқият қарасақ, 16 сағаты бар мұғалім күніне 3-4 сағат сабақ беріп, әр сабаққа 3-4 парақ қысқамерзімді жоспар жазса, ол орта есеппен күніне 10 парақ, аптасына 50 парақ, айына 200 парақ, бір оқу жылына 1 600 парақ жазу жазады екен. 1 600 А4 парағын екіге бүктесек 3 200 бет шығады. 3 200 бетті 300 беттен кітап етіп түптесек, бір мұғалім бір жылда орта есеппен 300 бетті 10 том кітап жазады екен. Бұған әр оқушыдан алатын бөлімді жинақтық бағалау мен тоқсандық жиынтық бағалауды қосыңыз. Мұның бәріне кететін қағаз бен оны компьютерден шығаруға жұмсалатын шығындарды мұғалім өз қалтасынан төлейтінін ұмытпау керек», дейді мақала авторы.
Нұрғали Маханның пікірінше, қазіргі таңда мұғалімдердің білім жетілдіру курстары ұстаздарға тек қысқамерзімді жоспар, ұзақмерзімді жоспар, бөлімді жиынтық бағалау, тоқсандық жиынтық бағалау жазуды ғана үйретеді. Жалпы, қысқамерзімді жоспарды жазуға 1 сағаттай уақыт кетеді екен. Мұғалім бұл іске күніне 3-4 сағат сағат жұмсайды. Маман осы жерде мұғалімдердің кітап оқымайтындығын айтып ренжу орынсыз екендігін тілге тиек етті.
«Қысқамерзімді жоспар жазу мұғалімдерді жүйке ауруына шалдықтыруы әбден мүмкін. Қысқамерзімді жоспар – методикалық нұсқау. Ал методика ғылым емес, ол – әдіс! Қандай әдіс қолданса да, мұғалім оқу стандартына сәйкес тақырыбын шәкірттеріне меңгертуі маңызды. Тек қысқамерзімді жоспар жазып қана оқушыға сабақ тақырыбын меңгерт деп талап қою – мұғалімнің кәсіби һәм адами құқығын аяққа таптау!», дейді педагог.