Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген 53 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл – «Amanat» партиясының өңірлік филиалы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының тікелей араласуымен қол жеткізілген нәтиже.
«Amanat» партиясының жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясы 2022 жылдың 29 маусымынан бері жұмыс істеп келе жатыр. Комиссияның негізгі мақсаты – пайдаланылмай жатқан жерді қайтарып, халыққа қолжетімді ету болатын. Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп заңнамаға сәйкес пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген жерді мемлекеттік меншікке қайтару бойынша шараларды қабылдауы қажет.
– Сол уақыттан бері Батыс Қазақстан облысында да комиссия жұмысы белсенді жүргізілді. 2022 жылы 167 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылса, биылғы төрт ай ішінде 53 мың гектар жерді қайтарып отырмыз. Бүгінде жайылымдарды ауыл тұрғындарына беру мақсатында жер-кадастрлық құжаттаманы рәсімдеу жұмысы жүргізіліп жатыр, – дейді партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев.
Айта кетер жәйт, партия өзінің сайлауалды бағдарламасында, жол картасында көрсетілген межелі жоспарды облыс көлемінде толығымен орындап отыр. Бірақ өңірдің әр ауданын талдап қарасақ, көрсеткіш біркелкі емес. Мысалы, биыл 4 ай ішінде «Жер аманаты» комиссиясының бір де бір отырысын өткізбеген аудандар бар екен. Әрине, мұндай жерде шаруа қожалықтарымен, жер иелерімен түсіндіру жұмысы өз деңгейінде жүрмегендіктен, нәтиже де шамалы болатыны түсінікті.
«Жоспарды Бөкейорда, Тасқала аудандарының арқасында ғана орындап отырмыз. «Жер аманаты» – қоғамдық негізде құрылған комиссия болғанымен, бұл өте маңызды мәселе. Өйткені Мемлекет басшысының тапсырмасы, партия басшылығының нақты жоспары бар. Заңсыз бөлінген немесе пайдаланылмай жатқан жер мен жайылымды мемлекет меншігіне қайтару – партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасындағы басым бағыттың бірі», дейді Азамат Сафималиев.
Батыс Қазақстан облысы негізінен ауыл шаруашылығы аймағы саналады. Өңірде аграрлық секторды дамытудың әлеуеті зор. Халықтың 43,8%-ы ауылдық жерде тұрады. Сондықтан «Amanat» партиясы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған шаруаларға жағдай жасауды, соның ішінде жайылым тапшылығы мәселесін шешуді әрдайым алға қойып келеді.
Орал қалалық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Нұрлан Рахымжанов қала маңындағы Серебряково және Круглоозерное ауылдарының айналасындағы жайылым жердің бір бөлігі ерікті түрде мемлекет меншігіне қайтарылғанын және жергілікті тұрғындарға тегін пайдалануға берілгенін айтады. Биыл қала маңындағы 5000 гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған.
– Қазіргі таңда Орал қалалық жер қатынастары бөлімі және облыстық жер инспекциясы нақты жұмыспен айналысып жатыр. Алдағы шілде айында көшпелі отырыс жоспарланған. Деркөл кенті тұрғындарымен кездесіп, халықтың аманатын тындаймыз. Ал жоғарыда айтылған 5 мың га жерді Ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы мемлекет меншігіне қайтаруға қарсы емес, – дейді Нұрлан Рахымжанов.
Жер кодексіне және Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 3 шілдедегі №252 бұйрығымен бекітілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мониторингін ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларына сәйкес бөлім тарапынан мониторинг жүргізілген болатын. Осы тұста қалалық ветеринарлық стансадан шаруа қожалықтарының ауыл шаруашылығы малдары тіркелгендігі жөнінде ақпарат сұратылған. Осы тексеріс кезінде «Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы» мекемесінде барлығы 5 069 га жайылым жері болғанымен, ол жерде мал басы тіркелмегендігі анықталды. Осы жер учаскесіне тексеру амалдарын жүргізу үшін жер ресурстарын басқару департаментіне хат жолданған.
Орал қаласына қарасты Круглоозерное кенті аумағында да жайылымдық алқап жетіспейді. Осыны ескерген Орал қаласы әкімдігі Серебряков ауылының маңындағы «Адия Агро» және «Аграрлық қызметі» ЖШС-ның жер пайдалануындағы барлығы 468,5 га құрайтын 4 жер учаскесін мемлекет мұқтажына қайтару жұмысын жүргізді.
2022 жылы «Нұр» шаруа қожалығының басшысы Б.Тұрсыновқа шаруақожалығын жүргізу үшін берілген барлығы 43,9 га жайылым жер телімі де жалдау шарты аяқталуына байланысты мемлекет меншігіне қайтарылды.
2020 жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша 3 конкурс өткізіліп, шаруа қожалығын жүргізу үшін жалпы ауданы 1 655 га жер кәсіпкерлерге берілген екен. 2021 жылы тағы 215 га жерге 2 конкурс өткізіліп, 10 жыл мерзімге жерді пайдалану шарттары жасалды. Кейін конкурс арқылы берілген жер учаскелеріне мониторинг жүргізілген кезде, олардың кейбірі алған жерін мақсатқа сай пайдаланбай отырғаны анықталған. Мысалы, жалпы көлемі 852 га құрайтын «Ақсуат» шаруа қожалығының басшысы О.Алмағамбетовке, 161 га жер алған «Ақниет» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Б.Кусаеваға берілген жер учаскелері мақсатына сай пайдаланғанын анықтап, тексеру амалдарын жүргізу үшін жер ресурстарын басқару департаментіне хат жолданған.
Орал қаласы маңындағы пайдаланылмай немесе нысаналы мақсатында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жер учаскелеріне 2019 жылдан бастап тексеріс жүргізіле бастағанын айтқан едік. Сол уақыт ішінде мораторийге дейін 10 шаруа қожалығының 1 560 га жеріне тексеріс жүргізіліп, пайдаланылмаған 563 га жер учаскелері анықталған екен.
«Тексеріс нәтижесі бойынша нұсқамада көрсетілген 103 га жер учаскесі мемлекеттік қорға қайтарылды. Одан бөлек, 7 шаруа қожалығына тиесілі пайдаланылмаған 894 га жер учаскелері түсіндіру және жалға алу мерзімдері аяқталуына байланысты мемлекеттік қорға өтті. Орал қаласы бойынша жалпы ауыл шаруашылығы мақсатындағы қайтарылған жер көлемі 997 га болды», дейді Азамат Сафималиев.
Осы жиынға партияның Жаңақала аудандық филиалы төрағасы Талғат Жанболатов пен Ақжайық аудандық филиалы төрағасы Артур Ермұханов та қатысқан болатын. Олар өз өңіріндегі ахуалға сараптама жасап, ауданда атқарылған жұмыстар жөнінде айтып өтті.
«Ақжайық ауданының жалпы жер көлемі 2 571, 6 мың га болса, оның 91%-ы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер. Қазіргі таңда бұл жердің 2021,5 мың гектары, яғни 86,3%-ы қолданыста. Ал 352,6 мың га босалқы жер негізінен Жайық өзенінің сол жағалауында орналасқан, шаруашылыққа қолайсыз, суы тапшы жерлер», дейді Артур Ермұханов.
Дегенмен ауданда жерді тиімді пайдалану, нағыз еңбек адамының қолына беру жөнінде жүйелі жұмыс жасалған. 2019 жылы 10 байқау, 2020 жылы – 11, 2021 жылы – 12, 2022 жылы 5 байқау ұйымдастырылып, жалпы көлемі 201,3 мың га жер учаскесі табысталған. «Ал биыл 41 729 га көлемді құрайтын 47 жер учаскесі конкурсқа дайындалып жатыр», деді Артур Орынғалиұлы.
Дәл осындай жұмыстар Жаңақала ауданында да жүріп жатыр. Ауданның жалпы жер көлемі – 2 076 073 га, оның ішінде жайылымдық жерлер – 1 768 288 га, суармалы жерлер – 48 350 га. Соның ішінде 520 092 га жер Ресей Федерациясына әскери полигон ретінде жалға берілген. Бұған «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватына берілген 214 373 га жерді де қосу керек. Ал ауданда тіркелген 511 шаруа қожалығы мен 42 жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Кейінгі жылдары жергілікті тұрғындардың төрт түлік мал басы саны өсіп, жайылымдық жердің тапшылығын көріп жатқанын айтқан Талғат Жанболатов 2022 жылы 6 ауылдық округтің 10 елді мекені маңындағы 35 267 га жер учаскесі елді мекен жеріне енгізілгенін хабарлады. Халықтың жайылымдық алқапқа мұқтаждығын қанағаттандыру үшін 12 364 га жер учаскесі резервке қалдырылып, мемлекет мұқтажы үшін 500 га жер учаскесі мәжбүрлі түрде алынған екен.
Бұдан бөлек 2022 жылы Жаңақала аудандық мәслихатының депутаты Р.Оразалиевтің бастамасымен құрамына прокуратура, жергілікті атқарушы органдар, аудандық мәслихат депутаттары мен қоғамдық ұйымдар өкілдері кіретін арнайы жұмыс тобы құрылып, барлық ауылдық округтерді аралап, шаруа қожалықтары және жеке тұрғындармен кездескен болатын. Осы шараның нәтижесінде 11 шаруа қожалығы өздері пайдаланбай отырған 20 600,7 гектардан аса жайылымдық жерді өз еркімен берсе, тағы 5 шаруа қожалығы 6 657 га жер учаскесін сот тәртібімен мемлекет меншігіне қайтарған.
Бұған дейін республикалық «Жер аманаты» комиссиясының бастамасымен әрбір ауылдық елді мекендегі жайылым тапшылығы мен мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелерінің тізбесі көрсетілген jerkarta.gharysh.kz интерактивті картасы әзірленген болатын.
Жалпы, былтыр «Жер аманаты» комиссиясының тікелей араласуымен Қазақстан аумағында пайдаланылмай жатқан 5 млн гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылған.
Батыс Қазақстан облысы