Еуропаның оңтүстік-шығысында Косово деген шағын ғана ел бар. Аталған мемлекеттің негізін албандар (90%) құрайды. Одан бөлек, ол жерде сербтер, сығандар, босниялықтар, косоволық түріктер, тағы басқа ұлттар мен ұлыстар қоныстанған. Косово 2008 жылы Сербиядан бөлініп шығып, өз тәуелсіздігін жариялады. Оларды АҚШ, Ұлыбритания, Түркия, Франция, Германия, Италия сынды алпауыттар бастаған 90-ға жуық мемлекет қолдаса, 73 мемлекет мойындаудан түбегейлі бас тартты.
Косовоның небәрі 2 миллионға жете-жетпес тұрғыны бар. Жер көлемі бар-жоғы 10 887 шаршы шақырымды құрайды. Соған қарамастан, бұл елдің спортшылары өте мықты. Әсіресе, дзюдошы қыздарының табысы толағай. Айналдырған 15 жыл аралығында аталған мемлекеттен Олимпия ойындарының үш жеңімпазы шықты. Олардың барлығы да татамидің хас шеберлері. Әрине, бұл нәтижеге таңданбау мүмкін емес.
Әңгімемізді Майлинда Келмендиден бастағанымыз жөн. 1991 жылдың 9 мамырында Печ қаласында дүниеге келген балуанның пешенесіне өз елі тарихындағы тұңғыш әлем және Олимпиада чемпионы атану бақыты бұйырған екен. 52 кило салмақ дәрежесінде белдескен ол жастайынан талантымен дараланды. Алғашында Албанияның сапында өнер көрсетіп, байрақты бәсекелерде жүлде алып жүрген кезінде Келмендиге: «Біздің елдің намысын қорғасаң, үлде мен бүлдеге ораймыз», деген сыңайда көптеген ұсыныс түсті. Бірақ ол бас тартты. Жиі-жиі мазалаған түрлі федерацияның басшылары мен бапкерлеріне Майлинда: «Ертеңгі күні Косово тәуелсіздігін алады. Сол кезде мен өз елімнің гимнін шырқатып, туын көкте желбіреткім келеді. Менің мақсатым да, арманым да сол», деп жауап қайтарды.
Өзінің спорттық карьерасында Майлинда Еуропа чемпионатын үш рет ұтып, бір рет қола медаль алды. 2013 жылы Рио-де-Жанейрода, 2014 жылы Челябіде ұйымдастырылған әлем чемпионаттарында қарсылас шақ келтірмеді. 2019 жылы Токиода үшінші сатыға табан тіреді. 2016 жылы Рио Олимпиадасында алтыннан алқа тақты. 2019 жылы Минскіде Еуропа ойындарының жеңімпазы атанды. Келменди өз салмақ дәрежесінде ұзақ уақыт бойы әлемдік рейтингте жеке-дара көш бастап тұрды.
2021 жылы Токиода алауы тұтанған Олимпия ойындарында Косованың екі дзюдошысы алтын тұғырдан қол бұлғады. Әуелі 48 кило салмақта бақ сынаған Дистрия Красничи алдына жан салмады. 27 жастағы балуанның одан бөлек, әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Еуропа чемпионы және сол жарыстың үш дүркін жүлдегері деген атағы бар. Көп кешікпей 57 кило салмақтағы Нора Гякова бас жүлдені олжалады. 30 жастағы татами шебері әлем мен құрлық біріншіліктерінде және Еуропа ойындарында бірнеше мәрте жүлдегерлер санатынан көрінді. Еуропа чемпионатында алтын медальді мойнында жарқыратты.
Күн өткен сайын әлемдік рейтингте косоволықтардың қатары көбейіп келеді. Мәселен, 52 кило салмақта Дистрия Красничидің алдына ешкім түсе алар емес. 57 кило салмақта күресіп жүрген Нора Гякова жетінші орынды иеленуде. 63 килолық Лора Фазлиу сегізінші сатыға жайғасты. Олардың ізін басып Лоха Флака (57 кило) мен Лориана Кука (78 кило) бастаған бір шоғыр дарынды жас өсіп келеді.
Кезінде тек Майлинда Келмендиге ғана емес, Дистрия Красничи мен Нора Гяковаға да жоғарыдағыдай ұсыныс түскен. Әрине, өз өрендерін жастайынан жақсылап тәрбиелеп, дұрыстап баптап, аса ірі халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғайтындай деңгейге жеткізу оңай шаруа емес. Сол себепті де көптеген маман жеңіл жолмен жүргенді жөн көреді. Оларға күн демей, түн демей еңбектеніп, жаттығу залында шелектеп тер төгіп, жүйкелерін жұқартқаннан гөрі, дайын спортшыны қатарға қоса салу әлдеқайда тиімді. Бірақ Майлинда да, Дистрия да, Нора да ақшаға қызығып, Отанын тастап кеткен жоқ. Олар өз елінің мүддесі мен халқының қалауын бәрінен жоғары қойды. Міне, соның арқасында бүгінгі таңда дзюдодан Косовоның әйелдер құрамасы әлемдегі ең үздік командалар санатына еркін қосылып отыр.